«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бір бүйір ойлар

Бір бүйір ойлар
ашық дереккөз
Бір бүйір ойлар

АУҚЫМДЫ ЖҰМЫС ОРНЫ ҚАЖЕТ

Жалпы, өңірімізде зауыт, фабрика салына ма, әйтеуір бір ауқымды жұмыс орны ашылуы керек сияқты. Отандық инвесторлар қаржысы есебінен. Баяғы кездердегі жүнді алғашқы өңдеу, тері, былғары комбинаттары, «Жаңа Жамбыл фосфор» зауыты секілді. Біздің жас кезімізде бүкілодақтық комсомолдық екпінді құрылыс болып жарияланған бірқатар нысандар есімізде. Мысалы, өз басым кезінде ЖЖФЗ-ға ауылдан келіп, жұмысқа тұрғанмын. Яғни, қазіргі химия алыбының бау-шуын түгендескеннің мен де біреуімін. Бүгінде бізде, бізде ғана емес күллі елімізде жеңіл өнеркәсіп дамытуды қажет етіп тұрғаны екінің біріне аян. Мақта, мата, жіп иіру комбинаттарын салсақ, артықтық та етпес. Сосын... азық- түлікпен өзімізді өзіміз қамтуға тиіспіз. Қытай өнімдерінің ілуде біреуін тұтынбасқа әлеуетіміз де, мүмкіндігіміз мол ғой. Бұлар аз жұмыстар ма? Әлде оны Үкімет істеуі керек пе?

ЖАЗУШЫНЫҢ ҮШ МІНДЕТІ

Кітап оқып отырмын. Інжу-маржан сөздерден көз қарығады, тіпті. Мына біреуі... Ұмытып кетіп жүрер ме екенмін? Жазып қояйын: «Халқының қорғаушысы да, қамқоршысы да, жанашыры да – жазушы. Суреткер жазушының жер бетінде атқарар үш міндеті бар. Ол адамзаттың адалдығы үшін күрес, ел билейтін пенденің ойының адаспауы үшін күрес, қара жердің тазалығы үшін күрес». Мұны айтқан – Ғабит Мүсірепов. Жазушылардың атқаратын міндетін қолмен қойғандай жазып, сызып беріп кеткен қайран Ғабең-ай! Сен де кеттің бақи дүниеге бетіңді түзеп. Артыңда салмақты ой, саф алтындай сөзің қалды. Бүгінгі қалам ұстаған қадау-қадау суреткерлер осы міндеттің үдесінен шығып жүр ме, өзі?! «Әдебиет – ардың ісі ғой», қашанда!

ПСЕВДОПАТРИОТИЗМ

Рушылдықты заңдастыру керек-ау, сірә. Ол даланың қағазға түспеген, жазылмаған, бірақ елді ұйыстыру ісінде алапат ықпал-күші бар заңы. Қазір де ауыл, аймақтарда өздерінің ортадан сайлап алған билік етудің бейресми өкілдері – ру басы, биі не айтса да, тіпті ақша жинаңдар десе де мақұл. Үш жүз ғана емес, белгілі бір ата, рулар атымен де қор ашып ақша жинау үрдіске ене бастады. Ата-бабалар кесенелерін жаңғыртамыз дей ме. «Екі желеу, бір сылтаумен» жиналар мұндай қаржының бір бөлігі әкімдіктерге, майлы-шүйлі орындарға «өз өкілдерін» қонжиту үшін пара түрінде ұсынылады деген де сөз бар. Бұдан жарлы-жақыбайларға не түседі? Көк тиын да түспейді. Бірақ, олар қорға қосқан сол ақшаларын қайтарып ала да алмайды. Ол ақшаның «қызығын» жеке пысықай адамдар ғана көреді. Псевдопатриотизм дегеніміз, міне, осы.
  1. ОЛЖАС. ОСТАНКИНО
Болды арқалы ақынменен дүйім ел Останкино студиясында сұхбаттас. Елти-елти тарлан тарих күйіне Самайына селкеу-селкеу бітті ақ шаш. Ару залдың ақ мәрмәрі, жыр қатта! Сосын оны шумақтап ап лақтыр! Түйдек-түйдек сырлы ағысқа, бұрқаққа Останкино, Останкино... құлақ түр! Пір қолдады! Әруақтанып кетті ақын. Қарабұрым шұбатылып кесті алдын, Елестеді есіл ерлер көк тақым... «Әттең, – деді ол. – Бәрінен де кеш қалдым!» Ғасырлардың тынышын алды, жылың не... Тірілтті ақын жаугер халқын өркеуде. Алыс жылдар қойнауынан үңілген, Қара көздер барады өтіп өңменнен... Бәдәуи-жыр бебеу қақты бесінде... Ұлыжіңгір шайқас – қырдың төсінде! Зу-зу жебе, аққан қан, бас кесілген... Көз алдымнан іркес-тіркес көшуде! Осылайша Олжас ақын жыр толғап, Тылсым деген тарихыңды сөйлетті! Қазақы ұлды әруақты пір қолдап, Туған жырдан исі аңқыды жөргектің! Ұмытпаймын, ұмытпаймын бұл күнді, Құдайыға шалам сақтың боз атын! Останкино студиясында жыр туды, Жөргегі – қыр, ділі, діні – қазақы! P.S. Құдай-ау, 45 жыл бұрын жазылған өлең ғой мынауым! Бұл да блокнотымнан табыла кетті. Олжекең ол кезде бары-жоғы қырық жаста ғана екен. Ал, биыл 87 жасқа толып отыр. Аяулы ақынымыз жасай берсін!

