«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әнұранның әсері

Әнұранның әсері
ашық дереккөз
Әнұранның әсері
Елімізді айшықтайтын рәміздеріміздің бастыларының бірі – Әнұран. Оның сөзінде де, әуенінде де тыңдағанға ерекше рух беріп, қайраттандырып, жүректі тербейтін бір әсер болуы шарт. Асқақтай орындалып, жүрекке жететін еліміздің Әнұраны да тыңдағанды тебірентпей қоймайды..

Біраз жыл бұрын бірге жұмыс істеген Елена Николаевна есімді неміс ұлтының өкілі мүлдем қазақша сөз білмейтін. Бірақ Әнұран орындалса, қос жанары жасқа толып, тыңдайтын.

– Неге екенін білмеймін, Әнұранды тыңдай бергім келеді. Осы әнді естісем жүрегім толқып, егіліп тұрып жылағым келеді. Іштей жігерленіп кетемін. Бірақ, бір де бір сөзін түсінбеймін, сонда да өткір, жалынды сөз барын ұғамын. Тіпті, салтанатты жиналыстарға Әнұранды тыңдау үшін барамын. Үнтаспаға жазылғанын тыңдағаннан да көп адамның орындағанын көріп тұрып тыңдағанның жөні бөлек. Тіпті, кейде сөзін білмесем де көп ішінде аузым жыбырлап, әнге қалай қосылып кеткенімді де сезбей қаламын, – деген еді ол бірде. Сөзін ұқпаған өзге ұлттың өкіліне осылай әсер еткен Әнұранның өзімізге берер әсерін тілмен жеткізе алмаспыз. Әнұранның тарихына ой жүгіртсек, ертедегі бабаларымыздың уақытында да айбынды асқақтатар осындай ән болғаны еске түседі. Ол баршаға ұран тастайтын, ел шетіне жау тигенде сарбаздарға хабар беріп, жігерлендіретін ән болған екен. Онда халықтың, ұлттың, мемлекеттің, елдің бірлігінің нышаны сипатталған. Егемен еліміздің мемлекеттік Гимні бүгінге дейін 1992 және 2006 жылдары екі рет бекітілді. Еліміз өз егемендігін алып, республика болып құрылғаннан кейін 1992 жылы мемлекеттік Әнұранның музыкасы мен мәтініне байқау жарияланды. Үміткерлерден келген мәтін мен музыкалар іріктеліп, байқау нәтижесінде Қазақ КСР Гимнінің музыкалық редакциясын сақтау туралы шешім қабылданды. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Гимнінің музыкасының авторлары Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди болып бекітілді. Ал, үздік мәтінге жарияланған байқаудан белгілі ақындар Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева жеңіп, аталған авторлар ұжымының мәтіні Әнұран болып таныстырылды. Кейін 2006 жылы елдің дыбыстық рәмізінің танымалдылығын арттыру үшін жаңа мемлекеттік Гимн қабылданды. Оған негіз болып халық арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным!» патриоттық әні таңдап алынды. Ол әнді Шәмші Қалдаяқов 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазыпты. Мағыналығымен ел ішінде ауыздан ауызға тарап, танылған «Менің Қазақстаным!» әнінің де терең тарихы бар. Бүгінгі Елордамыз Астана қаласы Ақмола аталып, оған қарасты бес облысты бір өлке етіп Ресейге бермекші деген сыбысты естіген Шәмші Қалдаяқов аса қадірлі Атамекеннің тағдырына бей-жай қарай алмай, өзінің өнерімен араша түскісі келеді. Қазақтың байтақ даласының дән егіп, жайқалып жатқаны, оның бөлшектенгелі тұрған бұлыңғыр тағдыры жанына қатты батып, толқыған жүректен ән туады. Сөзін ақын Жұмекен Нәжімеденов жазып, алғаш рет әнші Жамал Омарова орындайды. Ән радиодан күнде бірнеше рет беріліп тұрады. Әнді белгілі журналдардың біріне жариялау үшін мәтінін алып барғанда бір дөкей «Ішінде партия туралы бір ауыз сөз жоқ, біз алдымен соны жырлауымыз керек», дегенде композитор Шәмші Қалдаяқов «Жоқ. Мен әнімді қайран елім – Қазақстаныма арнап отырмын, өз елімді, өз жерімді ешбір саясатсыз, адал көңіліммен жырлағым келеді», деген екен. Сол сәттерді еске алған сұхбаттарының бірінде композитор «Бұл менің қазақ жерім, киелі, қасиетті мекенімізді бөлшектеуге білдірген қарсылығым еді» деп, туған жерінің тағдыры таласқа түскенде өнерімен араша тұрған перзенттік күресін жеткізіпті. Осындай шексіз махаббатпен, күрескерлік ниетпен дүниеге келген ән кейін де 1986 жылдың желтоқсанындағы көтерілісте ел тағдырына араша түсті. Қыстың аязына қарамай билікке өз ойларын айтуға алаңға шыққан жастар «Менің Қазақстаным!» әнін бірге шырқап, барша елді рухтандырған болатын. Шүкір, сол жанкештіліктің нәтижесінде Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Отанның егемендігі, туған жердің бөлшектенбеуі үшін шырқалған «Менің Қазақстаным!» әніне Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев әнге мемлекеттік Гимн жоғары мәртебесін беру үшін және анағұрлым салтанатты шырқалуын көздеп алғашқы мәтініне аздаған өзгерістер енгізді. Парламент 2006 жылы 6 қаңтарда палаталардың бірлескен отырысында «Мемлекеттік рәміздер туралы» Жарлыққа тиісті түзету енгізіп, еліміздің жаңа мемлекеттік Гимні болып «Менің Қазақстаным!» әні бекітілді. Алыс жолға шыққан бір сапарымда пойыз ішіндегі іші пысқан 5-6 кішкентай балалардың сөздері еріксіз назар аудартты. Әрнені айтысып ойнап отырып, ішінде біреуі «Ән айтайық, қандай әнді білесіңдер?» деді жанындағы жолдастарына. Он шақты бала бірдей «Менің Қазақстаным!» деп шұрқырасты. Бастамашы бала «Кеттік онда...» деді де бәрі бірдей Әнұранды шырқай жөнелді. Бастапқыда отырған орындарында айтып бастаған балалар Әнұранды айтқан сайын жігерленіп, орындарынан тік тұрып, оң қолдарымен жүрек тұсын басып, бастарын тік көтеріп, биікке көз қадап тұра қалды. Түрлеріне қарағанда мектепке әлі бармаған немесе мектеп табалдырығын енді аттаған бүлдіршіндерге ұқсайды. Бірақ, олар үлкен адамдардай бірдей қалыпта тұрып, Әнұранның мәтінін толық орындап шықты. Айналасындағы ересектерді де тамсандырды, ән айтылып бола бергенде сол вагондағылардың бәрі қол соғып, балақайларға қошемет көрсетіп, «Әй, жарайсыңдар!», «Міне, нағыз азамат!», «Қазақстанның болашақтары ғой...» деп сөзбен марапаттап жатты. Әнұранның әсері оң-солын енді танып келе жатқан бүлдіршіндердің жүректеріне де жеткені мені таңдандырды.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар