Су добы шеберлерінде серпіліс бар

Су добы шеберлерінде серпіліс бар
ашық дереккөз
Су добы шеберлерінде серпіліс бар
Облысымызда бірқатар спорт түрлерімен қатар су добына да ерекше қолдау бар. Облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты «Айша бибі» су добы клубы қазіргі таңда айтарлықтай нәтиже көрсетіп отыр. Аталған клуб облыс әкімдігінің қаулысының негізінде 2010 жылы 30 желтоқсанда құрылған. Содан бергі 13 жылға жуық уақыт ішінде «Айша бибінің» қол жеткізген табыстары айтарлықтай. Аталған клуб бірнеше жылға жоспар жасап, сол межеге жету жолында тер төгіп келеді. 2018 жылы Индонезияның Джакарта қаласында өткен Азия ойындарында күміс жүлдені иеленсе, Әлем лигасының интерконтитенталдық кубогында 6- орыннан көрінді. Құрылғанына көп бола қоймаған команда үшін бұл аз жетістік емес. Осы жылы Ресейдің ашық чемпионатында да осы жеңісті қайталады. Ал, 2019 жылы Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында өткен Әлем чемпионатында 10 орынды иеленді. 2020 жылы «Covid-19» коронавирус пандемиясының себебінен «Айша бибі» қыздар клубы халықаралық іс-шараларға қатыса алған жоқ. 2021 жылғы нәтижелері де көңіл қуантады. Аталған жылы жерлестеріміз Ресейдің ашық чемпионатында қола жүлдегер атанды. Сондай-ақ, Италияда өткен Олимпиада ойындарына квалификациялық турнирде 6 орынды иеленді. Грекияның Афины қаласында өткен Әлем лигасының суперфинал ойындарында 8 орыннан көрінді. Азия чемпионатынан қола жүлде иеленгендері де айтарлықтай табыс. 2022 жылы әйелдер арасында Әлем чемпионатынан 10 орыннан, қыздар арасында Әлем чемпионатынан 11 орыннан көрініп, қуантты. Осылайша, аталған жылдарға жоспарланған меже сәтті орындалғанын байқауға болады. Қазіргі таңда «Айша бибі» су добы командасының аға жаттықтырушысы Марат Наурызбеков, жаттықтырушысы Андрей Сазыкин. Команда құрамындағы Анастасия Миршина, Валерия Аносова, Анастасия Еремина, Анна Новикова, Дарья Починок секілді үздік ойыншылар әр ойынға ерекше серпін беруде. Сондай-ақ, Мадина Рахманова, Камила Наурызбаева, Елизавета Руднева, Мария Мартыненко, Виктория Каплун де болашақтарынан үміт күттіреді. Команданың 2023 жылға жоспары да ауқымды. Атап айтқанда: Ресейдің Ашық чемпионатында 8 үздік команданың арасында болу, әйелдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионы болу, Қазақстан Республикасының Жазғы спартакиадасында облыс командасы сапында өнер көрсетіп, жеңімпаз атануды көздеп отыр. Сондай- ақ, Азия чемпионатында, Азия ойындарында жүлдегерлер қатарынан көріну, Қазақстанның құрама командасы сапында Жапонияның Фукуока қаласында өтетін Әлем чемпионатында ең үздік 12 құрама команданың сапына кіру міндеті тұр. Бұл жоспарды орындап шығу, әрине, оңай емес. Дегенмен, жерлестеріміз өздері жоспарлаған биік межені бағындыруға күш салып келеді. – Біздің клубтың ойыншылары Әлем чемпионатында жақсы нәтиже көрсете бастады. Ал, Азия мен Ресей чемпионаттарында үнемі жүлдеден көрініп жүрміз. Команданың құрамы жаман емес. Алдағы уақытта да біз команданы үздік ойыншылармен қамтып отыруға күш саламыз. Болашаққа жақсы жоспарлар жасап отырмыз. Оның барлығы кезең-кезеңімен жүзеге асады. Жеңіс жолында тер төге береміз деген ойдамыз. Оған команданың мүмкіндігі толық жетеді, – деді аталған клуб директоры Ербол Бабаев.  

Есет ДОСАЛЫ.

Ұқсас жаңалықтар