АДЫРАСПАН, АЛҒЫР, ИЛАН...

Байыптап қараған кісіге сусыз, шөлейтті құмда да өмір бар. Көктен ала жаздай бір тамшы жаңбыр тамбаса да мұндай өңірлердегі көктеп-көгеріп, бой сала балақтап өсіп тұрған неше алуан сүйекті өсімдіктер «айтады» мұны! Мойынқұмдағы, биік жалдардың басында өсетін, барлық ауруға дерлік ем болатын «илан» шөбін де Құдай тағала құм адамдарының «несібесі» үшін өсірмеді деп кім айтар! Бұл шөп мамырдың 15-30 аралығында қазылып алынуы тиіс. Бұл кезде талаурап пісіп өзегінен ақ сүті ағып тұрады өзінің. Оны кептіріп, ұнтақтап суға қосып ішсе – қандай ауруыңа да ем. Ал бұл дәрілік шөпті ұқсатып, өңдеп, кәдеге жарата алсақ, қаны жерге тамбайтын тауарға айналары анық қой! Қысқасы, кең-байтақ жеріміз алуан түрлі өсімдіктерге тұнып тұр. Алла қай жерде қандай ауру түрінің өршуі ықтималдығына орай сол тұсқа емдік шөптерді де жайқалтып өсіріп қойғандай көрінері бар. Есекмия, жусан, жантақ, адыраспан, жалбыз, мыңжапырақ, балатжапырақ... бәрі-бәрі де ерекше емдік қуатқа ие. Әлбетте, ел ішіндегі қадау-қадау тәуіп, емшілер болмаса, оларды екінің бірі тиімділікпен пайдалана да алмайды. Өсімдіктер дүниесін түгелдей түптеп тани алмай жатырмыз. Біздің бір олқы тұсымыз осы сияқты...

КІТАП ДҮКЕНІ НЕГЕ ЖОҚ?

Кітап оқымайтын қоғам.... Өкініштісі, бізде, міне, осындай қоғам қалыптасып отыр. Олай болатыны... Алыс-алыс ауылдар туралы әңгіме қозғамай-ақ қояйық, өзіміз көріп жүрген кейбір аудан орталықтарында бірде-бір кітап дүкені жоқ екендігіне не айтасыз? Бір қарағанда, айтарға ұят іс. Айналасы жиырма-отыз жылдың бедерінде ел-жұрт кітапсыз да күн көруге болатынына «көз жеткізді». Оңтайландырудың сойылы ең алдымен қала, ауылдардағы кітап дүкендеріне сілтеніп еді. Жойқын екпінмен сілтенген. Ақырсында, адамдарға рухани нәр-қуат беретін мұндай орындар (еліміз бойынша 1500 кітап дүкені) біржола жабылып, түп-тамырымен жойылып та кетті. Ең өкініштісі, әкім қаралардың, қолында «кірі» бар ілкімділердің қазір де «ауылдан бір кітап дүкенін салайын, ішін көркем әдебиет жауһарларымен толтырып қояйын» деп ойлайтын біреуі болмай тұр. Көркем әдебиетпен ауызданбауынан жеткіншек ұрпақтың жандүниесі де жұтаңданып, сүреңсіздене түскенін бүгінде екінің бірі айтады. Ол негізсіз де емес.

ГЕРОЛЬД БЕЛЬГЕР НЕ ДЕДІ?

