«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Танымы бөлек талант

Танымы бөлек талант
ашық дереккөз
Танымы бөлек талант
Біз көріп жүрген, өмір жолдарын көңілімізге түйіп жүрген қаламгерлер арасында Пернебай Дүйсенбиннің орны бөлек. Жазушы жайлы айтар нәрсе өте көп. Тіпті, мектеп партасында отырған оқушы күнінен ол ерекше бала болған. Мәселен, 14-15 жасында салған суреттері Мәскеуден шығатын «Пионерская правда» газетіне жарияланған. Бұл газет сол кездегі Кеңес Одағының 15 республикасынан тыс, социалистік лагерь елдерінің барлығына тарайтын. «Шопан отарында» деген сурет жас оқырмандар арасында үлкен қызығушылық тудырыпты. Қарапайым киіз үйлерден алыста, аласа таулардың бергі беткейінде мал жайып жүрген қойшы, самауыр қойып жүрген әже бейнелері оқушылар үшін экзотикалық тұрғыдан әсер еткенге ұқсайды. Мінезі жайдары Тәжібай Жақыпов деген пошта тасушысының ер басына ілген кішкене қоржынына толы хаттар бала Пернебайдың үйіне жиі келетін болған. Сол хаттардың ішінен ерекше бөліп айтатын бір жайт, кезінде Кеңес Одағында кең танымал болған жас қыздың тағдыры туралы «Рита» фильмінде Рита рөлін сомдаған, Латвияның астанасы Рига қаласында тұратын 7-класс оқушысы Анна Шметковадан келген эмоционалдық сезімге толы хат еді. Сондай-ақ, мәскеулік Галя Трухина, читалық Лида Ефимова, еревандық Эльмира Акопян, қазақстандық Амангелді Кенжебековтердің мазмұнды, қызықты хаттары жазушының есінде осы күнге дейін сақталып қалыпты. Кейін бұл жағдайдан аудандық «Социалистік шаруа» газетінің редакторы Ұзақбай Төлеуов хабардар болады. Ол Пернебай Дүйсенбиннің үйіне арнайы барып, таңдап-таңдап бес жүздей хатты облыстық газетке алып кетеді. Сол кездегі облыстық «Еңбек туы» газетінің қызметкері Анарбек Айтбаев бала Пернебайдың фотосын, салған суреттерін, келген хаттардың шоғыр суретін басып, «Хаттар сыры» деген бетке жуық мақала жариялаған. Өте тартымды, қызықты деректерге толы материалға байланысты оқушы Пернебай облыста тұратын біраз балалардан да хат алған. Алматыдан жарық көретін «Дружные ребята» газетіне «Өзенде» деген суреті жарияланған. Пернебай Дүйсенбин мектепте оқып жүргенде сурет өнеріне ерекше ден қойыпты. Үйретуші ешкім жоқ. Сурет пәнінің мұғалімі ол оқыған мектепте мүлде болмапты. Бірақ, өзінің сурет салуға ынтасы өте жоғары болған. Қойшының баласы. Табиғаты тамылжып тұратын жайлауды жан- тәнімен сүймейтін ауыл баласы сірә да жоқ болар. Алаулап атқан таң, қаздай қалқыған бұйра-бұйра бұлттарды қызғылт нұрына шомылдырып батқан күннің сиқырлы суреті, өзен, көлдерді мекен еткен құстардың алуан сазды қиқуы, жасыл жамылғысы сан түрлі реңмен көз арбаған Жер-Ананың келбеті адам жан дүниесіне әсер етпей қоймайды ғой. Ол кезде бүгінгідей түрлі түсті бояумен шығатын кітаптар, оқулықтар жоқ. Сурет салатын ақ қағаз да жоқ. Соғысқа қатысқан, пошташы Мошқал деген кісіден газет-журналдарды орап жіберетін ақ қағаздарды сұрап алып, соның жарайтын тұстарын қиып алып сурет салатын пішімге келтірген. Сөйтіп, түрлі түсті қаламмен сан түрлі тақырыптарда суреттер салып жүреді. Сол кезде табиғаттан тыс жер жырту, балалар ойыны, балық аулаушылар, тіпті Сәбит Мұқановтың «Ботагөз» романы бойынша тақырыптық суреттер де салған. Өкінішке қарай, солардың көбі, үш жылдық әскери борышын өтеуге кеткенде әрқалай себептермен із-түзсіз жоғалып кеткен екен. Атақты әнші болған Амангелді Сембин «Құрманғазы» портретін қалап алып кеткені есінен шықпайды. «Жайлау кеші» деген майлы бояумен салған пейзажын жақын жиені, кейін Жаңатас көркемсурет мектебінің директоры болған Есенгелді Кәрібеков сұрап алыпты. 1995 жылы Ұлы Жеңістің 50 жылдығына орай Жуалы ауданының орталығында даңқты тұлға Бауыржан Момышұлының мұражайы ашылған. Сол кездегі Сарысу ауданының әкімі Сағынхан Әміреқұлов Пернебай Дүйсенбиннің мектептегі салған суреттерін көріп, өтініш жасайды. Аудан атынан сыйлық ретінде апару үшін Бауыржанның портретін салуды ұсынған. Бұл болса таптаурын болған жолды емес, өзгеше идея ұсыныпты. Уақыт өте тығыз еді. Уақытпен санаспай, «Қос қыран» атты картинаны гуашьпен, коллаждық тәсілмен салып бітірген. Онда Панфилов пен Бауыржан Момышұлы екеуінің бейнесі бедерленген. Қазір ол көлемді сурет батыр мұражайында сақтаулы. Жазушының мамандық таңдаудағы жолы да жеңіл болмаған. 1960 жылы мектеп бітіріп, Алматыға зоотехникалық-ветеринарлық институтқа құжат тапсырды. Алайда, конкурстан өте алмайды. Ауылда құрылыста бір жыл, содан соң аудандық газетте корректор, аудандық пионер үйінде қызмет атқарады. 1962 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінің журналистика бөліміне оқуға түседі. 1964 жылы 3-курста оқып жүргенінде оның курсынан сегіз ер баланы әскерге алады. Олардың қатарында көрнекті ғалым, жазушы Ақселеу Сейдімбек, жазушылар Құрманғазы Мұстафин, Әбді Шынбатыров бар еді. Пернебай Дүйсенбин де үш жыл әскер қатарында болып, кіші лейтенант шенімен оралды. Украинаның Хмельницкий қаласында танк полкында қызмет етті. Оқуға қайта оралғанында Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев, Зейнолла Қабдолов, Мырзатай Жолдасбеков, Сұлтанғали Садырбаев секілді ұстаздардан дәріс алды. Антикалық әдебиеттен сабақ берген Ирина Сагаловичтей ғажайып білімді ұстаздар өте сирек болатын. Қазақ мектебін үздік бітіріп, сол университеттің орыс филологиясын бітірген, орыс студенттері бір ауыздан «кумир» тұтқан аса білімдар Сауытбаев бейнесі студенттердің есінде жатталып қалыпты. Бірақ, Пернебай Дүйсенбин 26 жасында үлкен университеттен журналист мамандығы бойынша дипломын алып тұрып, ауылға қайтты. Талайға арман болған Алматыдан алыстады. Бұл таңдауға оның қатарластары, замандастары да көп таңданыс білдірген. Бірақ, ауылға қайтуының себебі болды. Ата-анасы өте қарт кісілер еді. Екі інісінің біреуі студент, кішісі мектеп жасында болды. Сондықтан да елге келгенін әкесі де, шешесі де құп көрді. Сол оқып жүрген кезінде, әсіресе соңғы курста жүргенде әлемдік өнер алыптары Леонардо да Винчи, Левитан, Сарьян, Рылов, өзіміздің төл топырағымыздың ұлы түлектері Орал Таңсықбаев, Шара Жиенқұлова, Айша Ғалымбаева тағы басқалар туралы эсселері республика көлеміне жүз мыңдап тарайтын «Лениншіл жас» газетінің «Аққу» атты эстетикалық клубында басылып жатты. Оларға Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкеев, Кәдірбек Сегізбаевтар жоғары баға берді. Тіпті, Шерхан Мұртаза Пернебайды студент кезінде сонау Ташкент қаласында тұратын ұлты қазақ КСРО және Өзбек КСР Халық суретшісі, КСРО Көркемсурет академиясының академигі, Өзбек КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ұлы суретші Орал Таңсықбаевқа арнайы жіберген. Әйгілі суретшінің екі қабатты әрі шеберхана, әрі үйінде апта жатып, елге оралған соң «Тау мен дала жыршысы» атты көлемді эссесін «Лениншіл жас» газеті жарқ еткізіп жариялапты. Сол студент кезінде Арменияға, Ереванға ұлы суретші Мартирос Сарьянды іздеп барып, «Шуаққа іңкәрлік» эссесін жазды. Пернебай Дүйсенбиннің жазушылығы өз алдына бір құндылық болса, ол кісінің ұстаздығы өзінше бір үлкен мектеп. Қазақ КСР Оқу министрлігінің Құрмет грамотасының, КСРО-ның жоғары дәрежелі «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері болды. Іс-тәжірибесі «Мектеп» баспасынан кітапша болып басылды. Облыстық білім жетілдіру мекемесі арнайы плакат шығарды. Пернебай Дүйсенбин мектепке келген күннен бастап балалармен етене араласты. Сурет, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді. Балаларға бейнелеу өнері, классикалық музыка, ұлттық, дәстүрлі музыка бағытында тәрбие беруге ынта қойды. Мектепте көңілділер, күлдіргілер клубы жұмысын ұйымдастырып, ауыл өміріне үлкен жаңалық әкелді. Осыны тамашалауға келген адамдар клубқа лық толып, сыймай жатады екен. Мұхтар Әуезовтің «Қарақыпшақ Қобыландысын», Оразбек Бодықовтың «Қарақұм трагедиясын» сахналаған. Оларды аудан орталығында, сахналары кең ауылдарды аралап қойып шыққан. Кейіннен өзі жазған «Алпамыс батыр» драмасын да сахналапты. Бүгінде халыққа кеңінен танымал белгілі журналист, жазушы Қали Сәрсенбай осы спектакльдерде мектеп оқушысы кезінде Тұрсын Ахметова екеуі басты рөлдерді келістіріп ойнапты. Танымал журналист, Мемлекеттік «Дарын», «Серпер» сыйлықтарының лауреаты, Болатбек Төлепберген, жезтаңдай әнші, республикалық, халықаралық дәстүрлі ән конкурстарының бірнеше дүркін лауреаты, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты Сәуле Жанпейісова, Халықаралық фольклоршы-әншілер конкурсының бірнеше дүркін лауреаты, Қырғыз Республикасының Ош қаласында өткен халықаралық ән конкурсының Гран-При иегері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Ардақ Исатаевалар Пернекеңнің тікелей төл шәкірттері. Пернебай Дүйсенбиннің кезінде аса мол тиражбен басылып шыққан «Кішкентай генералдар» жинағы да қаламының өрістеуіне көп әсерін тигізді. Олардың қатарында «Кішкентай генералдар», «Біз, Төлепбек атай, самолет командирі және Пальма», «Сары Сөмке және оның достары», «Саят» секілді повестер бар. Осы шығармалар туралы көрнекті жазушылар, сыншылар Мұхтар Мағауин, Әзілхан Нұршайықов, Кәдірбек Сегізбаев, Бекен Ыбырайымов, Жүсіпбек Қорғасбек, Сейітжан Омаров, Мәди Айымбетов, Қали Сәрсенбай, Жақау Дәуренбеков, Сәмен Құлбарақ, дәрігер- ғалым Сағындық Ордабековтер жоғары баға беріпті. Жалпы, Пернебай Дүйсенбиннің балалар тақырыбына жазылған шығармалары бес рет республикалық, екі рет халықаралық конкурстарда бәйге алды. Бұл конкурстардың барлығы да жабық болып өткендігін атап айтуымыз керек. Кейін Рахымжан Отарбаев атындағы қор ұйымдастырған әңгімелер конкурсында да жүлде иеленді. Бір сөзбен айтқанда, ауылда жүріп қолынан қаламын тастамаған Пернебай Дүйсенбинді еліміздің ең таңдаулы жазушы-ақындары мойындады. Мәселен, «Жұлдыздар неге жылайды?» деген повесі 1979 жылы республикалық «Жалын» журналына толық басылыпты. Ол уақытта «Жұлдыз», «Жалын» журналдарының беделі өте жоғары, таралымы көп. «Жұлдыздар неге жылайды?» повесінде сұрапыл соғыс кезінде ауылда өмір сүрген, құлындай ойнап, құрақ ұшып жүрген Тайжан баланың тосын кеселден тілсіз, мылқау болып қалған тағдыры бейнеленген. Соғыс зардабын басынан өткеріп жатқан ауылдағы бар жай бала сезімі арқылы беріледі. Сондықтан да повесте бір ауыз диалог жоқ. Танымал сыншы Гүлзия Пірәлиева бұл шығарманы соңғы жылдары қазақ әдебиетінде лирикалық жанрда жазылған ең сәтті туынды деп бағалапты. Пернебай Дүйсенбин КСРО Жазушылар одағының мүшелігіне 1990 жылы өткен. Ол кезде КСРО мемлекеті тарамаған. Жазушылар одағының беделі жоғары еді. Мүшелікке өту оңай болмайтын. Үлкен іріктеуден өтіп, іліккен. Қызыл билетті Жазушылар съезі алдында салтанатты жағдайда тапсырды. Билетке КСРО Жазушылар одағының бірінші хатшысы Георгий Марков, Қазақстаннан Олжас Сүлейменов қол қойған. Пернебайдың арманы журналист болу еді. Мамандығы журналист болса да аудандық партия комитеті мен атқару комитеті, облыстық оқу бөлімі оны мектеп директорлығына жіберді. Бірақ, сол жылдардың өзінде біршама басылымдарға қатысып, мақала, әңгіме жазып тұрды. Жаңатас қаласындағы «Қаратау кеншісі – Горняк Каратау» газетінің орыс бөлімінде бір жылдай істеді. 1998 жылы комбинат басшылығы «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің ақпарат бюросының бастығы – газет редакторы етіп тағайындады. Осы жылдары облыстық газеттерге белсене қатысты. Сол кездегі бас редактор Әлдихан Қалдыбаевтың қолынан «Aq jol» газетінің штаттан тыс тілшісі куәлігін алған. Пернебай Дүйсенбиннің Жаңатаста тұруы – сарысулықтар үшін үлкен олжа. Ол Сарысудың бүкіл тарихын жазды. Олар «Сарысунама», «Шежірелі Сарысу» деп аталады. «Мен оқуға 1962 жылы түстім ғой. 1964-1967 жылдары әскер қатарында болдым. 1969 жылы оқу бітірдім. Біздер оқыған кезде қазақ әдебиетінің Мұхтар Әуезовтен басқа алыптарының бәрі дерлік тірі еді. Кездесулерге қатыстық. Сол жылдары Қазақстан Комсомол комитетінің бірінші басшысы Өзбекәлі Жәнібеков жемісті қызмет етті. Рухы сергек, әдебиет пен өнердің, мәдениеттің шынайы жанашыры болды. Кабинетіне Сәбит Мұқанов келіп, «Жұпархан» поэмасын әдебиетсүйер жастар алдында оқыды. Сонда ақын Тұманбай Молдағалиевті алғаш көрдім. Әрі қызулана, әрі шешен сөйлеген Әбіш Кекілбаев екеуі айтысып қалды. Бүкіл кеш бойы есіктің ішкі жақтауына сүйеніп тұрып тыңдаған Асқар Сүлейменов ләм-мим деп тіл қатқан жоқ. Өзбекәлі аға аса сабырлы, ілтипатпен кездесуді қорытындылап, абыз жазушыға алғыс айтты. Ғабит Мүсіреповті, Ғабиден Мұстафинді, Тахауи Ахтановты, Қасым Қайсеновті, Қадыр Мырзалиевті, Рамазан Тоқтаровты, Хамит Ерғалиевтерді, тыңдадық. Жалпы, мен Ілияс Жансүгіровтің сүйіктісі болған Фатиманы да, Бейімбеттің зайыбы Күлжәмиланы да көрдім. 1964 жылы мен әскерге кетерден ай жарым шамасы бұрын Алматыдағы Жастар театрында республикалық театрлар фестивалі өтті. Сонда Гурьев (осы күнгі Атырау) облыстық драма театры қойған «Шұғаның белгісі» пьесасы бірінші орынды жеңіп алды. Жеңімпаз театрдың осы қойылымы қалың көрермендерге қайта ұсынылды. Бір қызығы, 4-қатардағы орным даңқты актер Серке Қожамқұловпен қатар болды. Спектакль аяқталған соң артистерді қошеметтеу салтанатында Бейімбет Майлиннің жары адамның аза бойын қаза қылған зар дауыспен жоқтау айтып, сахнаға көтерілді. Өн бойында кісіге деген қылдай қиянаты жоқ аяулы ардағын қазақи зармен жоқтауға қосты. Менің де көзіме жас келді. Қасымдағы Серке аға орамалымен көзінің жасын сүртіп жатты. Осы бір ауыр сәтте залда жыламаған адам қалған жоқ-ау», деп толғанады жазушы. Жазушы Пернебай Дүйсенбиннің жары Зағиша Сманқызы Жамбыл педучилищесін үздік бітірген. Кейін Қазақ мемлекеттік университетін сырттай бітіріп, Жайылма ауылында ұзақ жылдар ұстаз болып, еңбек етті. Ұл-қыздары немерелері әр салада қызмет атқарады. Мерейлі 80 жасқа Пернебай Дүйсенбин мол абырой, толағай табыстарымен жетіп отыр. Қаламгердің өнегелі жолы – барша қалам ұстаған жастарға үлгі.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар