Тұғыры биік Талас, қазынасы мол Қаратау

Тұғыры биік Талас, қазынасы мол Қаратау
ашық дереккөз
Тұғыры биік Талас, қазынасы мол Қаратау
Сіз бен біз, қазақ пен алаш тұрмақ, сақтан арыда, түркінің тұғырында, жалпы адамзаттың пайда болған алғашқы кездерінен Тәңірқазған боп сыр шертіп, Бөріқазған боп толғанатын қасиетті Қаратау, текті Талас жері ұлт руханиятының алтын бесігі деп айта аламыз. Күні кеше осы қаймағы бұзылмаған қастерлі мекенде ауданның мәдениет күндері дүркіреп өтті. Өлкенің өнерпаздары ауданның 95 жылдығы мен Қаратау қаласының 60 жылдығын сән-салтанаты жарасқан мерекеге айналдырды. Айтулы іс-шара әуелі ұлттық спорт түрлерінен бастау алды. «Атшабар» алаңында ат спортына қатысты ұлттық ойындардың ешбірі назардан тыс қалмады. Қыз қууда Қызыләуіт ауылының шабандозы Аяулым Мұхаметқалиева ат үстінде керемет өнер көрсетіп, жігіттен басым түсті. Теңге ілуде С.Шәкіров ауылының мақтанышы Нұрдәулет Әлімбек жеңімпаз атанды. Ол бес жерге лақтырылған теңгені түгел іліп өтті. Көкпар тартудан Ойық ауылының көкпаршылары жеңіске жетсе, жүлделі екінші және үшінші орындарды Аққұм мен Қызыләуіттің темір тақымды тарландары қанжығаға байлады. Ауданның орталық алаңында да спорттық жарыстар өтіп, балуандар күресіп, арқан тарту бәсекесі қызықты өтті. Арқан тарту спортынан Қаратау қаласының құрамасы топ жарды. Кір тасын көтеру жарысы да тартысқа толы болды. Таласта кір тасын көтеруге ниетті спортшы жігіттер аз емес екен. Көпшілік ерекше қызықты сәттердің де куәсі болды. Мәселен, белгілі спортшы Берік Пшанов құлағымен кір тасын көтерсе, шәкірттері тісімен жеңіл көлік сүйреді. Міне, осылайша Талас төріндегі тойда спортшылар жан-жақты өнер көрсетіп, қонақтарға ерекше әсер сыйлады. Бұл жарысты арнайы барып тамашалаған жазушы, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Елен Әлімжан ұлттық спортты ұлықтап жүрген ұландарға бата берді. Ал ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов: «Таластық жігіттердің ат спортына бейім екені ерекше байқалды. Тіпті, Аяулым Мұхаметқалиева деген қыздың ат үстінде еркін қимылы, қыз қуу жарысындағы батырлығы керемет болды. Таластағы ғажайып тойға куә болдық. Үлкен әсерге бөлендік», деді. Ал, орталық стадионда өткен мәдени іс-шараны облыс әкімі аппаратының басшысы Мәди Мәтен құттықтау сөзімен ашып берді. – Талас ауданы Шона Смаханұлы, Нарша Қашағанұлы, Күләш Ахметова, Рафаэль Ниязбек, Үміт Битенова, Мұқасан Шахзадаев, Амантай Дәулетбеков, Сәду Шәкіров сынды ақын-жазушылар, ғалымдар мен мәдениет майталмандары шыққан киелі мекен. Рухы мығым, руханияты мықты еліміздің, өңіріміздің әрбір жетістігі өздеріңіздің берекелі бірлік пен еселі еңбектеріңіздің жемісі. Мәдениет күндері облыстық деңгейде өтіп жатқандықтан, сарапшылар комиссиясы әр ауданның мәдениет саласы бойынша жетістігін бағалап, оң бағасын беретін болады. Сіздерді алдыңғы қатардан көреміз деп ойлаймыз, – деді Мәди Мейірбекұлы. Алашқа аты мәшһүр Таластың мәдениет күні аясында өңір өнерпаздары концерттік бағдарламасын тарту етті. Концерт аудан тарихына шолу жасау мақсатындағы қойылыммен басталды. Қойылымда Талас ауданына ерен еңбегі сіңген азаматтардың бейнесі көрініс тапты. Нақтырақ айтсақ, Талас ауданының тумасы, Социалистік Еңбек Ері Әбітай Бекболатовтың мал шаруашылығына қосқан орасан зор еңбегі, Ж.Шәріпұлы мен С.Исалдайұлының Қаратау қаласының өсіп-өркендеуіне және білім саласына қосқан үлестері қойылым арқылы көрермен назарына жол тартты. «Абат» этнотобының «Таласым – туған жер» әнімен, би композициясына ұласқан концертте аудан түлегі, республикаға танымал әнші Мұқасан Шахзадаев та өнер көрсетті. Сондай-ақ, К.Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншілері Айгүл Мақашева, Мадина Сағынбекова, Жәнібек Бестерек те өнерлерін ортаға салды. Киелі өлкенің мерейлі тойымен тұспа-тұс келген мәдениет күні барысында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі, спорттық шаралар, тақырыптық көрмелер мен концерттік бағдарлама көпшілік назарына ұсынылды.  

Есет ДОСАЛЫ,

Нұржан ҚАДІРӘЛІ.

Талас ауданы

Ұқсас жаңалықтар