«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«SAMSUNG» компаниясының сұранысындағы жоба

«SAMSUNG» компаниясының сұранысындағы жоба
ашық дереккөз
«SAMSUNG» компаниясының сұранысындағы жоба
Таңның атуы, күннің батуы, қайталанбас қас-қағым сәттердің әрбірін көру адам бойындағы ең асыл қабілеттің бірі. Жарық дүниені көре алмай, туабітті немесе тағдыр тауқыметімен жанарынан айырылған жандар қаншама. Олар үшін хат жазып, кітап оқудың өзі арман. Бірақ орындалмайтын арман емес. Себебі, тараздық мектеп оқушылары Мақпал Бердібек пен Айкөркем Егеубай көру қабілеті нашар жандарға жазу жазатын арнайы пернетақта жасап шығарды. Жаңа құрылғы көзі көрмейтін балалар үшін әріп үйреніп әрі жазғанын қағазға басып, оқуына да мүмкіндік береді. Жамбылда жасалған жобаға әйгілі халықаралық «Samsung» компаниясы да қызығушылық танытып отыр. Ғұлама Абай: Жақсылық көрсең ғибрәтлі, Оны ойға жисаңыз. Ғалым болмай немене, Балалықты қисаңыз. Болмасаң да ұқсап бақ, Бір ғалымды көрсеңіз. Ондай болмақ қайда деп, Айтпа ғылым сүйсеңіз,– деп бекер айтпағаны анық ақиқат. Мемлекет басшысы да инемен құдық қазғандай бейнетті игі жолға өскелең ұрпақтың назарын аударып, әрдайым қолдау көрсетіп келеді. «Адамзат тарихындағы жетістіктің барлығы – білімнің жемісі. Әсіресе қазіргі озық технология дәуірінде ғылымсыз алға басу мүмкін емес. Ғылымды дамыту – мемлекет саясатындағы ең маңызды бағыттың бірі», деген Қасым- Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен еліміздегі ғылымқұмар жастарға барынша қолдау жасалуда. Десек те, әлі де қолдауды қажет ететін жобалар аз емес. Мәселен тараздық жас өнертапқыштар Мақпал мен Айкөркемнің «Қазақ Брайль» жобасы көзі көрмейтін жандар үшін тың дүние. Зағип жандар үшін «Брайль қарпі» бұрыннан бар, бірақ сол әріпті үйрететін, жазуға машықтандыратын жоба жоқтың қасы еді. Енді зағип жандар үшін әріп үйреніп, тіпті кітап жазудың да ауылы алыс емес. Көзі көрмейтін жандардың көмекшісіне айналатын құрылғы қазіргі таңда сынамадан өтуде. Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының оқырмандары жобаның игілігіне жоғары бағасын беріп, құрылғының көптеп шығарылуы қажет екенін алға тартуда. Ең ерекшелігі, бұл жүйенің қолжетімділігі соншалық, бірнеше адам ортақ пайдаланудан бөлек, әрбір азамат жеке-жеке игілігін көрсе болады. Мақпал мен Айкөркем «Қазақ Брайль» деп аталатын жобасын жылдың басында қолға алған. Онда арнайы пернетақта мен принтер және есту арқылы әріптерді үйрену жүйесі де іске қосылған. Бағдарламадағы әрбір әріптің дыбысталуын да Мақпалдың өзі оқып шыққан. – Адам үшін айналаны көзбен көруден асқан бақыт жоқ. Өкінішке орай әлемде 40 миллионнан астам адам көру мүмкіндігінен айырылған. Зағип жандар елімізде де, біздің өңірімізде де аз емес. Ең қиыны, қазіргі таңда кішкентай бүлдіршіндердің арасында көзі нашар көретін балақайлар көп. Әрине елімізде туабітті көзі көрмейтін балалар үшін кедергісіз орта қалыптастыру жұмыстары жемісті жүргізіліп жатыр. Бірақ жанарынан айырылған жастардың сауатын ашу, оларға жазу-сызу үйрету бойынша қолға алынып жатқан жобалар жоқтың қасы. Бізді осы мәселе қатты алаңдатты. Сондықтан да біз арнайы бағдарлама жасап шығардық. Бағдарламаға сай Брайль қарпі арқылы пернетақта жасадық. Ол пернетақта бойынша кез келген пайдаланушы әріпті басып, оның дұрыс дыбысталуын да ести алады. Әрбір әріптің дыбысталуын өз дауысыммен оқып, бағдарламаға енгіздік. Сәйкесінше жазылған әрбір қағазды принтерге басып шығаруға болады. Нарықта осыған ұқсас принтерлер бар, бірақ әрбір адамға қолжетімді емес. Принтердің өзі 4 миллион теңге тұрса, оған 2 миллион теңгеге арнайы бағдарламаны орнатады. Әрі оны оқу өте қиын. Ал біз қолда бар, қолжетімді материалдардан жасап шыққан құрылғымызға бар-жоғы 17 мың 500 теңге жұмсадық. Біздің жобамыз халықаралық байқауларда көптеген шетелдік компаниялардың қызығушылығына ие болды. Дегенмен, біз осы жобамызға өзімізден қолдау табылып, ел ішінде игілікке айналса дейміз, – дейді Мақпал Бердібек. Көзі көрмейтін бүлдіршіндердің болашағына алаңдап қана қоймай, іс жүзінде өз үлесін қосуды мақсат еткен жас өнертапқыштар жазу мен оқуға қажетті бар мүмкіндікті қарастырған. Мектеп қабырғасында жүріп, халықаралық алпауыт компаниялардың назарын аударған өрендер жобаны әлі де жетілдіруді жоспарлап отыр. –Қазіргі уақытта мүмкіндігі шектеулі жандар үшін небір технологиялар жасалып жатыр. Жасанды қол, жасанды аяқ секілді қажеттіліктердің барлығы бар. Десек те ең бастысы адамның санасы, сауаты, білімге құштарлығын оятатын жүйелер кемде кем. Болашақта біздің құрылғымыз арқылы туабітті көзі көрмейтін бүлдіршіндер білім алып, кітап оқып, тіпті кітап жазатын болса, ол біздің арманымыз орындалды деген сөз. Оның үстіне біздің бағдарлама өте қолжетімді әрі қолдануға өте түсінікті. Кез келген планшет, компьютерге орнатуға болады. Әрбір ғылыми байқауларға қатысқан сайын көптеген тәжірибелер жинадық. Жаңа идеялар келді. Пернетақтамыздың бірі виртуалды болса, екіншісі кәдуілгі пернетақтаға Брайл қарпі орнатылған. Жобамызды жасап шығуға ата-анамыз бен ұстаздарымыз көп қолдау білдірді. Көзі көрмейтіндерге арналған кітапхана мен, орта мектептермен де тығыз байланыстамыз, – дейді жас өнертапқыш Айкөркем Егеубай. Жамбылдық жастардың жобасы республикалық ғылыми байқаулардан ғана емес, әлемнің жүздеген жас ғалымдары бақ сынасқан байқауда да көш басынан көрініп келеді. Алғыр жастар таяуда Астана қаласында өтетін IT университетінде өтетін өнертапқыштар байқауына қатысқалы отыр. – Жақында «Samsung» компаниясының халықаралық «Solve for tomorrow» конкурсына 450 команда қатысты, соның ішінде үздік 30 команда қатарына кірдік. Ғылыми тың идеялардың арасында тағы да осы байқаудың үздік шыққан жобалары арасында ақтық іріктеуден өтіп, озық 10 команданың ішіне ендік. Бұл біз үшін өте үлкен жетістік. Себебі, бұл додаға әлемнің түкпір- түкпірінен атағынан ат үркетін дамыған ел жастары қатысқан болатын. Солардың ішінен еліміздің намысын қорғап, өңіріміздің абыройын арқалап барған біз алдыңғы ондықтан көріндік. Осы қыркүйек айында елорданың IT университетіне бақ сынауға барамыз. Бұл байқаудан жеңімпаз атансақ, жобамызды жүзеге асыруға арнайы қаржылай қолдау болады. «Samsung» компаниясы ұйымдастырып отырған бұл байқауда үздік үштіктен көрінуге ниеттеніп отырмыз. Оқушыларымның жеңісіне сенімдімін,– дейді жоба жетекшісі Мейрамгүл Орынбаева. Үй жайында, кеңседе, тіпті кез келген жерде алып жүруге ыңғайлы жүйе алдағы уақытта әрбір зағип жанның қатардан қалмай, қара танып, санасына сәуле, жанына жылу боларына біз де сенімдіміз.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Ұқсас жаңалықтар