Тапсырма орындалуымен маңызды
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде өңір басшысының Талас ауданы тұрғындарымен кездесуінде айтылған ұсыныс-пікірлердің орындалу барысы талқыланды. Бұл мәселе бойынша облыс әкімінің бас инспекторы Дархан Акишев, облыс әкімінің кеңесшісі Нұрмұхамед Ниязбеков арнайы баяндама жасады.
Дархан Нұрланұлының сөзіне сүйенсек, облыс әкімінің қатысуымен 2022 және 2023 жылдың 6 айында Талас ауданының тұрғындарымен 8 кездесу өткен. Тұрғындар тарапынан 48 мәселе көтерілген. 2022 жылы өткен кездесулерде барлығы 38 тапсырма берілсе, бүгінге дейін 20- сы орындалған. Ал, 16 тапсырма орындалуда, 2 тапсырма орындалмаған. Бас инспектор орындалмаған 2 тапсырмаға басымдық берді.
– Тұрғындар Қаратау қаласындағы «Бәйтерек» саяжайына балалар ойын алаңшасын орнатуды сұраған болатын. Алайда, аудан әкімдігі тарапынан саяжайға жақын орналасқан «Малая Греция» шағынауданына ойын алаңшасын орнату туралы шешім қабылданып, 27 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжат дайындалған. Сонымен қатар, Тамды ауылдық округінде күрес залын ашу мәселесі көтерілген болатын. Қазіргі таңда жаңа күрес залын салуға аудан әкімдігі тарапынан шешім қабылдануда, – деді Дархан Нұрланұлы.
Ал, биылғы алғашқы жартыжылдықтағы кездесулерде 10 тапсырма берілген. Оның 2 тапсырмасы орындалып, 6 тапсырма орындалу үстінде. Қалған 2 тапсырма орындалмаған.
Бостандық ауылдық округіне қарасты Талапты ауылына мәдениет үйінің құрылысын салуға құны 149,2 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжат әзірленген. Елді мекендерге арналған өңірлік стандарттар жүйесінің талаптарына сәйкес болмауына байланысты облыстық бюджеттен қаржылық қолдау таппаған.
Бостандық ауылында «Ауыл аманаты» жобасы аясында құны 120 миллион теңгеге 1 комбайн сатып алуға ұсыныс енгізілген. Алайда «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» тарапынан қолдау таппаған.
Сонымен бірге өткен айдың соңында Үшарал мен Қызыләуіт ауылдарында өткен кездесулерде 9 тапсырма берілді. 4 тапсырма жыл соңына дейін, 5 тапсырма 2024 жылы орындалады.
Аймақ басшысының аудан халқымен кездесуде берген тапсырмаларының барлығы аудан әкімдігі мен жауапты басқармалар, мемлекеттік мекемелер тарапынан іске асырылуда. Облыс әкімінің кеңесшісі Нұрмұхамед Ниязбековтің айтуынша, назардан тыс, бақылаусыз қалған тапсырмалар жоқ.
Аппараттық жиынды қорытындылаған Нұржан Молдиярұлы берілген тапсырмалар уақытында орындалуы керектігін тапсырды.
Гүлжан РАХМАН
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді