Жерлесіміздің жарқын жеңісі

Жерлесіміздің жарқын жеңісі
ашық дереккөз
Жерлесіміздің жарқын жеңісі
Қазақ халқы қай заманда да өзінің болашағы саналатын жастардың тәрбиесіне айрықша мән берген. Ұлт пен ұлыстың аманатын арқалаған жасты тәрбиелеудің жолдары мен амалдары сан тарау. Солардың ішінде ең маңыздысы өскелең ұрпақты патриотизм үлгісінде тәрбиелеу маңызды іс. Даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы бұл тұрғыда: «Патриотизм – Отанға, мемлекетке деген сүйіспеншілік, жеке адамның аман- саулығы қоғамдық, мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей байланыстығын сезіну», – деп анықтама берген. Жерлесіміз Нұржан Асан ұлттың тілі, діні мен ділі тығыз байланысып жатқан патриотизмнің ерен үлгісін көрсеткен саңлақ спортшының бірегейі. Жамбылдық балуан жуырда ғана Қырғыз елінің бас қаласы Бішкек төрінде өткен Әлем чемпионатында жасындай жарқылдап, 82 килограмм салмақта грек-рим күресінен ересектер арасында үздік атанды. Ел тарихында тұңғыш рет Әлем чемпионы атанған жігіт өз сөзінде мұндай жетістікке жетуіне «туған еліне деген шексіз сүйіспеншілігі» арқау болғанын айтқаны бар. Байрағымызды биікте желбіреткен батыр ұлды туған өлкесінің тұрғындары бірер күн бұрын зор қошеметпен күтіп алды. Жылы жүздесуде алғаш сөз алған облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков халықаралық аренада тәуелсіз еліміздің абыройын асқақтатқан спортшыға жұртшылық атынан алғыс білдірді. Бұдан кейін, спортшының жеке бапкері Ринат Исмаилов өзінің жүрекжарды жылы лебізін жеткізді. Өз кезегінде жеңімпаз балуан Нұржан Асан шын тілеулес жерлестеріне ризашылығын жеткізіп, алдағы уақытта да айтулы додаларда қарсыластарына есе жібермеуге тырысатынын тілге тиек етті. – Ең алдымен, дүйім жұртқа алғыс айтқым келеді. Ешкім халықтан үлкен емес. Қалың елдің қолдауы болмаса, «сен тұр, мен атайын» дейтін мықты спортшылардың өзі рухани әлсіз болары хақ. Өз басым боз кілемге шыққан сәттен бастап, өз жұртымның қолдауын ерекше сезіндім. Әрбір белдесуде қарсыластарамның осал тұстарын тиімді пайдаланып, жеңісті бір табан жақындатуға күш салдым. Нәтижесінде, тұғыр биігінен көріне білдім. Әрине, бұл тұста жеке бапкерім Ринат Сайлауұлының еңбегі зор. Жалпы, біздің халық аса жомарт һәм мейірбан. Жұртшылық сын сағатта намысын қолдан бермеген ұл-қыздарын қашанда төбесіне көтеріп, лайықты құрмет көрсетеді. Тәуелсіз еліміздің көк байрағы биікте желбіреп, ел абыройы асқақтай берсін, – деді Нұржан Асан. Еске салсақ, 2-6 қыркүйек аралығында өткен айтулы жарысқа 16 мемлекеттен 132 спортшы қатысса, ұлттық құрама команданың сапында 25 спортшы ел намысын қорғады. Оның ішінде, өңіріміздегі дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубынан 4 спортшы, атап айтқанда, Нұржан Асан, Нұрсұлтан Дүйсембиев, Абзал Досжанов және Ерсұлтан Тәңірберген бақ сынады. Ал, чемпионаттың қорытындысы бойынша ұлттық құрама командасы жасөспірімдер және жастар арасында бас-аяғы 12 медальға қол жеткізіп, екі жас ерекшелігінде командалық есепте бірінші орынды жеңіп алды.  

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар