Облыста 12 «Жайлы мектеп» салынады
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облысымызда 12 мектеп салу жоспарланған. Бұл бір ауысымда 9200, екі ауысымда 18,4 мың жаңа оқушы орнын ашуға мүмкіндік береді. Биыл аймақта 7 мектептің құрылысы басталады. Бұл мектептер келесі жылы пайдалануға берілмек. Атап айтқанда, 300-600 орындық оқу орындары 2024 жылдың 1 қыркүйегіне дейін, ал 900-2000 орындық мектептер келер жылдың соңына дейін балалардың игілігіне беріледі. 5 жайлы мектептің құрылысы келер жылы басталып, 2025 жылы тапсырылады деп жоспарланып отыр. Заманауи технологиялық және инженерлік жабдықтармен, ыңғайлы оқу және корпустық жиһазбен жабдықталатын мектептердің құрылысына жауапты «Samruk-Kazyna Construction» АҚ баспасөз қызметі жоба бойынша өңірде біраз жұмыстар атқарылғанын атап өтті. Бүгінде құрылыс жұмыстарының мердігерлері анықталған.
– Қазір мердігерлер жер учаскелерін құрылысқа дайындап, нысанды қоршау, бейнебақылау камераларын орнату, құрылыс техникасын жұмылдыру, инженерлік-геологиялық іздестіру және тағы да басқа жұмыстарды жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, мектептердің жобалық- сметалық құжаттамасы әзірленуде. Олар мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін құрылыс-монтаждау жұмыстары басталады, – дейді компанияның бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс бөлімі.
Тараз қаласы бойынша Шөлдала алқабында 600 орын, №13 шағынауданында 1200, №15 шағынауданындағы 1200 және 2000 орындық мектептер келер жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Шу қаласы мен Тоғай алқабындағы 600 орындық білім ордасының құрылысы 2025 жылы басталып, сол жылы тапсырылады. Ал, Байзақ ауданы Сарыкемер ауылында 600 орындық мектеп келесі жылы, Меркі ауылында дәл осындай орындық оқу ордасы арғы жылы балалардың игілігіне берілмекші. Жамбыл ауданы Шайқорық ауылында 300, Қордай ауданы Қордай ауылында 900 орындық мектептер 2025 жылы салынып бітеді. Келесі жылы Қордай ауданының Қаракемер, Қарасу ауылдарындағы 300 орындық білім ордасы бой көтереді деп жоспарлануда.
Жайлы мектептердің ауданы стандартты жалпы білім беретін оқу орындарынан 15-20 пайызға үлкенірек болады. Сондай-ақ, техникалық жарақтандыру үлесі 4 есеге ұлғаяды, яғни оқу кабинеттері интерактивті тақталармен және компьютерлермен жабдықталмақ.
Жаңа мектептерде балаларға теориялық дағдыларды бірден тәжірибеде қолдануға мүмкіндік беретін STEM-зертханалар, робототехника кабинеттері, хореография залы, бастауыш және жоғары сынып оқушылары мен мұғалімдер үшін бөлек коворкинг аймақтары болады.
Жоба бойынша ауыл мен қала мектебінің құрылысы бірізділікпен іске асып, жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынатын жайлы мектеп әрбір баланың жақсы оқуына, өзін жайлы сезінуіне ықпал етеді. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды. Әр блокта оқу кабинеттері, дәретханалар, спорт зал болады. Балалар үшін бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік шараларының орнатылуы жасөспірімдердің қауіпсіздігін толыққанды қамтамасыз етеді.
Оқушылардың шығармашылық дамуы мен демалуына тиісті жағдайлар жасалады. Мектеп ішінде оқулықтар мен жеке заттарды сақтауға арналған жеке шкафтар орнатылады. Білім алушылардың ауыр сөмкелерін біршама жеңілдетуге мүмкіндік туады. Одан бөлек, оқушыларға ыңғайлы болу үшін трансформер-парталар мен «ауыз су фонтандары», оқушыларға арналған тынығу алаңдары болады.Қолданыстағы стандарт бойынша мектептерге кіреберіс жол екі жағынан қамтамасыз етілуі тиіс, ал жайлы мектепте ені кемі 6 метр болатын кірме жолдар төрт жақтан салынбақшы. Бұл, біріншіден, ыңғайлы болса, екіншіден, өрт қауіпсіздігін, төтенше жағдайлардың болмауын қамтамасыз етеді. Оқушылардың шығармашылық дамуы мен демалуына тиісті жағдайлар жасалады. Мектеп ішінде оқулықтар мен жеке заттарды сақтауға арналған жеке шкафтар орнатылады. Білім алушылардың ауыр сөмкелерін біршама жеңілдетуге мүмкіндік туады. Одан бөлек, оқушыларға ыңғайлы болу үшін трансформер-парталар мен «ауыз су фонтандары», оқушыларға арналған тынығу алаңдары болады. Таңертең ата-аналар балаларын мектепке әкелгенде көлік кептелісі болмас үшін автотұрақтар кең әрі көп болады. Аялдамалар, бағдаршамдар, жүргіншілер жолағы, жылдамдық бәсеңдеткіштер де орнатылады. Бұл оқушылардың қолайлы жағдайда сапалы білім алуын қамтамасыз етеді. Жайлы мектептердің ерекшелігі мен артықшылықтарының бірі – білім ошақтарында кабинеттер мен спортзалдардың саны көбірек болуы. Мысалы, егер 300 орындық жайлы мектепте бір спорт залы болса, 600 орындық мектепте екеу болады, яғни үлкен және кіші залдар. 900 және 1200 орындық мектептерде 3 спорт залы жабдықталады, ал одан да үлкен мектептерде 4 спорт залы болады. Бекітілген жоспарға сәйкес, жайлы мектептер халық көп шоғырланған, оқушы орындары жетіспейтін өңірлерде салынады. Үш ауысымда оқу, спортзалдың жетіспеушілігі, мектепте бейнебақылаудың жоқтығы сынды түрлі қажеттіліктер осы ұлттық жоба шеңберінде шешіледі деп күтілуде. Аты айтып тұрғандай, бұл жоба жоспарлы түрде барлық жағынан оқушылардың жағдайын жақсарту мақсатында іске асады.
Назерке СӘНДІБЕК.
Ұқсас жаңалықтар
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
«Сапалы білім – саналы ұрпақ кепілі» атты кездесу өтті
- 24 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді