«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Абыройға жолдас болған азамат

Абыройға жолдас болған азамат
ашық дереккөз
Абыройға жолдас болған азамат
Оңласын Есіркепов – есімі облысымызға ғана емес, елімізге кеңінен танымал тұлға. Атпал да абзал, аққаптал азамат туралы сөз қозғалса, менің ойыма қазақтың: «Жылқыда да жылқы бар – қазанаты бір бөлек, жігітте де жігіт бар – азаматы бір бөлек» деген мақалы орала береді. Халқымыз: «Жігіттің жұмсаған күшін сұрама, бітірген ісін сұра» дейді. Ізеттілігімен, іскерлігімен, зор ұйымдастырушылық қабілетімен, біліктілігі және білімділігімен көп құрметіне бөленген Оңласын Қарабайұлының еліміздің өркендеуі мен игілігін еселеуге қосқан үлесі өлшеусіз. Оны барша жұрт құрметтейді, замандастары, әріптестері және дос-жарандары әркез үлгі тұтады. Турашылдық, уәдеге беріктік, адалдық және қолынан келсе жақсылық жасауға ұмтылып тұратын асыл қасиеттерін жарыса айтады. Абай: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың: адамшылықтың қарызы үшін қарекет қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың» дейді. Оңласын Қарабайұлының өмірбаянына үңілсең, бүкіл саналы ғұмыры ел игілігін еселеуге арналғанын айқын аңғарасың. Оңласын Қарабайұлы – Ұлы Отан соғысы нағыз қызып тұрған 1943 жылы Байзақ ауданының Көктал ауылында дүниеге келді. Осындай кезде өмірге келген балаларда бақытты балдәурен қайдан болсын? Елдегі қиындық, тұрмыс тауқыметі жасөспірім Оңласынды да ерте есейтті. Әкесі Қарабай мал баққан, анасы Мейізкүл қызылша өсірген, ауыл- аймаққа сыйлы азаматтар болатын. Ата-анасы үш қыздың ортасында дүниеге келген Оңласыннан үлкен үміт күтті. «Болар бала басынан» демекші, жастайынан зейінді, қағілез және ұқыпты жасөспірімнің бойына ізгілік, адалдық, еңбекқорлық және елді сыйлау сияқты қасиеттерді сіңірді. Ол өмір деген ұлы жолда өзіне жас кезінде дұрыс бағыт-бағдар берген ата-анасының тәрбиесін еш уақытта ұмытпайды. Аяулы да асыл жандарды әркез құрметпен еске алып отырады. Анасы Мейізкүл тігіп берген кенеп дорбаны иығына асып, ауылдағы бастауыш мектепте төрт жыл оқыды. Бесіншіден жетінші класқа дейін оқуды Көктал ауылынан 3-4 шақырым қашықтықтағы Құмжота ауылында жалғастырды. Атшаптырым жердегі білім ұясына жаяу барып келетін. Сол кезде сабақ берген Әубәкір Көшербаев, Құралбек Мырзабеков, Дайырбек Әтібеков және Оразбек Тазабеков сияқты ұстаздары шәкірттерінің есінде білімділігімен, ізеттілігімен және қарапайымдылығымен есте қалған. Сегізінші класты Тараз қаласындағы Жамбыл атындағы қазақ орта мектебінде жалғастырды. Білім ошағында дәріс берген сол кездегі ұстаздары Заман Сұлтанбеков, Рәш Сұлтанқұлов, Анна Берікболқызы, Кінәз Әлменқызы мен мектеп-интернаттың директоры болған Әкім Садықбековке ризашылығы шексіз. Мұғалім – араб сөзі. Білімді, ғұлама деген мағынаны білдіреді. Ол кезде мұғалім – елдегі ең беделді мамандықтың бірі болатын. Оңласын Қарабайұлының да аңс ары о сы мамандыққа ауды. Ол әсіресе география пәнін өте жақсы көретін. Географияға қатысты кітаптарды іздеп жүріп оқитын. Қалада оқып жүрген кезінде әкесі қайтыс болды. Үйдің ересегі болғандықтан, еңбекке ерте араласты. Жазғы демалыс кезінде сүт фермасында жұмыс істеді. Орта мектепті бітірген соң аңсаған арманның жетегіне еріп, Алматыдағы педагогикалық институтқа барды. Алайда, конкурстың талабы қатал болғандықтан, құжатын