«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұстаздық – ұлы мамандық

Ұстаздық – ұлы мамандық
ашық дереккөз
Ұстаздық – ұлы мамандық
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдаған «Әділетті Мемлекет. Біртұтас Ұлт. Берекелі Қоғам» атты Жолдауында «Әділетті Қазақстанды құру ісінде мұғалімдердің рөлі айрықша екені сөзсіз. Мемлекетімізде соңғы жылдары ұстаз мамандығының абырой-беделін арттыру үшін көп жұмыс жасалды. Дегенмен, бұл бағытта әлі де біршама өзгерістер жасау қажет», деген болатын. Ежелден педагог мәртебесін арттырып, ұрпақ тәрбиесінде еңбегі зор мұғалімдердің қадір-қасиетін жоғары бағалау баршаға жүктелген ортақ міндет. Білімді жастарды тәрбиелеу жолында олардың атқарған жұмысы орасан. Алаш қайраткері, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының салған сара жолында талмай тер төгіп жүрген мұғалімдердің мерейін үстем ету де маңызды. Ұрпаққа ұстаздық етуден жалықпай, ұлт болашағының сапалы білім алуына барын салып жүрген мәртебелі мамандық иелері баршылық. Өңірімізде өмірін білім саласына арнаған жанның бірі – Гүлфия Жолдасова. Талас ауданы, Тамды ауылында қарапайым көпбалалы отбасында дүниеге келген. Бала кезден мұғалім болуды армандапты. Ауыл мектебінде 8-ші сыныпты тәмамдаған соң Тараздағы Макаренко атындағы мектеп-интернатына ауысады. Математика, физика пәндерін тереңдетіп оқытуға арналып ашылған сыныпта озат оқып, 1992 жылы сол кездегі Октябрьдің 50 жылдығы атындағы педагогикалық институтқа математик, информатик мамандығы бойынша оқуға түседі. Аталған білім ордасынан жоғары білім алып, Талас ауданы, Қаратау қаласындағы СПТУ училищесіне информатика пәнінің мұғалімі болып қызметке тұрады. Осы училищеде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне дейін көтеріледі. Бұл кезде ол небәрі 25 жаста екен. – Отыз жасымда Тараздағы №30 мектепке мұғалім болып қабылдандым. Тараз қаласына қоныс аударған соң қызметім осы жерде жалғасты. Үш жылдан соң директордың тәрбие және құқық жөніндегі орынбасары қызметтерін атқардым. Бұл қызметтерге өзімнің адал еңбегіммен қол жеткіздім. Балаға ата-ана болудан да қиын жол – ол ұстаз болу. Мектеп жасындағы баланы тәрбиелеу, оған білім беру, оның оқу орнындағы жүріс-тұрысына жауапты болу үлкен төзімділікті талап етеді. Әрбір балаға қамқорлық жасауға тырысамыз. Тіпті, кейбір жасөспірімдердің әке-шешесі жас отбасы болса олардың да тәрбиесімен айналысатын кездер болып тұрады. Бала тәрбиесінде тәжірибесі аз жас ата-аналармен жиі жиналыс өткізіп, олардың үйдегі жауапкершіліктерін қадағалаймыз. Жалпы, ұстаздардың ұрпақ арқылы ұлтты да тәрбиелейтіні осыдан шығар, – дейді Гүлфия Сәбитқызы. Қазіргі таңда Ыбырай Алтынсарин атындағы №49 мектеп-гимназиясының директоры лауазымында қызмет етіп жүрген Гүлфия Сәбитқызының осы ұжымды басқарғанына төрт жыл болыпты. Ұжымға ұйымшылдықпен басшылық етіп, жас мұғалімдерге ақыл, кеңесін айтудан жалықпайды. Педогогтің балаға сапалы білім берудегі басты мақсаты – әуелі өзінің білімін тереңдетіп, тәжірибесін арттыруда аянбай еңбектену керек екенін ылғи айтып отырады. Қазір мұғалімдер көбірек сағат алып, ай сайынғы жалақыны ұлғайтуға тырысады. Ал, өзі білім бөлімінде біраз жыл әдіскер болып, мол тәжірибе жинапты. Балалық шақтан отбасымен математик болуды армандап, өзі Айнақұл Сметов ағайына еліктепті. Аталған пәннің мұғалімі, мектеп директорының орынбасары қызметін атқарған ұстазынан үлгі алған Гүлфия Сәбитқызының өзі бүгінде жастарға үлгі болып жүр.  

Нұржан ӘЛІШ

Ұқсас жаңалықтар