Тылсымға толы Шақпақ әулие
Жуалы ауданындағы «Шақпақ әулие» үңгірі туралы ел аузында тараған түрлі аңыздар бар. Бүгінде мұнда келіп тәу етіп, табиғаттың таңғажайып жаратылысын тамашалаушылар аз емес. Бұл үңгір Шақпақ ата елді мекенінің оңтүстігіне қарай 600 метрдей жерде, Шақпақ қалашығының шығыс беткейінде, шоғыр тау жыныстарында орналасқан. Тереңдігі 5,5-6, биіктігі 2,5 метрдей болады. Осы маңдағы жұрт оны «Шақпақ әулие» атап, ол жерге барып зиярат етеді. Мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен дертіне шипа іздеп, кие тұтатындармен қатар, қызықтап тамашалауға келетіндер де баршылық. Келгендер үңгір алдындағы шетікке ырым етіп шүберек байлап барып, ішке енеді. Әулиенің басына күтім жасап отыратын шырақшысы бар.
Шақпақ ата әулие жерінен 200 метрдей жерде бүйірінен бүлкілдей қайнап шығатын бастау бар. Халық оны «Шақпақ ата әулиенің бастауы» деп құрмет көрсетеді, суын емге пайдаланады.
Ел ішіндегі Шақпақ әулиеге байланысты әртүрлі аңыз-әңгімелердің бірінде, Шақпақ әулие аталу себебі – Шақ және Пақ деген егіз кісі болған делінеді. Үңгір маңында оларды қарақшылар өлтіріп кетіпті. Содан бері олардың әруақтары түйе болып, тазы болып осы маңда жүреді екен.
Тағы бір деректерде Шақпақ әулие Жүсіп Баласағұнның шәкірті болған деседі. Ол Қашқариядан шығып Бұхара, Самарқанд жерінен өтіп, осы өңірге келгенде қайтыс болыпты. Оның жерленген жері тәңірлік нанымға байланысты «әулие» аталып кеткен. Тарихшы Әділбек Байбатша өз зерттеулерінде: «Біздің дәуірімізге дейінгі заманның соңында өмір сүрген Шақпақ әулие мекендеген жер Шақпақ ата болды», деп жазады.
Ал, жазушы, тіл маманы Сәбит Дүйсебайұлының айтуына қарағанда, «Шақпақ» сөзі қазақтың архаизм сөзіне жатады. Шақпақ сөз тіркесі «биік», «шоқтықты» дегенді білдіреді. Бұрынғы ат баптаушы сыншылар «аттың үш шақпағы болады» дейді екен. Ондағысы басы, шоқтығы, сауыры. Осы белгілеріне қарап аттың жүйріктігін болжаған деп түсіндіреді. Демек, «шақпақ» сөзі сол жердің басқа жерлерге қарағанда биік екендігін, биікке орналасқандығы туралы мәлімет беріп тұр деп болжам жасауға болады.
Іргедегі ауыл тұрғындары «Шақпақ әулие» үңгірі маңындағы барлық тастардың өз аттары бар екендігін айтады. Ондағы тастар пішініне қарай «Жігіт пен қыз», «Арыстан тас», «Басын кескен адам», «Төрт бура», «Екі басты айдаһар», «Бүркіт әулие», «Құмай тазы» деген сияқты түрлі атауларға ие болған. Расында, тастар ерекше бір мүсіндер мен кескіндер секілді көзді арбайды. Оларға қарап табиғаттың тылсым жаратылысына қайран қаласың.
«Шақпақ әулие үңгірінің төңірегіндегі тастарда аппақ, бір-біріне ұрғыласа от шығатын шақпақ тастар көп. Бұрынғы кезде осы тастардың ортасына мақта қойып, ұрғылау арқылы от тұтатқан екен. Кезінде Шыңғыс хан Отырарды жаулауға аттанғанда осында келіп саят құрған деседі. Сонда қаған әскері осындағы шақпақ тастарын оттық ретінде қоржындарына керегінше жинап алыпты. Бұл туралы Лев Гумилевтің деректерінде кездеседі», дейді өлкетанушы Дәулетжан Байдалиев.
«Шақпақ қалашығы», «Шақпақ әулие үңгірі», «Шақпақ желі», «Шақпақ құстарға сақина салу орталығы». Әрине, бұл атаулар ғалымдардың қызығушылығын күннен-күнге арттыра түсуде. Өйткені, бұл аталған атаулардың әрқайсысының өз ерекшеліктері, өз тарихы, өздеріне тән қасиеттері жетерлік.
Ендеше, Шақпақ өңірі туризмді дамыту үшін жағымды жағдайлар туғыза алатын аймақ болып табылады десек, артық айтқандық емес.
Табиғатының көркемдігі, экологиялық ерекшеліктері, жерінің шұрайлылығы, таза ауасы, мөлдір, тұнық суы, мұнар таулары, кең даласы туризмді дамыту үшін қолданылатын ең бір қажетті ресурстар болып табылады. Әсіресе, туризмнің танымдық, экологиялық, экзотикалық түрлерін дамытуға көптеген мүмкіншіліктер бар.
Мақпал СҮЙІНБАЙ
Жуалы ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді