ТарМУ-де "физикалық-химиялық зерттеу орталығы" ашылды
Химия өндірісінің орталығы саналатын облысымыз үшін осы салаға қажетті мамандарды даярлаудың маңызы зор. Сондай-ақ, ірі кәсіпорындар бүгінде инновациялық жобаларға сусап жүргені жасырын емес. Өндіріс ісінің өрге басуы осы екі мәселеге тікелей байланысты. Сондықтан, алдымен осы олқылықтардың орнын толтыру қажет-ақ. Мемлекетімізде ғылым мен инновацияны дамытуға баса көңіл бөлініп отырғандықтан, бұл түйткіл жақын күндерде шешілетіні анық. Тіпті, бұған керекті алғашқы қадам да жоспарланып, жүзеге асырылып қойды. Нақтырақ айтсақ, М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Технологиялық» факультеті «Химия және химиялық технология» кафедрасында «Физика-химиялық зерттеу орталығы» ашылды.
Университет ректоры Махметғали Сарыбеков осы бастаманың оқу орнының даму бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылып жатқанын айтты. «Соңғы екі жылдың ішінде барлық зертханалар жаңа жабдықтармен жабдықталды. Осының алдында біз су ресурстары, гидроқұрылымдық жабдықтар» зертханасын қайта жаңғырттық. Енді, міне, химия және химия технологиясы бойынша ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізетін орталықты ашып отырмыз. Өйткені, мұндай зертхана университет қана емес, жалпы өңіріміз үшін де маңызды екенін жақсы білеміз», – дейді Махметғали Нұрғалиұлы. Бұл жаңалық өңіріміздегі химия кәсіпорындары басшыларын селт еткізбей қалған жоқ. Зертхананың тұсаукесер рәсіміне «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мұқаш Ескендіров бастаған бірқатар өндіріс орындарының өкілдері қатысты. Зерттеу орталығы жаңа заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталыпты. «Аджилент» аталатын атомды-эмиссиялы спектрлік аппараты орнатылған атомды абсорбцияспектрлік және хоромотограф «Милихром – 5» құрылғысы қойылған хромотографтық, инфрақызылспектрлік, спектрофотометрлік зерттеулер жүргізетін төрт кабинет бар екен. Аталған зертханаларда кафедраның оқытушы-ғалымдары мен магистрлері, докторлары талай жылғы ізденістерін ары қарай жалғастыруға кірісіп те кетіпті. Олар осы шарада кәсіпорын өкілдеріне өз еңбектерінің өндірістік маңызын түсіндіруге мүмкіндік алды. – Мен «Болашақ» бағдарламасы бойынша Францияда тағылымдамадан өтіп, елге жуырда ғана оралған болатынмын. Шетелде ғылымға қалай көңіл бөлінетінін көрдім. Үлкен ғылыми-тәжірибелік симпозиумдарға қатыстық. Таразға келсем, мұнда да қарап жатпапты. Университеттегі ғылым жолындағы игі қадамдарды көріп, қуанып қалдым. Бір жылдың ішінде көп тәжірибе жинақтадым. Енді сол көріп, көкейге түйгенімді ары қарай зерттесем деймін, – дейді магистр, кафедраның аға оқытушысы Бауыржан Мырзахметов.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
«Сапалы білім – саналы ұрпақ кепілі» атты кездесу өтті
- 24 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді