«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өңірлік ғылымды дамыту маңызды

Өңірлік ғылымды дамыту маңызды
ашық дереккөз
Өңірлік ғылымды дамыту маңызды
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының өкілдері өңірлік ғылымды дамыту мақсатында Тараз қаласына келді. Мемлекет басшысы 2023 жылы 12 сәуірде Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің алғашқы отырысында «Заман өте жылдам өзгеріп жатыр. Біз осы өзгеріске бейімделуіміз керек. Әйтпесе өркениет даңғылынан қалып қоюымыз мүмкін. Түпкі мақсатымыз – көшке ілесетін емес, сол көшті бастайтын елдердің қатарында болу» деген-ді. Ұлттық ғылым академиясы өңірлік ғылымның дамуына белсене атсалыспақ. Атқарылатын іс-шараларды пысықтау үшін М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде алқалы жиын өтті. Жиынға жергілікті атқарушы билік өкілдері, ғалымдар, педагогтар мен БАҚ өкілдері қатысты. Академия делегациясы М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің материалдық техникалық базасын көріп, ғылыми инфрақұрылымын аралады. Сондай-ақ өңірлік ғылымды дамытуға бағытталған ЖОО ғалымдарының коммерцияландыруға дайын үздік жобаларымен танысты. Жиында сөз алған ҚР ҰҒА Ғылым департаментінің директоры Руслан Ерғалиұлы өңірлік ғылымның маңыздылығы жайлы сөз қозғады. «Өңірлердегі кей өзекті мәселелерді шешуде ғалымдардың көмегі қажет. Осы мақсатта академия ғылыми ұйымдар мен жергілікті мемлекеттік органдар арасында алтын көпір болуды көздеп отыр. Бүгінгі жиынның негізгі мақсаты да осы», – деді Р. Ерғалиұлы. Алқалы жиында өңірдегі әр сала бойынша түйткілді мәселелер мен шешу жолдары сөз болып, ғылымның болашағы талқыға түсті. Кездесу соңы сұрақ-жауапқа ұласып, ғалымдар пікір алмасты. Тараптар отандық ғылымның өркендеуі үшін бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласып тарқасты.    

Ұқсас жаңалықтар