Герағаңның көзі тірісінде ана тілінен тым алысқа ұзап кеткендерді «Казах, сколько бы ты ни стремился, американцем ты не будешь! Немцем, французом не будешь! Орыс та болмайсың! Давай, оставайся казахом, в этом твое спасение» деп «өзара түсінісуге» шақырғаны ұмытыла қойған жоқ. Тілдік идеологиямыз шатқаяқтап-ақ тұр.

БІЗГЕ НЕ ЖЕТПЕЙДІ, ОСЫ?

«Адамның адамдарға жасайтын киянатының ішіндегі ең ауыры – біреуді өлтіру емес, оны тәрбиелеу» (М. Волошин). «Тәрбиелеу арқылы қиянат жасаудан біз дүниежүзінде бәрінен де асып түстік. Тәрбие ісін, идеологияны икемсіз догмаға, жазалау құралына айналдырдық. Талай талант иелері осындай инквизициялық тәлім-тәрбиенің салдарынан тағдыры күйреп, жаңағы жазалаушы тәрбиенің талаптары үшін творчествосы құрбандыққа шалынып, мерт болды...». (Б.Тілегенов.«Тұйық өмірдің құпиясы»). «Орыс әдебиетінде Толстой мен Достоевский, Шолохов пен Симонов, бізде Әуезов пен Мұқанов, Мұстафин мен Иманжанов, Әлімжанов пен Ахтанов, Есенберлин мен Нұрпейісов... бір бірімен қажасып өткен (Бұл да сонда). Сұмдық-ай десейші... мұндай қажасулар басқаны қойшы, жоғары интеллектуалды ой иелері – үлкенді-кішілі ақын, жазушылар арасында әлі де бар! Ілініп-салынып қатарда жүргендеріне пәлен деп жатқан бірі болсайшы! Айқас әсіресе аз да болсын айтары барлардың, таланттылардың арасында өршіңкіреп тұр. Бізге не жетпейді, осы?!

ШЫҢҒЫС ХАН ШАРАППЕН ДЕ КҮРЕСІПТІ...

Отбасын ойран етіп, шаңырағын ортасына түсірген, адамдарды араздастырған, айуандық қылықтарға итермелеген арақтың ылаңын айтып тауысу әсте мүмкін емес. Адамзат баласы онымен ғасырлар бойы күресумен келеді. Рас, оны кім, қашан ойлап тапқаны тарихта да белгісіз. Алайда шарап дегеніңіз алғашқы қауымдық құрылыс кезінде-ақ (!) адамдар арасында кеңінен таралған көрінеді. Шарап пен арақтың кеселі мен зардабын адамдар бағзы кезде-ақ түсініп, оған қарсы айла, шарғы, шараның бәрін де жасап баққан ғой! Өлім жазасына кесу, ішкіштікке салынғандарға жұрт алдында қайнап тұрған шарап ішкізу деген сияқты... Арақпен күрес Шыңғыс ханның тұсында да күн тәртібінен түспеген. Ұлы қаһан шығарған заңның («Ұлы жасақ») 20-бабында мынадай жолдар бар: «Шарап пен арақтан ақыл мен өнерге келер пайда жоқ. Ішкілікқұмардың бойынан адам сүйер әдет пен әдеп те жоғалады, ол жындысүрейлікке, кісі өлтіруге, азаптауға бастайды. Адамды қолында бар дүниеден, бойында бар өнерден айырады. Сөйтіп, оның ісі мен жолын оңға бастырмай, ұятқа қалдырады. ...Адамның қолынан әл кетеді, демек, ол өз кәсібін одан әрі жүргізуден бас тартады; аяғының күші жоғалады, демек ол қозғалудан, жүруден қалады; жүрек пен ми қуатын әлсіретеді, демек, олар дені дұрыс адамдай ойлай да алмайды; барлық сезім мен ойлау қабілеті істен шығады. Егер, арақ ішпеуге еш айла қалмаса, онда оны айына үш-ақ рет ішуге болады. Үш реттен артық ішу – заң бұзғандық. Егер айына екі мәрте ішсе – бұл жақсы, ал бір-ақ рет ішсе, одан да жақсы. Егер мүлдем ішпесе тіпті тамаша болмай ма! Бірақ ондай ішпейтін адамды қайдан табасың? Егер табыла қалса, ол адам құрмет пен қошеметтің қандайына болса да лайықты!» (Эренжен Хара-Даван, «Чингис хан как полководец и его наследие». 180-бет).

БІЗ ҚАНДАЙ ФОРМАЦИЯДА ӨМІР СҮРУДЕМІЗ?

Мен пайдаланған ақпарат көзі – әлдеқалай қолыма түскен, аты да, мұқабасы да жоқ әлдебір кітаптың отыз шақты беті ғана. Студенттер арасында қолдан қолға өтіп, көп оқылғаннан кейін бе, өзінің маған жұқанасы ғана жеткен екен. Міне, сонда былай деп жазылыпты: «...мұның мәнісі, буржуазиялық қоғамда демократияның, гуманизмнің қызығын дәулеттілер көреді де, дәулеті жоқтарға ол ұлы сөздердің барлығы көрген түс болып қана қалады. Мұндай жағдайда ол қайткенде де экономикалық тәуелділікке ұшырайды: экономикалық тәуелділік бар жерде әлеуметтік тәуелсіздіктің болуы еш мүмкін емес. ...Капиталдың неғұрлым аз адамдардың, монополиялардың қолына шоғырлануы капиталдан айырылған буржуазиялық индивидуумның (жеке адамның) басындағы әлеуметтік тәуелділікті соғұрлым күшейте түседі. Бір кездегі дәмелерінен опық жеп, табанының астындағы тарихи перспективадан айырылған буржуазиялық индивидуалистік психология монопольдық капиталдың әлгіндей сиқыр машинасының шытырман сырына түсіне алмай дал болады. Ол өзінің басынан дәурені өткен соң дүниедегі барлық нәрсенің де дәурені өтті деп ұғады: төңірегінің бәрін әлдеқандай ақыр заманның аяр пердесі қоршап алғандай көреді. Мұндай психология өз идеологиясын, өз философиясын, өз эстетикасын туғызады... Осы заманғы буржуазиялық мораль ең алдымен сол әлгі адам бойындағы рухани белсенділікке өш. Сонда буржуазиялық мораль көксейтін адамда берген тапсырмаңды айтқандай қып орындап қоюды ғана білетін тілсіз роботтан артық қандай қадір-қасиет қалады... Буржуазияның келуі қоғамдық ақыл-ойда индивидуумның рөлін күшейтіп, жеке адамдардың өмірге икемделгіш, іскерлік сияқты қасиеттерін пір тұтқызады... Буржуазиялық қоғамның моральдық заңы адамды адамдардан алшақтата түседі. Ол қоғамда адам бақытты да жалғыз іздеп, айналасын да жалғыз тануға тиіс болады...».

ӘДЕБИЕТ – АДАМ ЖАНЫНЫҢ ТӘРБИЕШІСІ

Ел басына күн туғанда басын бәйгеге тіккен талай азаматтарымыздың ұлт жанашыры болып өсуіне халқымыздың сан ғасырлық әдебиеті мен тарихының, отбасы тәрбиесінің айрықша елеулі әсері болғаны анық. Әдебиетке ықыласты балалар негізінен гуманитарлық салаларға икемделеді. Ал өзге салаға бейімделгендерін әдебиетті құлай сүймегені үшін кінәлауға да болмас. Оларды Құдай ілім-білімнің әйтеуір бір саласына бейінді етіп жаратқан. Алайда, олар да әдебиетті белгілі дәрежеде білулері тиіс. Біздің бұрынғы-соңғы ғұламаларымыздың мейлі қай салада еңбектенсін, әдебиетті орағыта өткені, халық ауыз әдебиеті құндылықтарымен сусындамағаны кемде-кем. Еврей немесе ағылшын ғалымдары мен мемлекет қайраткерлерінің кез келгені өздерінің ұлттық әдебиетін жақсы біледі деседі. «Маған әдебиеттің керегі не?» деп бірде-біреуі айтпайды-дүр. Олай болатыны, бұл олардың әдебиетке деген көзқарастарының мектептен бастап-ақ мықтап қалыптасатындығының көрінісі... Қалай болғанда да елімізде, біздіңше, әдебиет жетекші пәнге айналдырылуға тиіс. Тіпті қазақ тілі мен әдебиетінің ара-жігін ажыратып, екеуін жоғары оқу орындарында екі бөлек мамандық ретінде оқытудың мезгілі пісіп-жетілген де сияқты. Бізге, бізге ғана емес- ау, ертең ел тұтқасын қолына ұстайтын бүгінгі жеткіншек ұрпаққа ... көркем әдебиет тәрбиесі ауадай қажет!

(Жалғасы бар)

 

Баймаханбет АХМЕТ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Ұқсас жаңалықтар