Тұлғаларға тұғыр болған – Мыңбұлақ

Тұлғаларға тұғыр болған – Мыңбұлақ
ашық дереккөз
Тұлғаларға тұғыр болған – Мыңбұлақ
Әр өңірдің алуан-алуан шежіресі бар десек, жасыл аймақ Жуалының да әр ауылы таусылмас тарих. Солардың бірі – Мыңбұлақ ауылдық округі. Аталған округтің құрамына Көлбастау және Талапты ауылдары кіреді. Кезінде сол маңайда қатар-қатар сылдырап ағып жатқан бұлақтар көп болған екен. Адамдар әр аттаған сайын бұлақ суынан сусындап, рахатқа кенеліпті. Адамға да, малға да жайлы мекеннің жомарттығына сүйсінгендер: «Бұл жердің бұлағы қандай көп. Мың бұлақ бар шығар», деп тамсанып өтетін болса керек. Содан Мыңбұлақ атанып кеткен екен. Талай тарихқа куә болған Ақсай да осы округтің аумағына кіреді. Осы жерде ертеректе Орақ-Балға деген ауыл болған. Сол ауылда біртуар тұлға Бауыржан Момышұлы өмірге келген. Қазір сол маңайда «Момыш бұлағы» деген шағын демалыс орны бар. Сол жерге «Момыш бұлағы» стелласы орнатылған. Мыңбұлақта қазақтың тағы бір дара перзенті, халық жазушысы Шерхан Мұртаза туған. Анығын айтқанда, Талапты ауылынан түлеп ұшқан. Әйтсе де, Шераға шығармаларында Мыңбұлақ көп айтылады. Әйгілі тұлға ардақтаған Мыңбұлақ – бәріміз үшін қастерлі. Мыңбұлақтың тұрғындарының негізгі кәсібі – егіншілік. Бұлағы сылдырап ағып жатқан жерге егін де жайқалып шығады. Содан кейін мал шаруашылығы да жақсы дамыған. Көлбастауға кімдер келмеген, Талаптыға кімнің табаны тимеген?! Бәрі де тарихқа тамсанады. Мыңбұлақ тарихынан сыр іздейді. Сол тарихты Шерхан Мұртаза жазды. Алдыңғы толқын ағалардың ізін басқан жас қаламгерлер тарихқа терең үңілер. Сонда да Мыңбұлақтың сыры мен жыры таусылмайды. Өркендей бер, тұлғаларға тұғыр болған, Мыңбұлақ!  

Есет ДОСАЛЫ

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар