Өңір спорты өрлеу үстінде

Өңір спорты өрлеу үстінде
ашық дереккөз
Өңір спорты өрлеу үстінде
Елімізде тамыз айының үшінші жексенбісінде Спорт күні аталып өтіледі. Бұл күн осынау саланың дамуына әрі бұқаралық спорт қозғалысын кеңейтуге және спортшыларды ынталандыруға бағытталған саясатқа оң ықпал етуде. Бүгінде қазақстандық спорт саңлақтары түрлі халықаралық жарыстарда, олимпиада ойындарында үздік нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Біз осынау айтулы дата қарсаңында спорттың өңіріміздегі даму деңгейіне тоқталып, спортшыларымыздың жеткен жетістігін жіпке тізуді жөн көрдік. Есепті кезеңде жамбылдық саңлақтар түрлі республикалық және халықаралық жарыстарда қоржынымызға 537 жүлде салды. Оның ішінде, 201 алтын, 136 күміс, 200 қола медаль бар. Олардың қатарында, Сингапурда су добынан өткен Азия чемпионатында ұлттық құраманың негізін құрайтын «Айша Бибі» су добы клубы жеңімпаз атанып, алдағы қыркүйек айында өтетін жазғы Азия ойындарына жолдама иеленді. Айта кетейік, мұндай көрсеткіш ел тарихында соңғы рет 2004 жылы тіркелген болатын. Ал, «Әулие- Ата» көкпар командасы Шымкент қаласында өткен халықаралық турнирдің ақтық кездесуінде Қырғыз елінің командасын 11-2 есебімен ойсырата ұтып, өздерінің шын шебер екендіктерін тағы бір дәлелдеді. Ал, дәл осы турнирде жерлесіміз Бақдаулет Бабажан жамбы атудан Азия Кубогының иегері атанды. Жалпы, қазіргі таңда облыста жүйелі түрде спортпен шұғылданушылардың қатары 482,7 мың адамды құрап отыр. Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында жыл басынан бері облыс аумағында 2 мыңнан аса спорттық іс-шара ұйымдастырылып, онда жүз мыңнан астам адам қамтылды. Олардың қатарында футзал, бокс, су добы, тоғызқұмалақ, паражүзу, пауэрлифтинг, волейбол, самбо спорт түрлерінен ел чемпионаттарымен қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турниріне облыстық іріктеу, түрлі облыстық спартакиадалар мен «Көше ойындары – 2023» облыстық фестивальдары бар. Бұдан бөлек, мерекелік күндерге арналған бұқаралық спорттық шаралар да ұйымдастырылған. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Арман Ташметовтың айтуынша, бұқаралық спортпен айналысатын әулиеаталықтардың санын арттыру мақсатында нәтижелі жұмыстар орындалып, облыста спортты серік еткендердің қатары күн санап өсіп келеді. Сондай-ақ, өңірде спорт ғимараттарының материалдық- техникалық базасын нығайтуға көптеп көңіл бөлінуде. – Қашанда ел Туын әлемдік ареналарда желбіретіп, абыройымызды асқақтататын әрі беделімізді биіктететін спорт саңлақтары екені мәлім. Биылғы жылы жерлестеріміз үшін табысты басталды деп айтуға толық негіз бар. Мәселен, жыл басында дзюдодан өткен Еуропа Кубогында қос жерлесіміз Нұрзат Сәлімбаев күміс, Нұрсұлтан Ысқақов қола жүлдегер атанды. Бұдан бөлек, еркін күрестен елордамыз Астана қаласының төрінде өткен Азия чемпионатында Қалжан Рахат 57 килограмда қола жүлдеге қол жеткізді. Ал, Ғалымжан Қырықбайдың «Қазақстан барысы – 2023» турнирінде жеңімпаз атануы жамбылдықтардың мәртебесін тағы бір көтеріп тастады. Ол ақтық кездесуде маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғаповтан айласын асыра білді. Алдағы уақытта апайтөс балуанымыз даңқты ағасы Бейбіт Ыстыбаев сынды бірнеше дүркін жеңімпаз атанады деген үміт мол. Жалпы, спорттағы жетістігіміз бен жеңісіміз мұнымен тоқтап қалмайтынына күмән жоқ. Саңлақтарымыз алдағы дүбірлі додаларда жасындай жарқырап, өзгелерден оқ бойы оза шабады деп білеміз. Бұл үшін біздің барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Заманауи спорт нысандарының есігі спортшыларымыз үшін үнемі ашық, – деді Арман Бақытжанұлы. Рас, жамбылдық қыз-жігіттер жарап тұр. Мәселен, даңқы алысқа кеткен Жамбыл бокс мектебінің мәртебесі қазір де төмендеген емес. Бокстан ұлттық құраманың капитаны Асланбек Шымбергенов бастаған шаршы алаң шеберлері Ташкент төрінде өткен әлем чемпионатында шашасына шаң жұқтырған жоқ. Өзгесін айтпағанның өзінде, 71 килограммда өнер көрсеткен біздің Асланбек осынау дүбірлі додада қарсыластарын қоғадай жапырып, алтыннан алқа тақты. Жерлесіміз әлем чемпионатының ақтық сынында өзбек елінің мақтанышы Сайджамшид Жафаровты 5:0 есебімен айқын басымдықпен ұтып, жеңісті жолын жалғастырды. Жалпы, бұл жігіт 2018 жылғы Азия ойындарының және 2022 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері. Айта кетейік, арда туған Асланбек дәл жарыста атағынан ат үркетін үнді боксшысы Нишант Дивті де тізе бүктірген еді. Осылайша, ол араға 24 жыл салып Жамбыл жұртына алтын медаль сыйлады. Тағы бір айта кетерлігі, біздің Асланбек Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін XIX жазғы Азия ойындарында Қазақстан Туын ұстап шығады. Ал, 67 килограмда жұдырықтасқан Дулат Бекбауов бұл сында алтынға бергісіз күміс медальға ие болды. Өкінішке қарай, саңлағымыз ақтық сында өзбек боксшысы Асахуджа Муйдинходжаевқа есе жіберіп алды. Кездесудің алғашқы бөлігінде өзбекстандық боксшының соққылары дәлірек тиді. Есеп – 5:0. Екінші раундта бес төрешінің төртеуі А.Муйдинхуджиевке басымдық берді. Үшінші раундта Дулат Бекбауов алға ұмтылып баққанымен, өте кеш еді. Қорытынды есеп – 5:0. Кездесу өзбекстандық спортшының пайдасына шешілді. Десе де, біз Дулатты жазғырудан аулақпыз. 28 жастағы спортшымыз болашақтағы байрақты бәсекелерде жаңылмайды деп білеміз. Атап өтерлігі, Ташкентте өткен әлем чемпионатында бес медальға қол жеткізді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлердің қатарында қос жамбылдық болғаны біз үшін де мақтаныш. Биыл өңіріміздің ересектер арасындағы құрамасы еркін күрестен, кикбоксингтен, дзюдодан және жастар арасында қазақ күресінен, бокстан, кикбоксингтен, сондай- ақ, жасөспірімдер арасында өткен ел чемпионаттарында өңір құрама командасы жалпы командалық есепте бірінші орын иеленді. Ал, дзюдодан Катарда өткен әлем чемпионатында ұлттық құраманың сапында ел намысын 4 жерлесіміз қорғады. Нақтылай түссек, 60 килограммда Елдос Сметов пен Нұрқанат Серікбаев, 73 килограммда Данияр Шамшаев және +100 килограмм салмақта Ғалымжан Қырықбай белдесті. Алдағы 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында Қытай Халық Республикасының Ханчжоу қаласында өтетін XІX жазғы азия ойындарына қатысуға 33 жерлесіміз үміткер болып отыр. Бұдан бөлек, Франция астанасы Париж төрінде түндігі түрілетін 2024 XXXІІІ жазғы Олимпиада және XVIІ жазғы Паралимпиада ойындарына лицензия алу жолында 21 спортшымыз тер төкпек ниетте. Осы жылы облыс аумағында 23 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде өткен жылдан өтпелі 14 спорт кешені және жаңадан 9 спорт кешенінің құрылысы басталды. Жыл соңына дейін 16 спорт нысаны қолданысқа беріледі деп жоспарланып отыр. Ал, қалған 7 спорт нысаны келер жылға өтпелі. Қазіргі таңда Қазақстан Бокс Федерациясының «Тарлан Батырлары» спорт кешені Шу қаласында өз жұмысын жүргізуде. Бүгінде бокс федерациясымен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде Шу қаласында орналасқан аталған спорт кешенін Шу ауданындағы №37 бокстан және спорт ойындары түрлерінен балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің теңгеріміне өтеусіз негізде берілді. Бұл – мемлекет теңгеріміне өтеусіз негізде берілген алғашқы спорт кешені. Қорыта айтқанда, қасиетті Әулиеата топырағында спорт саласы дамудың даңғыл жолына түскен. Оны облыс орталығынан шалғай орналасқан елді мекендерде заманауи спорт нысандарының көптеп бой көтеріп жатқанынан анық аңғаруға болады. Бұл – өңір спортын өркендетудегі нық қадам. Ендеше, сайдың тасындай іріктелген біздің спортшылар алдағы уақытта да әлі талай биік белестерден көрінеді деп сенеміз.  

Есен ӨТЕУЛІ.

Ұқсас жаңалықтар