Табиғат мүмкіндігін тиімді пайдалансақ игі

Табиғат мүмкіндігін тиімді пайдалансақ игі
ашық дереккөз
Табиғат мүмкіндігін тиімді пайдалансақ игі
Мемлекет басшысы Жолдауда көтерген тақырыптар мен мәселелер өзекті және барлық қазақстандықтарға, оның ішінде ғалымдарға қатысты. Өйткені, елдің ғылымы маңызды реформалар мен өзгерістерді бастан кешуде. Президенттің Қазақстан халқына жаңа Жолдауында мемлекет пен қоғам өмірінің барлық бағыттары бойынша сын-қатерлер мен басымдықтар нақты көрсетілді. Президент «жасыл» қаржы, «жасыл» облигация, «жасыл» инвестиция мәселелерін көтеріп, қазақстандық қаржы нарығын дамыту бойынша бірқатар міндеттер қойды. «Жасыл» экономика мен «жасыл» қаржыландыруға көшу арқылы жаңа қаржы жүйесін дамыту, «жасыл» жобаларды қаржыландыру қоғамның өмір сүру сапасын арттыруға ықпал ететіні және табиғи ресурстар мен қоршаған ортаны сақтауға бағытталатыны сөзсіз. Бүгінгі таңда біздің облысымыз «Жасыл» экономика бағдарламасын жүзеге асыруға қолайлы аймақ қатарына жатқызылып отыр. Оған облысымызда күн, су және желден қуат алатын баламалы энергия көздерінің қанатқақты жобаларының іске асырылуы дәлел. Облысымыздың Қордай ауданында бұған дейін «Виста-Интернешнл» ЖШС-ның қуаттылығы 21 мегаватты құрайтын, құны 6 миллиард 362 миллион теңгенің жобасы іске қосылса, енді «Ветро Инвест» ЖШС қуаттылығы 53,75 мегаваттық, құны 12 миллиард 8 миллион теңгенің жобасын қолға алды. Бұл жоба Индустрияландыру картасы және «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттің қолдауымен жүзеге асырылуда. Бүгінде мұнда Германияда жасалған 40 энергетикалық қондырғы орнатылған. Бұл қондырғылармен жылына 50 миллион киловатт сағатқа дейін электр қуатын өндіруге болады. Оның әрқайсысының салмағы 180 тонна болса, биіктігі 60 метрді құрайды. Салыстырмалы түрде айтқанда, ол 150 мыңға жуық халқы бар Қордай ауданын электр қуатымен толық қамтамасыз ете алады. Сондай-ақ, осы өңірде алғаш пайдалануға берілген «Отар» күн электр стансасының да облысымызда алар орны ерекше. Құрылысының құны 200 миллион теңгені құраған күн электр стансасының қуаттылығы 504 киловатт болды. Жалпы, бүгінде «Отар» күн электр стансасының белгіленген қуаттылығы 7 мегаватт. Бұл жоба «ҚазЭкоВатт» ЖШС жекеменшік инвестиция қаржысы есебінен бой көтерді. Сонымен қатар, ол ортақ электр желілеріне қосылған және Қазақстанның біртұтас энергетикалық жүйесіне электр қуатын бере алады. Ал, Жуалы ауданындағы «Burnoe Solar-1» және «Burnoe Solar-2» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің күн электр стансасы Орталық Азиядағы ең ірі нысан болып табылады. Сарапшылардың зерттеулері дархан даламыздың басым бөлігінде желдің жылдамдығы секундына 6 метрден асатынын дәлелдеді. Ал, күн энергиясын өндіру мүмкіндігі жылына сағатына 2,5 миллиард киловатт деп белгіленген. Әсіресе, елдің оңтүстігі күннің қызуынан қуат өндіруге таптырмас өңір болып бағаланып отыр. Жалпы, елімізде бүгінгі таңда барлығы 2525 мегаватт қуатты құрайтын 132 жанартылатын энергия нысаны жұмыс істеуде. Ал өңірде жалпы қуаты 451,3 мегаватты құрайтын 21 нысан жұмыс істеп тұр. Атап айтсақ, жиынтық қуаты 24,4 мегаваттық 6 су, 175,65 мегаваттық 9 жел, 251,25 мегаваттық 6 күн электр стансалары бар. Бұл жағынан облысымыз республикада жаңартылатын энергия көздерін өндіріп, пайдалану тұрғысынан алдыңғы орында. Соңғы жылдары өңірде іске қосылған ірі жобалардың бірі, жалпы құны 49 миллиард теңгені құрайтын, қуатылығы 100 мегаваттық «Жаңатас жел электр» стансасы. Бүгінде онда жұмыс істеп жатқан Қытай мемлекетінің компаниясы оның қуатын тағы да бірнеше есеге арттыруға ниетті. Тіпті, күн электр стансасын да, оған қажетті құрал-жабдық жасап шығаратын зауыт та саламыз деп құлшынып отыр. Сонымен бірге былтыр Жамбыл ауданында жалпы қуаты 50 мегаватты құрайтын «AEC ASA» күн электр стансасы іске қосылды. Жалпы, өткен жылы жаңартылатын энергия көздері бойынша жыл қорытындысымен 4 жоба іске асырылған болса, соның біреуі осы күн электр стансасы. Бұл күн электр стансасының өзге стансалардан артықшылығы қозғалмалылығында. Ондағы панелдер күн сәулесінен көп энергия жинап қана қоймай, күн көзінің бағытына қарай қозғалып, сәулені көбірек тартуға тырысады. Ал, Талас ауданында әрқайсысы 4,5 мегаватты құрайтын 3 жел электр стансасы іске қосылды. Олардың жалпы жиынтығы 13,5 мегаватты құрайды. Аудандағы аталған үш жоба да Қызыләуіт ауылдық округінде бұдан бұрын салынған екі жел стансасы қасынан бой көтерген. Алдағы уақытта ондағы жұмыс істеп жатқан «Шенгелді-2» ЖШС қондырғылар санын арттырып, оны 30 мегаватқа дейін жеткізуді көздеп отыр. Сондай-ақ, бүгінде Шу ауданы да мүмкіндіктерінің қолайлылығымен еліміздің энергетика саласына үлес қоса бастады. Онда қуаты 9,2 мегаватты құрайтын «Тасөткел» су электр стансасы іске қосылған-ды. Жобаның инвесторы – «A&Т-Энерго» серіктестігі. Бұл гидро электр стансасы жылына сағатына 45,6 миллион киловатт электр қуатын өндіруге қауқарлы. Рысқұлов ауданының Қарақыстақ ауылындағы «Қарақыстақ» су электр стансасының да облысымыз үшін маңызы зор. Қуаты 2,3 мегаватты құрайтын су электр стансасы жобасының инвесторы – «ЭнергоСтройПроект» ЖШС. Бұл су электр стансасында 12 адам жұмыс атқарады. Алда станса толық қуатына көшкен жағдайда ауданның 25 пайызын электр қуатымен қамтуға қауқарлы. Ал, Меркі ауданындағы «Меркі-3» шағын су электрстансасы тау өзенінің жоғарғы жағында орналасқан. Жергілікті жұрт «Меркенка» деп атап кеткен тау өзенінің суын қорек қылатын Меркі СЭС-інің қуаттылығы 1,5 мегаватты құрайды. Алдағы жылдары облыста тағы да 4 ірі жобаны іске асыру жоспарлануда. Олардың қатарында Мойынқұм ауданында жалпы қуаты 1 гигаватты құрайтын жел электр стансасы бар. Оны шетелдік «Total Eren» ЖШС жүзеге асырғалы отыр. Қазіргі таңда бұл жоба аясында инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Сонымен қатар, Жуалы ауданында «Masdar» (БАӘ) компаниясы жалпы қуаты 1 гигаватты жел электр стансасын салмақ. Ал, Қытайлық «China Power International Holding Limited» компаниясы қуаты 1 гигаватты жел электр және 400 мегаваттық күн стансаларын Т.Рысқұлов пен Талас ауданында іске асыру көзделуде. Осылайша жыл санап облысымызда жасыл экономика белдеуі қалыптасып, отандық табиғи өнім өндірушілердің қатарын арттыру көзделген.  

Серік НҰРАБАЕВ,

облыс бойынша Экология департаменті мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің бас маманы.

Ұқсас жаңалықтар