Жол - қателікті кешірмейді

Жол - қателікті кешірмейді
ашық дереккөз
Жол - қателікті кешірмейді
Ресми мәліметтерге сүйенсек, өңірде жол-көлік апаты салдарынан қайтыс болған жасөспірімдердің саны өткен жылмен салыстырғанда 46,2 пайызға артқан. Рас, кейінгі жеті айда облыста тіркелген жол-көлік оқиғасының саны 35,9 пайызға азайған. Дегенмен де, жасөспірімдер өлімінің көбеюі кімді де болса алаңдатпай қоймайтыны белгілі. Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі бөлімі жол жүрісін қадағалауды ұйымдастыру тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Болат Ізбасаровтың айтуынша, облыстағы жол-көлік оқиғасының саны өткен жылмен салыстырғанда 853- тен 547-ге төмендеген. Ал, жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза болғандардың саны 18 пайызға азайған. – Жасөспірімдердің қатысумен болған жол-көлік оқиғасы 27,4 пайызға, яғни 248-ден 180-ге азайған. Сондай-ақ, жарақат алғандардың саны 33,5 пайызға, нақтырақ айтсақ, 319-дан 212-ге дейін төмендеген. Алайда қаза болғандар саны 46,2 пайызға артып отыр. Өткен жылдың есепті мерзімінде 13 жасөспірім бақиға аттанса, биыл қайтыс болғандардың саны 19-ға жетіп отыр, – дейді Б.Ізбасаров. Жауапты маманның мәліметіне сүйенсек, жол-көлік оқиғасының басым бөлігі көшелердегі жол жиегінде тіркеледі екен. Бірақ, жергілікті маңызы бар автожолдардағы апат салдарынан қайтыс болған жасөспірімдердің саны күрт арта түскені көңілге кірбің ұялатады. «Жасөспірім өлімі республикалық маңызы бар автожолдарда да аз емес. Мәселен, кейінгі жеті айда болған 37 жол-көлік оқиғасы кезінде алты жасөспірім қыршыннан қиылды. Бұл көрсеткіш баршамызды ойландырады. Сонымен қатар, 52 жасөспірім түрлі дәрежедегі дене жарақатын алған. Жергілікті маңызы бар автожолда 15 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 8 жасөспірім қаза болды. Сондай-ақ, 11 жасөспірім дене жарақатын алды. Осы қаралы санға қарап-ақ жасөспірімдер өлімінің дені қай дәрежедегі жолда тіркеліп отырғанын байқау қиын емес. Көлік оқиғасының басым бөлігі көшелерде тіркеледі. Бүгінгі күнге дейін 128 жол апаты орын алса, салдарынан 5 жасөспірім көз жұмды. Сонымен қатар, 149 жасөспірім дене жарақатын алғанын айта кету керек», дейді ол. Б.Ізбасаров келтірген дерекке сенсек, жыл басынан бері кәмелет жасына толмаған жаяу жүргіншілердің қатысуымен 83 жол-көлік оқиғасы анықталған. Салдарынан 2 адам өмірмен қош айтысса, 88 адам түрлі дәрежедегі дене жарақатын алыпты. Сондай-ақ, велосипед тепкен жасөспірімдердің қатысуымен 13 оқиға тіркелген. Жол- көлік оқиғасының кесірінен 1 адам көз жұмып, жарақаттанғандар саны 13-ке жеткен. Бүгінде жасөспірімдер мопед тізгіндеуге құмартып алғаны белгілі. Полиция өкілінің айтуынша, мопед мінген жастардың жол ережесін бұзуы салдарынан 7 жол-көлік оқиғасы анықталған. Апат салдарынан 7 адам түрлі дәрежеде дене жарақатын алған. Сондай-ақ, кәмелет жасына толмаған жолаушылардың қатысуымен тіркелген 77 жол-көлік оқиғасы кезінде 16 адам бақилық болса, 104 азамат түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген. «Жасөспірімдер өлімінің артқаны кімді де болса алаңдатады. Сондықтан, ата-аналар балаларын қатаң қадағаласа дейміз. Мәселен, 7-10 жас аралығындағы балалардың қатысуымен болған 37 жол-көлік оқиғасы салдарынан 41 адам жарақаттанса, 10-14 жастағы 4 жасөспірім қайтыс болды. 42 адам түрлі дәрежеде жарақат алды. 14-16 жастағы жасөспірімдердің қатысуымен тіркелген 20 жол апаты кезінде 3 адам бақиға аттанған. 16-18 жастағы жасөспірімнің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы кезінде 2 адам қайтыс болды», дейді Б.Ізбасаров. Айта кету керек, аймақта жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауқымды жұмыс атқарылғанына қарамастан, құқықбұзушылық саны 3 098-ге жеткен. Полиция департаменті іс- шаралар жоспарына сәйкес бұл бағытта атқарылған жұмыстың аз емес екенін алға тартады. Хош. Жасөспірім өлімінің артып отырғанын ескерсек, бұл мәселеде ата-ана жауапкершілігі басты орында тұрғанын да айтуымыз керек. Алайда, «Жол қателікті кешірмейтінін» ескерсек, көлік тізгіндеген кезде абай болған жөн. «Сақтансаң, сақтайды!» демекші, діттеген жерге дәл уақытында жету үшін асығыстық танытудың қажеті жоқ.  

Мақпал СҮЙІНБАЙ

 

Ұқсас жаңалықтар