Отпен ойнама, ойлан

Отпен ойнама, ойлан
ашық дереккөз
Отпен ойнама, ойлан
Соңғы уақытта облыс аумағында шөпханадағы өрттер жиіледі. Тек биылғы 8 айдың ішінде облыс аумағында шөп өртенуі бойынша 86 жағдай тіркелген. Тілсіз жаудың салдарынан 1224 тонна мал азығы жанып кетті. Өрттен келтірілген шығын 8 миллион 956 мың теңгені құраған. Мұндай жағдайда сақтық шараларына тиянақты болуға шақырған облыстық төтенше жағдайлар департаменті өңірлік коммуникация қызметінде баспасөз конференциясын өткізді. Онда облыстық төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Мақсат Әкімбаев барлық мән-жайды хабарлады. – Облыста жыл басынан бергі сегіз айда 86 шөпхананың өртенуі өткен жылдың осы кезеңінде тіркелген 66 жағдаймен салыстырғанда 30 пайызға өскенін көрсетіп отыр. Шығын көлемі де 63 пайызға артқан. Өрттің шығу себептерін зерттегенде, 6 тұрғынның от жағуда абайсыздыққа жол бергені, 56 жағдайда өрт қауіпсіздік ережесі сақталмағаны, 7 оқиға қасақана өртеуден, 8-і электр сымының қысқа тұйықталуынан, 9 жағдай баланың отпен ойнауынан орын алғаны анықталды. 56 өрт оқиғасы бойынша әкімшілік іс қозғалып, нәтижесінде 30 ескерту беріліп, 17 айыппұл салынды. Бүгінгі күні облыс бойынша 4 дала өрті тіркеліп, жалыны 160 гектар аумақты шарпыды. Шүкір, шығыны жоқ. Сонымен қатар, 7 орман өрті болып, 1439,4 гектар көлемді алып, 1 миллион теңге шығын келтірді. Ауылдық округтерде жеке құрамы 2128 адамнан тұратын 165 ерікті өртке қарсы құрылымдар құрылған. Олар 508 трактор, 49 су тасушы техника және 88 өрт сөндіру мотопомпаларымен және 175 ранецті өрт сөндіргіштермен жабдықталды, – дейді Мақсат Әшірбайұлы. Сәуір айында облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою комиссиясының отырысында орман және дала өрттерін алдын алу мәселелері қаралып, Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне, тиісті мекеме басшыларына тапсырмалар берілген. Облыс әкімдігінің 2023 жылғы 1 ақпандағы №1 «Облыс аумағында өрттердің алдын алу және сөндіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» қаулысына сәйкес іс-шаралары бекітіліп, тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Облыс аумағында ғарыштық мониторинг жүргізуге биыл облыстық бюджеттен 8 миллион 830 теңге бөлініпті. Осы жылдың 1 мамырынан бастап күніне 3 рет облыстың мемлекеттік орман қоры «Қазавиаорманқорғау» авиатехникасымен ұшу арқылы әуеден күзету жұмыстары жүргізілуде. – «Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамының авиатехникасымен облыс аумағындағы өрт қауіпті учаскелерін ұшу арқылы өртке қарсы жағдайына мониторинг жүргізу үшін осы жылы облыстық бюджеттен 47 миллион 478 мың теңге (48 ұшу сағаты) бөлінді, ал орман қорының аумағын өрттен қорғау жұмыстарын жүргізуге 88 миллион теңге бөлінді. «Ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі» барлық мекемелерде 1 үлгідегі 15 орман өрт сөндіру станциясы құрылды. Олар 135 бірлік штатпен, 18 өрт сөндіру автомобильдерімен, 36 тракторлармен, 174 аспалы өрт сөндіргіштермен, 24 мотопомпалармен және 246 радиостанциялармен жабдықталған. «ӨСжАҚЖҚ» мекемесінде 157 түрлі арнайы техника бар. Яғни, жалпы қажетті материалдық- техникалық жабдықталу 77 пайыз қамтамасыз етілген. Оның ішінде 72 өрт сөндіру техникасы, 17 құтқару арнайы техника, 68 қосымша техника бар. Жетуі қиын таулы жерлерге жеке құрамды жеткізу үшін 10 (Урал – Вахтовка, Камаз – Вахтовка, Газель, КУНГ, УАЗ) өтімділігі жоғары техника және табиғи өрттерді сөндіру үшін 68 өтімділігі жоғары автоцистерналар, 139 ранецті өрт сөндіргіш, 1000 хлопушкалар және 7 «Турая», «Иридиум» спутниктік терминалдары дайындалды. Осы жылдың 27-28 сәуірінде облыс аумағындағы барлық 15 орман шаруашылығында шартты табиғи өртті сөндіру бойынша өрт тактикалық жаттығу өткізу жоспарланды. Ал, мамыр және маусым айларында Қырғыз Республикасымен трансшекаралық табиғи өртті жою бойынша арнайы тактикалық жаттығу өткізілді. Жергілікті атқарушы орган өкілдері, орман қорғау мекемелері, ішкі істер және азаматтық қорғау қызметкерлерімен құрамында 82 адамы бар 16 мобильді топ құрылып, орман алқаптарында 921 рейдтік іс-шаралар жүргізілді. Рейдтік іс-шаралар нәтижесінде орманды далалық алқаптарда өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзу деректері бойынша 439 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 275 тұлғаға жалпы соммасы 3 миллион 708 мың 750 теңге айыппұл салынды және 164 тұлға «ескерту» түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – дейді Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Мақсат Әкімбаев. Балалардың отпен ойнауынан тұтанып, шығатын өрттер де, өкінішке қарай, аз емес. Әрнені білуге құмар балалардың көбі отқа да қызығушылықпен қарап, орасан қауіп тудыратынын түсінбейді. Әсіресе, үйде ересектердің қарауынан тыс жалғыз қалған баланың сіріңке қорабымен ойнауға құмарлығы, тұрмыстық техниканың жұмысына қызығатыны бар. Соның салдарынан алапат жалын тұтанып, қайғылы жағдай орын алуы әбден мүмкін. Жыл басынан бері облысымызда осындай жайттан 2 бала өлімі орын алған. Өткен жылы мұндай қазалы жағдай тіркелмеген. Әсіресе, от жағатын қыс айларында барынша балаларға да, жылыту жүйелеріне де сақ болған абзал. Алдағы жылыту маусымына қауіпсіздік шараларын сақтануға дайындықты бастаған төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері арнайы комиссия отырысын өткізіп, біраз жұмысты пысықтады. Облыс бойынша әлеуметтік осал топтарға жататын 5 мың 219 отбасын есепке алды. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдарымен, «ҚазТрансГазАймақ» Жамбыл өңірлік филиалы акционерлік қоғамының өкілдерімен, жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп, 2052 осал топтағы азаматтардың тұрғын үйлерінде профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Нәтижесінде 474 үйде 1522 өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылғаны белгілі болып, 469 үйде анықталған бұзушылықтар профилактикалық жұмыстар барысында толық жойылды. Аз қамтылған отбасыларына электр жүйелері мен жылыту пештерін жөндеу, тұрғын үйлерде улы газды анықтайтын автономды датчиктерін орнату шараларына ерекше назар аударылып, тұрақты бақылауға алынды. Биыл осал топтағы азаматтардың тұрғын үйлерінде 359 датчиктері, оның ішінде 279 улы газ датчигі және 80 табиғи газ датчигі орнатылды. Тұрғындарды қауіпсіздік шараларын сақтап, от тұтануы мүмкін жағдайларға абай болуды ескертетін жадынамалар таратылып, бұқаралық ақпарат құралдарында жариялымдар жасалып жатыр. Төтенше жағдайлар департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өрт қауіпсіздігі тақырыбына 12 билборд және 6 баннер орнатқан. Сауда орталықтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында және телевизиялық экрандарда, сондай-ақ «Авторадио FM» желісінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау туралы ескерту ұйымдастырылды. Шалғайдағы елді мекендерде өртке қарсы күрес және оларды болдырмаудың ең басты шаралары туралы ақпаратты өрт сөндіру автомобильдерінде дауыс зорайтқыш байланыс арқылы шығу әдісімен жарияланды. Адамдар көп жиналатын нысанда дауыс зорайтқыш байланыс құралдары арқылы 479 сөз сөйлеу ұйымдастырылған. Пәтер иелері кооперативтері өкілдерімен, газ-электр шаруашылығы қызметкерлерімен бірлесіп халық арасында 73 жиын өткізіліп, 1354 тұрғынға кеңес берілген. Аталған іс-шара барысында электр жабдықтарын пайдалануда өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау, тұрғындардың өртке қарсы нормалар мен тұрғын үй-жайларда жылыту пештерін, газ баллон қондырғыларын орнату және ұстау кезіндегі талаптарды сақтау бойынша халықпен профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, 8512 жадынама таратылған. Тұрғын үй ұйымдарының басшыларымен (пәтер иелері кооперативтері, мүлік иелері ұйымдары) көп пәтерлі тұрғын үйлердің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша 2 оқыту семинары өткізіліпті. Биылғы зерделеу барысында облыс аумағында білім беру және әлеуметтік сала нысандарында норманы бұзып орнатылған 21 ғимараттан (2 спорт ұйымы, 2 мәдениет үйі, 17 білім беру мекемелері) жылу қазандықтары қауіпсіз жерге көшірілді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады дейді азаматтық құтқарушылар.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар