1962 жыл. Шымкент қаласы. Қаланың көрнекті жерлерінде «Қазақстан ақын-жазушыларының конференциясы» деген жарнамалар. Қала халқы абыр-сабыр, әсіресе, студенттер қауымы. Оның басты себебі: Шымкент педагогикалық институтының оқытушылары және студенттерімен болатын Баукеңнің кездесуі. Конференцияның ашылуына 5-6 күн қалғанда түкпір-түкпірдегі ақын-жазушылар тобы лек-легімен қалаға келіп жатты. Ақын-жазушылардың өздерінен шығармалары туралы көп естеліктер естіген студенттердің жүздері бал-бұл жанған, қуанышты. Ал, біздің күткеніміз – Бауыржан Момышұлы. Ол кісі Куба Республикасына жуырда сапарлап барып келген еді... Сол сапары туралы жастар газеті «Лениншіл жаста» «Куба әсерлері» атты мақаласы жарық көрген. Біз сол мақаланы қызыға оқығанбыз. Конференцияның басталуына екі күн қалғанда Баукең Шымкент қаласына келіп, бізбен кездесуге институттың акт залына қасында жұбайы және оқу орны басшылары мен мұғалімдері бар, сәлем бере кірді. Батыр-жазушыны орнымыздан көтеріліп, шапалақ ұрып қарсы алдық. Проректор Сәрсенбаев Баукеңмен кездесудің бүгін сәті келгенін тілге тиек етіп, Баукең жайлы қысқаша мағлұмат айту үшін сөз кезегін жазушы А. Байтанаевқа берді. Байтанаев батырдың өмірі туралы қысқаша сөйлеп, Баукеңнің Куба Республикасына туристік сапармен барғанда алған әсерлерін баяндайтынын айта келіп, көпшілікке: «Баукең қай тілде сөйлесін қазақша ма, әлде орысша ма?» деп сауал тастады. Жиылған жұртшылық: «қазақша, қазақша» деп сұрандық. Баукең орнынан тұрып: «Я вам покажу қазақша, здесь сидящие 99% владеет русского, так что я на русском», – деп мінбеге қарай аяңдады. Сөзінің басында Куба Республикасына бару себебіне тоқталды. Куба президенті Фидель Кастро Ташкентке дипломатиялық сапармен келгенінде «Куба халқының жеңістеріне үлкен үлес қосқан яғни, жауынгерлерге патриоттық рух берген А. Бектің «Арпалыс» атты кітабындағы Баукеңнің Отанға, адамдарға деген сүйіспеншілігі, оның тапқыр ойлары, тактикаларының әсерлері мол болғандығын айта келіп, «Шынымен Бауыржан деген болған ба, болса қайда?» деп сауал тастаған. Ташкенттегі ағайындар «ол Алматыда кітап жазумен шұғылданып жатыр», – дейді. Сонда Куба президенті: «егер бар болса, біздің Кубаға келсін» деген екен. Ф. Кастроның Куба Республикасына шақырғанын естігеннен соң, Баукең Жазушылар одағынан қаржы сұрап барса, ондағылар қаржының жоқ екендігін алға тартады. Баукең өз қаражатымен туристік сапармен Куба Республикасына самолетпен ұшып барады. «Самолеттен түсер кезімде оң қолымды алға созып, «Қаһарман Куба халқына сәлем» дегенімде журналистер мен кинорепортерлер қоршап алып, кім екенімді сұрады. Мен мән-жайымды айттым да туристік базадағы қонақ үйіне жол тарттым. Екі-үш күн қаланы араладым. Бір кубалық жігіт мені Рауль Кастро шақырып жатқанын айтып, соған алып келді. Онымен тілмаш арқылы сұхбаттасып отырып, Фидель Кастроның қайда екендігін сұрадым. Оның қазір қалада жоқ екендігін, бір қалаларда төңкеріс болғанын, соны басуға кеткенін айтып ол маған арнайы тілмаш пен экскурсовед берді де, менің туристік сапарымды бір аптаға создырды. Кубадан алған әсерлерім туралы газеттен оқыған шығарсыңдар. Оқымағандарың оқыңдар», – деп Бауыржан Момышұлы сөзін аяқтады. Берілген бірнеше сұрақтарға нақты жауаптар қайтарды. Конференция салтанатты түрде ашылғаннан соң, ақындар өлеңдерін оқыса, жазушылар жазылған кітаптар жайлы әңгіме қозғады. Сөз алған Баукең біраз жайттар туралы айта келе «некоторые писатели, поэты пишет о войне, не знаят даже запах пороха, где реальность» деп бір түйреп өтті де, президиумдағыларға қарап «Вот это сидящие исключили меня из состав писателей, но им я докажу, докажу», – деп мінбеден түсіп кетті. 50 жылдан асса да халқымыздың намысы болған ер Баукеңнің 1962 жылғы бейнесі әлі көз алдымда.
Балтабай Бәйтелиев, қарт ұстаз.
Байзақ ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
«Сапалы білім – саналы ұрпақ кепілі» атты кездесу өтті
- 24 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді