Ар мен ұят

Ар мен ұят
ашық дереккөз
Ар мен ұят
Біз көбіне ар мен ұятты қатар қойып сөйлейміз. Шындығында, бұл екі сөз «ағайындас» болғанмен, өз өрісі, өз жазирасы бар сөз сахарасының «үзеңгі қағысқан» екі өлкесі. АР-дың тынысы терең, ауқымы кең. «Ар-намыс» сөз тіркесі осыны аңғартса керек. Ер- азаматтың атақ-даңқы, дәрежесі, беделі, кісілігі де көбіне оның арына берілген баға сияқты. Ары таза азамат отбасының ғана емес, елінің де, жерінің де тірегі. Оның қолынан шыққан нәрсе берекеге, байлыққа айналады. Ары таза әйел отбасының гүлі ғана емес, елінің де, жерінің де нұры. Оның қолынан шыққан әрқандай нәрсе тәнге қайрат беретін дәру болып, жаныңды сергітеді. Арлы қыз – ертеңін ойлайды, арлы бала жамандыққа ілесе қоймайды. Яғни, ар- абыройдың, тұғырдың көрінісі. Ар жоқ жерде абырой да жоқ. Әрине, арсыздық бұған кері. «Арсыз – ит» деп бекер айтпаған-ау. «Итке сенім жоқ» деп жатпай ма? Ар қазынасы орта түсе бастағанда адамда бір елікпе, елірме ауру пайда болады екен. Отбасы, ошақ қасынан үркіп, қағынан жеріп, желөкпе жүріске бой алдырған ер де, әйел де қоғамда кездесіп қалып жатады. Арсыз адам ашқарақ, тойымсыз, қатыгез болғандықтан, қара басының қамы үшін Отанын сатып кетуден де тайынбайды. Өйткені, ар – әр адамның жеке басындағы байлық болғандықтан, жұмсауына қарай халыққа тән байлыққа айнала отырып, адамнан жоғарғы дәрежедегі жауапкершілікті талап етуші рухани күшке ұласады. Ұяттың сипаты да рухани. Ұят – ардың сыртқы сұлулығы, нұры десе болады. Күннің шапағы сияқты. Жаны таза адам ұялғанда жүзі жанып, бетінде ұяттың шапағы ойнайды. Бұлтты күні аспан бұлыңғыр тартып, күн нұры әлсірейтіні сияқты, ұятты арсыздықтың бұлты торлағанда, адамдағы көптеген жақсы қасиеттің күңгірт тартатынын көріп жүрміз. Яғни, ұятты бір дәуірлік кезеңде адамның қаншалықты арлы немесе арсыз екенін ашып көрсете алатын қоғамдық айна десек болады. Ұялу арқылы пенде дене әрі жан тазалығын қорғайды. Сана пәктігін сақтай отырып, адамның абыройын, адамгершілігін, парасаттылығын арттырады. Ұят – жақсы қасиеттерді сақтаушы, көбейтуші әрі таратушы. Ұятсыздық адамның жеке басындағы қасірет, қоғамдық бейнеде көрінетін кесел. Бұл жайында мысал келтіріп жатудың өзі уақыт ысырабы болар еді. Дегенмен, «есі кіріп, етегін жапты» деген қазақи сөзге тоқтала кетсек артық бола қоймас деймін. Сөз төркіні қыз баланың есейіп, денесін қымтап, сұмырай, сұқ көздерден қорғанып, абыройына дақ түсірмеу жағын ойлап, ұялып, қымсынғанын білдірсе керек. Орта ғасыр кезінде әлемнің қай түкпіріндегі өркениетті халық болмасын, әйел баласы ұзын етек көйлек киді емес пе? Олардың түрі, тілі, діні, тіршілік ортасы алуан түрлі бола тұра, барлық әйелдердің көйлек киіп, етегін қымтауы, ер кісілердің шалбар киіп әуретін жабуы, бәлки, бір Ұлы Күштің ұят түрінде берген үкімі болар. Қазақ әйелдері де бүгінгі күнге дейін осы үкімге бой ұсынып, есі кіргеннен етегін жауып келген-тін. Өйткені, етек тәнге қорған, абыройға серік, адал мен арамның, жақсы мен жаманның арасындағы қасиетті перде еді. Әйелде етектің болуы, ұятының барлығына кепіл-тін. Енді ше? Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде «Ар мен ұят иманның алпыстан бір бөлігі» депті. Яғни, ұят – адамды адалдыққа, жақсылыққа бастайтын имандағы сенім қуатының бір бөлігі екен. Олай болса, адамда ар-ұяттың болуы иманға тікелей байланысты болғаны. Ал, иман ислам шариғатынсыз әлсірей бермек.  

Қуанышбек ӘЛИШЕРҰЛЫ.

Ұқсас жаңалықтар