кайтарып алып, оны Жамбыл технологиялық институтына тапсырды. Әйтсе де, оған да үлгере алмай қалады. Бос жүруге болмайды, елден ұят. Содан Байзақ ауданына келіп, осындағы Еңбек ауылындағы мектепте 2-4 сыныптарға сабақ береді. Келесі жылы Жамбыл технологиялық институтына оқуға түседі. Бірақ, күзде институт аудиториясында дәріс тыңдауға емес, әскери борышын өтеуге шақырылады. Солтүстік әскери флотында қызмет етті. Үш жылда үлкен шынығу мектебінен өтті. Ол уақытта Кеңес Армиясы қатарында қызмет еткендердің арасындағы ерекше көзге түскен еті тірілері, белсенділері партия билетін алып қайтатын. Оңласын да осындай талап тұғырынан табылды, партия билетімен оралды. Бұл кезде Жамбыл технологиялық институтында жаңадан экономикалық факультет ашылып жатқан. Ол осы факультетке ауысты. Көп ұзамай жақсы оқу үлгерімі және белсенділігі ескеріліп, факультет комсомол ұйымының хатшысы болып сайланды. Ол өз міндетіне жоғары жауапкершілікпен қарап, жастар жетекшісіне лайық екенін көрсете білді. Студенттік досы Уалижан Ысқақов сол жылдар туралы: «Мен Оңласынмен институтта өткен спартакиадада таныстым. «Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» демекші, ол 100 метр қашықтыққа жүгіруде алдына жан салмады. Оның бойындағы батылдық, табандылық және жастық жігерді сол жолы анық байқадым.Жастармен жұмысты дөңгелетіп әкететініне көкірегімде нық сенім ұялады», – деп ағынан жарылады. Жасындай жарқылдап тұрған ол көп ұзамай ректор Хамза Сейітовтің ұсынысымен институт комсомол комитеті хатшысының орынбасары болып сайланды. Студенттік құрылыс қосындарының комиссары Талас, Сарысу және Мойынқұм аудандарында құрылыс жұмыстарын жүргізуге басшылық жасады. Оңласынның игі ісі үлкенді- кішілі жиналыстарда үлгі етіліп айтыла бастады. Ол туралы жақсы сөздер Алматыға, комсомолдың Орталық комитетіне жетті. Соңғы курста оқып жүргенінде институт партия комитетінің хатшысы әрі ұстазы Қуандық Тұрдалин Жамбыл педагогикалық институтына ректор болып ауысып, Оңласынды аттай қалап, өзімен бірге ала кетті. Институтта ол комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Студенттік жылдарда комсомол көрігінде шыңдалған оған зор сенім артылып, 1971 жылы Жамбыл қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Бұл – қала серпінді дамып, көркейіп жатқан кез болатын. Ол комсомол жетекшісі ретінде сол кезде іргесі қаланып жатқан химия алыптары – ЖЖФЗ, Химия өнеркәсібі зауыттарына Одақтың әртарапынан жастарды тарту, оларды орналастыру, жұмысқа жұмылдыру, бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру сияқты орасан жұмыстарды абыроймен атқарды. Компартия билеген заманда Алматы жоғары партия мектебіне оқуға өзін көрсете білген, сындардан сүрінбей өткендер ғана жіберілетін. Оңласынды о сында оқуға ұсынған Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Хасан Бектұрғанов болатын. Өңір басшысы оқуын бітіріп келген оған зор сенім артып, Жамбыл қант зауытына партия бюросының хатшысы етіп жіберді. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары республикада өндірілетін қант шикізатының 60 пайызы Жамбыл облысының үлесіне тиетін. Облыста бағалы дақылдан мол өнім өсіру ғана емес, оны өңдеп, ұқсату – маңызды шаруалардың бірі болды. Оңласын зауыт партия ұйымының жұмысын қысқа мерзімде дұрыс жолға қойды. Коммунистердің еңбек белсенділігі мен жауапкершілігін арттырды. Оның осындай зор ұйымдастырушылық қабілеті ескеріліп, облыстық партия комитетінің аппаратына шақырылды. Жалпы, ол қызмет таңдап немесе сұраған емес. Оны лауазымды, жауапты қызметтерге жоғарыдағы басшылар шақырып, тағайындайтын. Нарықтық экономика еліміздегі басшылар үшін үлкен сын болды. Оған көшу – олардан алғырлықты, білімділік пен біліктілікті талап етті. Нарықтық экономикаға көшумен айналысатын жаңа мемлекеттік органдар құрылған кезде облыста бірінші басшы Өмірбек Байгелді еді. Ол облыста жаңадан құрылған Мемлекеттік мүлік жөніндегі аумақтық комитет төрағалығына Оңласын Есіркеповті лайық көрді. Өмекең мұндай таңдау жасағанда оның басшылық жұмыстағы мол тәжірибесін, ұзақ жылдар халықпен қоян-қолтық қызмет атқарғанын, еңбекқорлығын және бойындағы басқа да жақсы қасиеттерін ескергені айқын. Облыс басшысы Оңласын Қарабайұлын 1993 жылдың 1 қыркүйегінде облыс әкімінің орынбасары – Мемлекеттік мүлік жөніндегі аумақтық комитет төрағасы етіп тағайындады. Елімізде 1992-1993 жылдары ұжымшарлар мен кеңшарларды жаппай жекешелендіру жүргізілгені белгілі. Өзге өңірлерге қарағанда Жамбыл облысында жекешелендіру үрдісі біршама әділ әрі ашық жүргізілді. Облыста 1997 жылдың 1 ақпанына дейін реформаланбаған бірде-бір ұжымшар қалған жоқ. Бұл – О.Есіркеповтің жекешелендіру ісінде де іскерлік танытып, жұмысты жүйелі жүргізгенінің нәтижесі еді. Бүгінде облыс орталығында табысты жұмыс істеп жатқан жекеменшік фирмалар мен кәсіпорындар негіздері сол жылдары қаланған болатын. Халқымыз: «Алмас пышақ қын түбінде жатпайды» деп текке айтпаса керек. Белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Сарыбай Қалмырзаев облысқа әкім болып келген кезде Оңласын Қарабайұлын облыс әкімдігі аппарат басшысы етіп тағайындады. Басшылық қызметтерде әбден ысылып, мол тәжірибе жинақтаған ол бұл қызметті де абыроймен атқарып, әкімнің оң қолы бола білді. Ол осы қызметте жүргенде білікті кадрлар тәрбиелеуге, оларды қабілетіне қарай өсіруге күш салды. Қазір облыста «біз Оңкеңнің кадрымыз» деген сөздерді мақтанышпен айтып жүрген басшылар аз емес. Серік Үмбетов облысты басқарған кезде Оңласын Есіркеповті ҚР Табиғи монополияларды реттеу Агенттігінің облыс бойынша департаментіне директор етіп тағайындады. Жұрт нарықтық экономика талабын терең түсіне алмай жатқан кезде осында Оңласын Есіркеповтің басшы болып келуі – мекеме жұмысына тың серпін берді. Сол кезде белгілі жазушы Әлдихан Қалдыбаевтың алқалы жиында: «Бұрын бұл елеусіз мекемелердің бірі еді. Оңласын басшы болып келгеннен кейін жұмысы күрт жанданып, облысымызға кеңінен танымал ұжымның біріне айналды» деп ағынан жарыла айтқаны әлі күнге естен шықпайды. Мекеменің насихаттау және терең түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде тұрғындар монополистердің коммуналдық қызмет бағасын негізсіз көтергендерін байқап, қарсылық білдіріп отырды. Тұтынушылардың мүддесін табандылықпен қорғаған, тексерулер жүргізіп, баға тәртібі мен монополияға қарсы заңдылық бұзылғаны анықталса шара қолданатын департамент беделі де артты. Әсіресе, департамент жүйелі ұйымдастыратын коммуналдық қызмет бағалары мен тарифтердің жобаларын алдын ала қарауға арналған жұртшылық тыңдауларына тұрғындар белсене қатысатын. Табандылық пен талапшылдық – Оңкеңнің бойында жастайынан қалыптасқан қасиеттер. Оны білетіндер бұдан жақсы хабардар. Тараздағы Зауыт ауданына қарасты Суперфосфат зауытында кеңестік кезеңде үлкен апат орын алды. Сол кездегі Зауыт аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы Оңласын Есіркепов комиссия құрып, апаттың себеп-салдарларын тексертті. Арасында зауыт директоры Г.Маймур да бар. Кінәлілерді жазаға тартып, аямай айыппұл салды. Қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы В.Банников Г.Маймурдың СОКП ХХVI съезіне делегат болып сайланғанын алға тартып, Оңласыннан шешімін өзгертуді талап етті. Бірақ ол: «Съезд делегаты болу Маймурға қауіпсіздік техникасын сақтауға салғырт қарауға, адамдардың өміріне қауіп төндіруге, мемлекетті қыруар шығынға ұшыратуға құқық бермейді. Уәжіме келіспесеңіз, қолыңыздан келгенді істеп, мәселемді бюрода қараңыз» деп шешімін өзгертпеді. В.Банников әлбетте, ондай қадамға бара алмады. Бюро шақырса, өзінің заңсыз әрекеті әшкере болатынын білді. Халқымыз: «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» дейді. Оңласынның достары мен сыйласатын қызметтес әріптестері көп. Кезінде қызметте жүргенде кездесіп, араласып, шапағатын көрген көптеген елімізге танымал тұлғалар жүрекжарды лебіздерін білдіріп кеткен болатын. Солардың арасында Шерхан Мұртаза, Шәмші Қалдаяқов, Асанәлі Әшімов, Мұхтар Алтынбаев және Жақсылық Үшкемпіров бар. Зейнетке шыққаннан кейін Қазақстан Республикасы мемлекеттік банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы қызметкерлері облыстық комитетінің төрағасы болып істеді. Оңласын о сы ұйымды басқарып жүргенде жас аған мемлекеттік мекемелер кәсіподағы облыстық комитетінің келісімі үздік құжат ретінде ТМД елдері кәсіподақтары кеңестері одағының мүшелеріне таратылды. Облысымыздан Халықаралық кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталған бірінші әрі бірден-бір азамат – Оңласын Есіркепов. Өмірі мен қызметін ел игілігін еселеуге арнаған азаматтың ұзақ жылдардағы белсенді де жемісті еңбегі елеусіз емес. Мемлекетіміздің мәртебелі марапатының бірі – «Құрмет» орденінің иегері. Жамбыл облысының және Тараз қаласының Құрметті азаматы. Байзақ ауданының Құрметті азаматы. Оның сіңірген еңбегіне қарай алған басқа да марапаттары аз емес. Жамбыл облыстық «Шымыр ата» қоғамдық қорының төрағасы. Ата- баба әруағын сыйлаған Оңкең дүйім жұрттың алғысын алып жүр. Қазақ тарихындағы айтулы тұлғалар Шымыр ата мен Байзақ датқаның бастарына ке сенелер тұрғызуға мұрындық болды. Біраз уақыттан бері Оңкеңнің ұйымдастыруымен Ташкенттегі Шымыр ата басында ұрпақтары Құран оқытып, ас беріп келеді. Елге танымал тұлғалардың мерейтойы мен асын ұйымдастырып жүргендердің бел ортасынан Оңласынды көресің. «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы облыста ұлттық құндылықт арымызды жаңғырту мақсатында 2018 жылы облыстық билер кеңесі туралы Ереже қабылдап, облыстық сотының ұйымдастыруымен елімізде алғашқылардың бірі болып, облыстық және аудандық ардагерлер ұйымдары жанынан билер кеңестері құрылды. Облыстық билер кеңесінің төрағалығына өмірлік тәжірибесі мол, өзін істе көрсеткен абыройы асқақ, беделі зор Оңласын Есіркепов сайланды. Оңкең бұл жұмыста да небір түйінді мәселелерді шеберлікпен шешіп, көпшіліктің алғысына бөленуде. Облыста билер кеңесінің жұмысы жандануына байланысты өңірде ел арасында дау-дамайларды азайтуға қол жеткізілді. Оңласын Есіркеповтің басшылығымен «Дәнекер» қанатқақты жобасы бойынша билер мен сот жүйесінің үйлесімді атқарған жұмыстары негізінде былтыр Тараз қаласында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің ұйымдастыруымен республикалық көшпелі семинар өткізілді. Онда Жамбыл облыстық билер кеңесінің атқарған жұмысы оң бағаланып, іс-тәжірибесі республикаға таратылды. Сондай-ақ, Оңкеңнің жетекшілігімен өткізілген «Шешендік өнер – асыл қазына» дөңгелек үстел мен «Батамен ел көгерер» атты облыстық батагөйлер байқауы – ұлтымыздың салт- дәстүрін ардақтап, халық қазынасын дүйім жұртқа насихаттаудың үлгісі болды. Халқымызда: «Ердің қосы оңбай – ісі оңбайды» деген аталы сөз бар. Бұл жағынан да Оңласынның жолы болған. Текті әулеттен шыққан, қазақ келіндерінің ежелгі ізгі қасиеттерін бойына терең сіңірген жұбайы Бибісарамен елу жылдан астам уақыттан бері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Ақ жүректі, ақ ниетті, парасатты жанның Оңкеңнің қызметте алаңсыз жұмыс істеуіне қосқан үлесі өлшеусіз. Ұлы Ербол мен келіні Айжан және қызы Алтынай бүгінде текті әулеттің тәлімді ісін лайықты жалғастырып келе жатқан азаматтар. Олардан көрген немерелері Аяна, Жан, Жәния, Әлижан және Ержан да ержетіп, бойжетіп атасы мен апасының көзқуаныштарына айналуда. Оңласын Қарабайұлы мен жеңгеміз Бибісара немерелерінің халқына адал қызмет етіп, ел мақтанышына айналатынына сенімдері мол. Болмысы бөлек Оңласын 80 деген биік шыңға осындай асқақ абыроймен, биік беделмен және толағай табыспен жетіп отыр.  

Еркінбек СОЛТЫБАЕВ,

облыстық ардагерлер кеңесі ұйымының төрағасы.

 
Яхия ШЫНӘСІЛҰЛЫ, әдебиет және өнер сыншысы: – Оңласын – туған нағашым. Ол жас кезінде-ақ алдына қойған мақсатын жүзеге асырмай тынбайтын алғыр болатын. Оның бойындағы осы қасиет қызмет еткен кезде талай асулардан асып, белестерді бағындыруға оң ықпалын тигізді.   Әбдінұр ӘСІЛБЕКОВ, досы, курстасы: – Оңласыннан үлгі алатын жақсы қасиеттер көп. Ол – оқуға да, жұмысқа да тиянақты. Оның әр сағаты, әр минуты өлшеулі, жоспарлы. Жастайынан қалыптасқан әдеті – қай уақытта болса да таңғы сағат 06:00-де оянады. Баратын жеріне бір минут кешікпейді, өзгенің де кешіккенін жаратпайды. Тазалықты, жинақылықты ұнатады. Қандай қызметте жүрсе де ағайынға, досқа деген бауырмалдығы мен жанашырлығы суыған емес. Туған ауылының азаматтарына, қарындастарына қамқоршы болды.   Аманкелді МОМЫШЕВ, қоғам қайраткері: – Оңласын Есіркеповтің іскерлігі облысты Сарыбай Қалмырзаев басқарып тұрғанда ерекше танылды. Аппарат жетекшісі болған ол жауапты қызметтерге қолынан іс келетін жас жігіттерді тартты. Оларды мемлекеттік қызметтің қыр-сырына баулыды, құжатпен жұмыс істеуге үйретті.   Жақсылық АЙБАСОВ, Қазақстан Тұтынушылар кооперациясының ардагері: – Оңласын – қарапайым, кішіпейіл. Ел игілігін еселеудегі ерен еңбегі үшін көптеген орден, медальдармен марапатталған. Әйтсе де, оларды кеудесіне жарқыратып тағып жүрмейді. Себебін сұрасаң: «Ел медальдарды емес, өзімді сыйлауы керек» деп жауап береді.   Қажы ҚОРҒАНҰЛЫ, журналист-публицист: – Ел сыйлаған азаматпен сұхбаттасып, өмірі, атқарған қызметі туралы кітап жаздым. Әңгіме барысында оның білімі терең, әдеби кітаптарды көп оқитынын, мерзімді басылымдарды күнделікті қадағалап отыратынын байқадым. Оңкең әсіресе, Абай мен Қадыр Мырзалиевтің шығармаларын жетік біледі.

Ұқсас жаңалықтар