Қала қыс мезгіліне дайын болуы керек

Қала қыс мезгіліне дайын болуы керек
ашық дереккөз
Қала қыс мезгіліне дайын болуы керек
Мемлекет басшысының VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында ел өміріне қатысты бірқатар саяси мәселелермен қатар қысқа дайындықты еске салуы, тозығы жеткен инфрақұрылымның әрең жұмыс істеп тұрғанын атап көрсетуі Үкіметтен бастап, барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысына берілген нақты баға. Президент: «Инфрақұрылымдарды дамытуға қатысты ұстанымдарды қайта қарау қажет. Биылғы қыстың қалай өткенін баршаңыз білесіздер. Қыстың көзі қырауда бірқатар аймақта қалалар мен елді мекендер жылусыз қалды. Әбден тозған энергетика инфрақұрылымы әрең жұмыс істеп тұр. Менің тапсырмаммен электр энергиясы нарығын дамытудың жаңа үлгісі дайындалып жатыр. Сол арқылы осы салаға қосымша инвестиция тарту көзделіп отыр. Сондай-ақ, бұл құжат осы саланың барынша ашық болуын қамтамасыз етпек», деді. Облыста кейінгі жылдары жылыту маусымы қалыпты жағдайда өтіп жатқанымен, әр жылдары Қаратау, Жаңатас және Шу қалаларында жылу қазандықтарында апат болғаны ондағы тұрғындардың есінен шыққан жоқ. Облыс орталығы – Тараз қаласының жиырма жылға жуық тұрғыны болғандықтан қыс айларында ондай төтенше жағдай орын алғанын көрмедік. Дегенмен, қысқа дайындық бір сәт те босаңсымау керек. Президент жүктеп отырған міндеттің өзі осы. Енді бір айдың көлемінде жылыту маусымы басталады. Тараз басқа қалаларға қарағанда қысы жылы, климаты қолайлы қала деп қысқа дайындықсыз отыруға әсте болмайды. Жаз бойы, күз түсе қала әкімінің де «бас ауыртар» бірінші жұмысы осы. Мемлекет басшысы тапсырмасының орындалуын зерделеу мақсатында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қым-қуыт жұмыстан уақыт тауып, облыс орталығындағы жылу қазандықтарының қысқа дайындығымен танысуының өзінен де көп нәрсені аңғаруға болады. Облыс әкімі жылыту нысандарында болғанда жылыту маусымының кедергісіз өтуін еске салып, мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік нысандар ерекше бақылауға алынуы қажеттігін тапсырды. Тараз қаласы әкімінің «Отын-энергетика кешені, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және бюджеттік нысандарды дайындау туралы» үкіміне сәйкес, қалалық штаб құрамы және іс-шаралар жоспары бекітілген. Онда әлеуметтік сала нысандарының, көпқабатты тұрғын үйлердің және отын-энергетика кешендерінің дайындығы 1 қазанға дейін 100 пайызға қамтамсыз етілуі тиіс екені атап көрсетілген. – «Таразтрансэнерго», «Жамбыл Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындары, «Таразэнергоорталық», «Т.И.Батуров атындағы Жамбыл ГРЭС-і» акционерлік қоғамдары және «София» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі облыс орталығын жылумен қамтамасыз етеді. Барлық кәсіпорындар 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымына дайындық бойынша іс-шаралар жоспарын бекіткен, осыған сәйкес дайындық жұмыстарын атқаруда. Атап айтқанда, қазандықтарға қосалқы бөлшектер, қазандар, сорғылар сатып алып-орнату, қазандық ғимараттарына ағымды жөндеу, жылу желілеріне күрделі жөндеу, энергоблоктарға күрделі және ағымды жөндеу жұмыстары бар. Кәсіпорын қазандықтарында негізгі пайдаланылатын отын түрі – табиғи газ. Осыған орай, барлық кәсіпорындар газ жеткізу бойынша «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы Жамбыл өндірістік филиалымен келісімшартқа отырған. Сонымен қатар, қазіргі таңда «Жамбыл-Жылу» кәсіпорнында 342 тонна көмір, 390 тонна мазут, «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамында 1865,6 тонна мазут, «Таразтрансэнерго» кәсіпорнында 10 тонна көмір, «София» ЖШС-да 10 тонна көмір (қосымша 20 тонна көмір алуға келісімшарт жасалған), «Т.И.Батуров атындағы Жамбыл ГРЭС-і» акционерлік қоғамында 11 993 тонна мазут қоры бар. «Тараз қаласының коммуналдық меншігіндегі жылу желілерін қайта жаңғырту бойынша атқарылатын жұмыстардың 2023-2025 жылдарға арналған 3 жылдық жол картасы» әзірленді. Жол картасы бойынша 2 магистральдық және 9 ішкікварталдық жылу желілеріне қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланды, – дейді Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков. Жалпы ұзындығы 6138,66 метр болатын «М-1» магистральдық жылу желісін қайта жаңғыртудан өткізу үшін жобалық-сметалық құжат-тамаға түзету енгізіліп, кешенді ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысы алыныпты. Құрылыс жұмыстары 2024 жылға жоспарланған, жалпы ұзақтығы 9,5 ай. Республикалық және облыстық бюджеттен тиісті қаржы сұралған. Облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа облыс әкімдігінің мемлекеттік сатып алу басқармасымен 639 метр бөлігіне құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізетін мердігерді анықтау үшін мемлекеттік сатып алу жұмыс-тары жүргізілсе керек. Алайда, облыстық прокуратураның ұсынысына сәйкес, мемлекет-тік сатып алу жұмыстары тоқтатаған. Жалпы, ұзындығы 1360 метр болатын «М-3» магистралдық жылу желісін қайта жаңғыртудан өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттамаға түзету енгізіліп, қазіргі таңда, жоба кешенді ведомстводан тыс сараптамадан өтуде. Сараптама қорытындысын алу биылғы 15 қыркүйекке жоспарланған. Жоба ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысын алған соң, республикалық және облыстық бюджеттен қажетті қаржысы сұралады. Сонымен қатар, тозығы жеткен 9 ішкікварталдық «Мыңбұлақ», «Самал», «Алатау», «Жансая» шағынаудандарында «ТК-128», «ТК-209», «ТК-512», «ТК-507», «ТК-414» жылу желілерін қайта жаңғыртудан өткізу мақсатында жобалық-сметалық құжатын әзірлеуге, ведомстводан тыс сараптамадан өткізуге мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде «Бақыт таңы» ЖШС «Мыңбұлақ», «Самал» шағынаудандарындағы «ТК-209», «ТК-512», «ТК-507», «ТК-414» жылу желілеріне және «Құрылыс инвест жоба» ЖШС «Жансая» шағынауданындағы «ТК-128» жылу желісіне жеңімпаз болып анықталған. Бүгінде мердігер-серіктестіктермен келісімшарт жасалып, бастапқы деректері жинақталып, жобалық сметелық құжаттарын әзірлеу жұмыстары басталыпты. «Алатау» шағынауданының ішкікварталдық жылу желілерін қайта жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу бойынша мердігерді анықтау (мемлекеттік сатып алу) жұмыстары жүргізілуде. Жобалардың сараптама қорытындысын алу алдағы қараша айының соңына жоспарланған. Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында да жылу электр станцияларында жиі орын алған апатты еске салып, инфрақұрылымның әбден тозғанын алға тартты. «Өткен қыста еліміздің жылу электр станцияларарында қайта-қайта апат болды. Бұл жағдай жылдар бойы шешілмеген мәселенің бетін ашып берді. Инфрақұрылымның әбден тозуы халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Индустрияландыру қарқынын да тежейді. Яғни, инфрақұрылымды жаңартпасақ, жаңа экономикалық үлгіге көшу мүмкін емес. Үкімет жаңа инфрақұрылымдық жоспарда осы саладағы барлық түйткілді ашық көрсетіп, оны шешу жолдарын анықтауға тиіс»» деп Үкіметтің алдына нақты міндет жүктеді. Техникалық тексеру жұмыстарының қорытындысына қарағанда Тараз қаласында да жағдай мәз емес. «Таразтрансэнерго» кәсіпорны қызмет көрсететін 68,4 километр жылу желісі бойынша 68,5 пайыз және «Солнечный» алқабындағы 1,1 шақырым жылу желілері бойынша 30 пайызы, «Жамбыл-Жылу» кәсіпорнының 850 метр жылу желісі бойынша 75 пайызы, «София» ЖШС-ның 140 метр жылу желісі бойынша 35 пайызың тозғаны анықталған. Жылыту науқанының басталуына бар болғаны бір айдай ғана уақыт қалды. Қалай болғанда да барлық мүмкіндіктерді қарастырып, бұл жұмысты кәсіпорын басшылары шұғыл қалпына келтірулері керек. Қала-лық әкімдіктің мәліметінше жалпы көмір сатумен шұғылданатын 8 оператор бар. 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымында қала аумағындағы жеке тұрғын үйлердің жылыту мау-сымында пайдала-нылатын көмір көлемі болжамды түрде 13405 тоннаны құрайтын көрінеді. Қала аумағындағы алқаптарға газ желісінің тартылуына байланысты, көмір сатып алу қарқыны айтарлықтай төмендеген. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ЖӨФ-ның мәліметінше, «Құмшағал», «Шөлдала» тұрғынжай және 28 саяжай алқаптарында газдандыру жүйесіне қосылмаған 2681 үй анықталған. Тұйықтарда шамамен 2800 тоннаға жуық көмір көлемі бар. «Шұбаркөл» көмірінің бір тоннасының орташа бағасы – 17500, «Қаражыра» көмірінің орташа бағасы – 18500 теңге. Президенттің Жолдауындағы «Елді газбен қамтамасыз ету» мәселесі де бүгінгі таңда өзекті. Тауарлы газдың ресурстық базасын кеңейту – Үкіметтің және ұлттық газ компаниясының басты міндеті» деген тапсырмасы алыстағы газ желісі тартылмаған ауылда емес, қала іргесіндегі 2681 үйге тартылмауы түсініксіз. Тұрғындар үйлеріне газ кіргізуге құлық танытпай отырса онда әңгіме басқа. 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымына дайындық мақсатында қала аумағындағы жылу желілеріне гидравликалық сығымдау жұмыстарын жүргізу үшін ыстық су 1 маусымнан бастап 30 күнге өшірілді. Сынақ барысында «Таразтрансэнерго» кәсіпорнынан – 56, «Жамбыл-Жылу» кәсіпорнынан 4 ақау анықталып, барлығы қалпына келтіріліп, ыстық су қала бойынша толық қайта берілуде. Аталған жұмыстар алдағы 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымын қалыпты жағдайда өткізуге бағытталған. Қала әкімдігінің тиісті бөлімімен энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдардың күзгі-қысқы кезеңге әзірлігі паспортын беру мақсатында комиссия құрылып, өтінімдерді қабылдау жұмыстары басталды. Дайындық паспорттары «Энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдардың күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлігі паспортын алу қағидаларын бекіту туралы» Энергетика министрінің 2015 жылғы 2 ақпандағы бұйрығына сәйкес берілуде. Бүгінгі таңда, «София» ЖШС-на, «Тараз-Арена» КМК-на, «№4 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» КММ-не берілді. «Жамбыл-Жылу» МКК-ы мен «Таразтрансэнерго» МКК-ы дайындық паспортын алу үшін құжаттарын жинақтауда. «Ұлы дала» шағынауданындағы көппәтерлі тұрғын үйлердің жылу жүйесіндегі мәселелерін реттеу мақсатында аталған шағын аудан аумағынан насостық стансаның құрылысын жүргізу бойынша «Құрылыс инвес жоба» ЖШС-мен жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, кешенді ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысы алынып, құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Президенттің өзі бір емес, қайта-қайта назар аударып, Үкіметке нақты міндет жүктеп отырғандықтан қыстың қатал сыншы екенін аңғару қиын емес. Бұл – барлық деңгейдегі әкімдерден бастап, коммуналдық қызметке, қалаларды жылумен қамтамасыз ететін кәсіпорын босшыларына да да берілген тапсырма. Денсаулық сақтау, білім беру, басқа да әлеуметтік нысандар сақадай сай дайын болуы керек. Сондай-ақ, жекеменшік тұрғын үй кооперативіне де жүктелер жауапкершілік жеңіл емес. Жылу көпқабатты үйлердің элеваторына дейін ғана жеткізіледі. Оны әр пәтерге апару кооператив пен тұрғындардың шаруасы. Сондықтан да, жылу жүретін әр қабаттағы құбырды, жылу батареяларын тексеріп қою маңызды.  

Амангелді ӘБІЛ

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар