Біз ауылымызда өткен әлдебір тойда күтпеген жерден кездестік. Әрі бөлем, әрі құрдасым Сегізбай келіншегімнің сыныптасы Сапараға үйленген еді. Той-солардың тойы. Келіншегім жақында ғана босанғандықтан, келе алмады. Әйтпесе мұндайдан қалатын ниеті жоқ еді.
Сонымен, ырғалып-жырғалғанның бәрі жөніне келіп, той басталып та кетті. Жастардың столына жайғастық. Кештеу үйленген құрдасымызға ризамыз. Әйтпесе, отыздан асқан біздерге жастардың столы қайдан тисін? Ауылдың аты – ауыл. У-шу, бәрі шат-шадыман. Футбол клубының жасыл алаңы іспеттес кең жерге ұзыннан төрт қатар стол қойылыпты. Таңдап ал да қымсынбай жайғаса ғой. Әлгі жерге ерінбей келген елдің бәрі сыйып кетті. Тіпті, жастар жағының біраз тұсы бос тұрды. Кенет Ол досы екеуі менен кейінгі орындыққа жайғасты. Таныстық. Есімі – Ләйла екен. Анау досы Эсмираны бұрыннан білемін. Бұл екеуі де біздің үйдегі кісінің сыныптастары. Көлге қонған аққудай болып менің қасыма жайғасқан қос қызды құрдастарымның көздері қалт жібермеді. Әсіресе, екі-үшеуі бойдақ еді. Солардың жүздері бал-бұл жанып, көздері күлімсіреп, жайнап сала берді Кенет: – Сен алар әйелеңді алдың. Жуалының қыздарына біз де жақындайық та,-деген соң, әрмен қарай қонжия кеттім. Әлгілер тыныш таппай, құдашаларын мазалай бастады. Мен әудем жерден жіті қадағалап, іштей «Бекер болды-ау» деп қоямын. Ләйла есті көрінді. Өзін жинақы ұстауы, сезімталдығы бір басқа. Әй, осы қыздың көздерінде сыр ма, мұң ба жатқан секілді-ау! Айдархан құрдасым араққа қыстаған соң ыңғайсызданды ма, Ләйла төрдегі өз елінің кісілері отырған жаққа беттеді. Есі барда елін тапты. Той көп тойдың бірі секілді өтті. Соңынан Ләйланы биге шақырдым. Неге екенін қайдам, әңгімелескім келді. Екеуміз бір-екі би билегеніміз сол біз мініп келген көлік қайтатын болып, тойды әсерлі жерінен аяқтауға тура келді. Ләйланы өз ауылының адамдарына табыстап, той иелерінен рұқсат сұрап, жолға шықтым. Үйге келген соң келіншегім Гүлжан тойдың қалай өткенін, сыныптас қыздарынан кімдердің барғанын әуестікпен сұрап жатыр. – Той дұрыс өтті. Қыздарыңнан Эсмира мен Ләйла болды, – деп әңгімені доғармақ едім. Ләйла деймісің, – деп келіншегім таңданып қалды. – Ләйла келсе несі бар, – дедім мен. Гүлжан әлі таңданып тұр. Оның айтайын дегеніне ден қойдым. Келіншегім сөйлеп кетті.
* * * Ләйла жас болса да көп азап, қасіреттерді басынан кешірді. Тіпті, көрмегені жоқ. Оның үнемі күздің бұлтты күніндей тұнжырап жүретіні сыныптас менің аяныш сезімімді тудыратын. Ләйланы аяп жүріп, баланың бақыты ата-ананың амандығы, дендерінің саулығы екенін түсінгендей едім. Оның әкесі Нышан, шешесі Артықшаның алғашқыда қандай болғандарын қайдам, біз ес білгелі елірме ауруымен ауырушы еді. Бірақ, олардың жалғыз перзенттері Ләйла сырқаттан дін аман, сап-сау бала. Үлкен апасы Қыжымның тәрбиесінде өсті. Қыжым әжеміз – Нышанның анасы. Ұстамалы кеселі бар баласы мен келінінің орнын жоқтатпай, Ләйланы айналып толғанатын. Сондықтан, бастауыш сыныпта Ләйлаға ешкім тисе қоймады. Қыжым әжеміз қызына тиіскен адамның қолында өлуге бар еді. Немересін қызғыштай қоритын. Ләйла тоғыз жасқа толғанда Қыжым әжеміз қайтыс болды. Ызғарлы күндердің бәрі де асыл әженің қазасынан соң басталды. Бұрын бұл отбасының бүкіл берекесін кіргізіп тұрған Қыжым әжеміз екен ғой. Әжейді сыйлаған жұрт ауру баласы мен келінін «Бейшаралар осы кеселді Құдайдан сұрап алды ғой деймісің» -деп есіркейтін. Себебі, о әжеміз науқас перзенті мен келініне де шық жуытпайтын. Ол да бір жарқын дәурен екен ғой. Нышан мен Артықша кеселден айықпады. Әсіресе, Артықшаның ауруы жаман еді. Кез-келген үйге бас сұғып, көзіне көрініп, қолына іліккен затты алып кете беруші еді. Бүлдіршіндерге еш зияны жоқ болса да, бала біткен одан қаймығатын. Балалар түгіл кейбір жас түскен келіндер де Нышаннан шошынушы еді. Бәрі аурудың әлегі ғой. Әйтпесе, не істеп, не қойып жүргенін Артықшаның өзі де білмеуші еді. Оны біреу түсініп, біреу түсінбеді. Сол Артықша да енесінің қайтқанына екі жыл өткенде о дүниелік болды. Енді Ләйлаға тіпті қиын болды. Әкесінің сиқы анау. Кімнен көмек сұрайды? Сабақ үлгерімі де күрт нашарлап кетті. Мұндайда үлгерімі қалай дұрыс болсын. Оны мектептің кез-келген оқушысы басынатын. Екеуміз қатар келе жатсақ та сыныптағы сотқар ұлдар маған жоламай, Ләйланы соққыға жығып кететін. Кейде сөмкесінен сау етіп кітап-дәптерлері шашылып қалады. Бұған қарамай бекерге ұрынғандар тайып тұрады. Олардың сазайын беруге мен де дәрменсіз едім. Ақтарылған дүниелерін бірге жинасамын. Бар қолымнан келген жақсылығым ғой. Оның сөмкесі де өте ескі еді. Сау жері қалмай жыртылған. Оған кім жаңа сөмке, киім әперсін. Ол ер балалардың жазықсыз тиіскеніне қорланатын. Кейде жылап қалады. Кейде әлденеге бекінгендей тістеніп, мелшиіп тұрады. Көбіне маған жақын жүреді. Менде бір жылылық барын сезеді. Қатал да ызғарлы айналасынан сәл де болса сәуле, шуақ іздейді. Бірақ, бұларды ешкім еркелетпеді. Жақындары да теріс айналды. Көрші ауылдағы алыстау ағайыны нышанға жаны ашыған болып, бір-ақ күнде көшіріп алды. Жұрт «Құдайға қараған туысы екен» десті. Ал, әлгі туыстың ішіне бүккен өз есебі бар еді. Нышанның ауылдағы үлкен тамын саттырып тынды. Мүсәпірге ол ақшаның соқыр тиынын да көрсетпеді. Ол ол ма, денсаулығына байланысты Нышанға Үкіметтен төленетін жәрдемақыны да әлгі ағайын жаратты. Сондықтан, оның ойлағаны – Нышанның жағдайы емес, өз нәсібі болып шықты. Ләйла да әкесімен бірге кетті. Бірақ, көрген күні сол баяғы. Құқайдан көз ашпады. Со кезде біз бесінші не алтыншы сыныпта оқушы едік. Содан кейін ұзақ жылдар бойы Ләйланы көрмей кеттім. Оның әкесін де қайтыс болды деп естідім. Бірақ, анығын білмеймін.
* * * Бір жолы біздер ойламаған жерден қаланың орталық алаңында кездестік. Ол кезде мен колледжде оқып жүргенмін. Ләйла таныс құрбыларымен бірге қыдырып жүр екен. Бой-басы дұрыс секілді. Онысына да қуанып қалдым. Біздер ұзақ әңгімелестік. Оны сағыныппын. Ләйланы әлгі пайдакүнем туысқанының әйелі араласып жүріп, бір жерге тұрмысқа берген екен. Жетім қыздың үстінен дүние табуды көздеген де. Жайсыздау жер болған соң, Ләйла ол жақтан бақытын таппай қайтып келіпті. Бір мекемеде жеңіл-желпі жұмысқа орналасып, өзімен-өзі жүрген көрінеді. Бой-басының дұрыс болу себебі де сол екен. Жақында тағы бір жігітпен танысыпты. Ақиқатында жігіт мұны ұнатқан. Әлгі жігіт бұрын мүлдем үйленбеген. Ал, бұл болса... Жігітке Ләйла басынан өткен жағдайлардың бәрін жасырмай айтқан. Ол бәрін түсініп, кешірген. Сонда да Ләйланың ол азаматқа тұрмысқа шыққысы жоқ. Бар кедергі жігіттің... қасапшы екендігі. Қасапханада азаннан кешке дейін қып-қызыл қанның арасында жүретіні. Үстінен де кейде қанның иісі шығатын көрінеді. Әрине, малдың қаны. Бірақ, қанның аты – қан. Мен өмірден көп азап көрген, есті болса да біреулердің кесірінен аяғын шалыс басқан Ләйлаға былай жаса деп ақыл айта алмадым. «Өзі ойланып шешер. Өзі енді қателеспес» деп түйдім.
* * * Гүлжан әңгімесін осылай бітірді. Ләйламен даңғазасы көп тойда кездестім. Кімнің мұңын аңғарып жатырмыз. Япырм –ай ! Ләйланың басынан осынша қасірет өткен бе ? Бәсе, есті жүзінде мұң бар еді. Тойда кездескен Ләйла қыздың өмірі қасіретке толы болғанын қайдан білейін?! Қазір қайдасың, Ләйла?!.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді