Тәрбие – мектепке дейінгі білімде

Тәрбие – мектепке дейінгі білімде
ашық дереккөз
Тәрбие – мектепке дейінгі білімде
ОБЛЫСТА ЖҰМЫС АТҚАРАТЫН 573 МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНДА БҮГІНДЕ 60 МЫҢ БАЛА ТӘРБИЕЛЕНУДЕ. ОНЫҢ ІШІНДЕ 40,3 ПАЙЫЗЫ ЖЕКЕМЕНШІК СЕКТОРЛАРДЫҢ ҮЛЕСІНДЕ. ОНДА ЖАЛПЫ БАЛАЛАРДЫҢ 42,8 ПАЙЫЗЫ ҚАМТЫЛҒАН. Бала – болашақ, ел ертеңі. Сол бір кішкентай адамның жұдырықтай жүрегіне құйылған тәрбие мен білімнің алғашқы діңгегі мектепке дейінгі тәрбие мекемелерінде берілетіні хақ. «Білсем, көрсем, үйренсем» деген балғын ниеттің қабырғасы балауса баланың жадына сол кезде қаланады. Отбасындағы ата-ананың ықыласы мен мейірімінен нәр алған бала балабақшадағы алғашқы өмір жолын нұсқаушы – тәрбиешісімен жалғайды. Мектепке дейінгі білім беру стандарты, мектепке дейінгі тәрбиемен мектепалды даярлық топтарында педагогикалық үрдісті ұйымдастыруда жаңашыл әдіс-тәсілдерді пайдалануға мүмкіндік береді. Балабақшада тәрбиелеу барысында инновациялық ойын технологиясының элементтерін пайдалана отырып, жан-жақты, білімді, құзыретті тұлға тәрбиелеуді әрбір тәрбиеші алдына мақсат етіп қойса, ел ертеңінің іргесі берік қаланғаны. Ұйымдастырылған оқу қызметінде жаңа технологияларды тиімді пайдалану – балалардың оқу қызметіне деген қызығушылығын арттырады, шығармашылық қабілетін дамытады. Бүгінгі таңда ілім-білім, технология қарыштап дамып, күн санап көркейіп келе жатқан тұста заман талабына сай ойы озық, зейіні қалыптасқан, қабілетті ұрпақ тәрбиелеу ең маңызды мәселелердің бастысы. Жан-жақты дамыған өнегелі, рухани ізденісі мол жас ұрпақ тәрбиелеудің мехнаты қандай ауыр болса, жемісі де сондай тәтті болмақ. Мектеп жасына дейінгі балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту үлесін арттыру мақсатында былтыр 2197 орындық 24 мектепке дейінгі ұйым ашу жоспарланып, 2270 орындық 20 жекеменшік балабақша ашылды. Нәтижесінде 2-6 жас арасындағы балаларды қамту үлесі 94,1 пайызды құраған. – Биыл «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы бойынша мектепке дейінгі тәрбие және оқытуға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды 94,2 пайызға дейін жеткізу көзделген. Осыған байланысты биыл 1937 орындық 17 жекеменшік балабақша ашу жоспарланып отыр. Бүгінгі күні мектепке дейінгі ұйымдарда 11326 осал отбасынан шыққан балалар тәрбиеленуде. Мектепке дейінгі ұйымдардағы тәрбиешілердің жалақысын қыркүйек айынан бастап көбейту бағытында жұмыс атқарылып келеді. Облыста Тараз қаласында орналасқан 280 орындық №35 «Ертөстік» және Жамбыл ауданында орналасқан 280 орындық «Нұршуақ» бөбекжай-бақшалары мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамыту моделін іске асыру шеңберіндегі «Өсу нүктелері» құзыреттілік орталықтары» және «Мектепке дейінгі ұйымдағы топта күн бойында екі педагог» пилоттық жобасына қатысты, – деді Мектепке дейінгі тәрбие орта және жалпыға міндетті білім беруді ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Айна Мераимова. Аталған жобаның мақсаты – мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласындағы озық тәжірибені балабақшалардың практикасына тарату және енгізу, педагогтердің жүктемесін азайту, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту сапасын арттыру. Пилоттық жобаға қатысқан «Ертөстік» бөбекжай-бақшасында бүгінде 10 топ бар. Оқу-тәрбие жұмыстары қазақ тілінде жүргізіледі. Онда 57 қызметкер жұмыс атқарады. Оның ішінде 26 педагог, 31 кіші қызметкер бар. Ұлттық тәрбие бере отырып, бала бойындағы эстетикалық талғамды жан-жақты дамытып, ұлттық дәстүр негізінде саламатты өмір салтын қалыптастыруды балабақшаның басты бағыт-бағдары етіп алған бақшадағы бала саны елуге жеткен. Балабақшада интеллектуалды ойындар жиі ұйымдастырылады. Мұндай ойындар баланың ойлау қабілетін дамытып, шапшаң әрі зерек болуына ықпал етеді. Балалардың әрбір іс-қимылын, мінез-құлқын зерттеу іс-әрекеті арқылы креативтілікті, сыни ойлауды, қимыл, коммуникативтік, танымдық, шығармашылық, әлеуметтік дағдыларды кіріктіріп, өз бетінше үйрену дағдыларын қалыптастыруға үйретеді. – Өткен оқу жылында Оқу-ағарту министрінің бұйрығы бойынша «Мектепке дейінгі ұйымдағы топта күн бойында екі педагог» пилоттық жобасына №4 «Алтын сақа» ересек тобымен №2 «Бәйтерек» мектепалды тобы қатысты. Жобаға қатысатын топтардың күн тәртібі құрылған соң, заттық-дамытушылық ортаны қалыптастыру барысында ойын кеңістігін қызығушылық орталықтары бойынша аймақтарға бөліп, жұмысты бастадық. Балалардың қалауын ескере отырып, тәрбиелеп отырып білім беру процесін ойын түрінде балалардың түрлі әрекеттері арқылы жүзеге асыруды көздедік. Бүгінгі таңда 2 қабаттағы дәліздерді рекреациялық-білім беру аймағына айналдырдық. Рекреациялық аймақтардағы барлық материал мен оқу құралының тәрбиеленушілерге қолжетімді, материалдар балалар үшін қауіпсіз, барлық талаптарға сай келеді, – деді балабақша меңгерушісі Гүлнар Тубаева.  

 Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ.

Ұқсас жаңалықтар