Тапсырма тиісті деңгейде орындалды

Тапсырма тиісті деңгейде орындалды
ашық дереккөз
Тапсырма тиісті деңгейде орындалды
Өткен жылы облыс әкімдігінде мемлекеттік орман қоры жерінде кеспеағаш аймағынан тыс жерлердегі қоқысты жинау арқылы жергілікті халықты отандық ағашпен қамтамасыз ету үшін бекітілген шекті сома жергілікті халықтың ұсынысына сәйкес қайта қаралған болатын. Сондай-ақ, өткен жылдың 10 қазанынан бастап, әр тұрғынға төрт текше метр сексеуіл отынын босату құны 51034 теңгеден 46691 теңгеге төмендетілді. Тарқатып айтар болсақ, Мойынқұм ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесі жауапты мамандарының мәліметінше, 2017 жылға дейін орман шаруашылығы орман қорының кеспеағаш аймағынан тыс жерлерден жергілікті тұрғындарға сексеуіл қоқысын әр отбасына төрт текше метр көлемінде тегін босатып келген. Сексеуіл екпелерін сақтау мақсатында Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі сексеуіл екпелерінде ағаш кесуге биылғы жылдың 31 желтоқсанына дейін тыйым салынған. Сонымен қатар, 2017 жылдың 15 маусымында Қазақстан Республикасы Орман кодексінің 91-бабының 1-тармағына өзгерістер енгізіліп, сексеуіл екпелерінде халық өздігінен қураған сексеуіл отынын жинай алмайтынын, қураған сексеуіл отынын жинау мен сатуды тек мемлекеттік орман иеленушілер жүзеге асырады деп белгілеген. Одан бөлек, Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 12 сәуірдегі «Сауда қызметін реттеу туралы» №544 Заңының 32-бабына сәйкес, сексеуіл сүрегінен жасалған өнімді, елдегі орман заңнамасына сәйкес мемлекеттік орман иеленушілердің қураған сексеуіл отынын жинау мен сатуын қоспағанда, мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі сексеуіл екпелерін кесуге тыйым салу қолданылатын кезеңде жеке тұлғалардың сексеуіл өнімдерін сатуға тыйым салынған. Аталған заңнама аясында Мойынқұм, Қылышбай, Қарабөгет, Ұланбел ауылдық округ әкімдіктерінің ұсынған тізімі бойынша Мойынқұм ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі кеспеағаш аймағынан тыс жерлерде өздігінен құлап жерде жатқан қоқымдарды (қара шірік сексеуіл) жинап, бір орталықтан жергілікті халықты отындық ағашпен қамтамасыз етіп, яғни бұл мәселе бойынша тікелей орман шаруашылығы мекемесі айналысып келген. Осыған орай, бір текше метрі калькуляцияға сәйкес 12758,59 теңгеге есептеліп, жергілікті халыққа тиесілі төрт текше метр сексеуіл қоқысына 51034,36 теңге төленетін. Ал, калькуляцияның шығындық құнын төмендету мақсатында жаңа калькуляция жасалып, бір текше метр сексеуіл қоқысының босату құны 12758,59 теңгеден 11672,87 теңгеге төмендетілді. Сонымен қатар, әр тұрғынға тиесілі төрт текше метр сексеуіл қоқысының құны 51034,36 теңгенің орнына 46691,48 теңгені құрап, калькуляциялық шығын құны 4342,88 теңгеге төмендеді.  

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Ұқсас жаңалықтар