Ел намысын қорғаған ерлер

Ел намысын қорғаған ерлер
ашық дереккөз
Ел намысын қорғаған ерлер
Иордания мемлекетінің Амман қаласында грек-рим күресінен жастар арасында Азия чемпионаты өтті. Осынау сары құрлық бәсекесінде 20 жасқа дейінгі спортшылар арасында жамбылдық Нұрасыл Аманалы мен Юсуф Ашрапов күміс жүлдеге қол жеткізсе, кіші жасөспірімдер арасында 62 килограмм салмақта Марлен Мейірбекұлы да финалға өтіп, алтын жүлдеге жақын қалғанда сүрінді. Дегенмен, Азия чемпионатынан үш балуанымыздың күміс жүлде алуы – жақсы нәтиже. Азия чемпионатының күміс жүлдегерлерін «Тараз-Арена» спорт сарайында спорт мамандары мен БАҚ өкілдері қарсы алды. Облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты Олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернат колледжінің директоры Марат Әшімов сөйлеп, жас балуандардың Азия аймағындағы жеңістерін жоғары бағалап, алдағы ірі жарыстарда сәттілік тіледі. Балуандардың жеке бапкерлері Серік Алшанов пен Теміржан Орынбаев шәкірттерінің үмітті ақтағанын айтып, алдағы Әлем чемпионатында жеңістің биік тұғырынан шығуға күш салатынын жеткізді. Біз Азия чемпионатында олжа салған жас балуандарымызды сөзге тарттық. Нұрасыл Аманалы БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында: «Бұл жарысқа осал балуандар келген жоқ. Әр жекпе-жек тартысты өтті. Әуелі өзбек балуанын жеңіп, жартылай финалда жапондық спортшыны ұттым. Финалда ирандық балуанға ұпай санымен есе жіберіп, бұйырғаны күміс жүлде болды. Алдағы уақытта күмісті алтынға айналдыру жолында тер төгемін», деді. Ал, кіші жасөспірімдер арасында өнер көрсеткен Марлен Мейірбекұлы: «Әуелі қырғыз балуанын 9:0, келесі кезеңде Сауд Арабиясы елінің өкілін 9:0 есебімен ұттым. Тек финалда ирандық балуанмен – 3:3 есебімен тең күресіп, төрешілердің шешімімен жеңіс қарсыласыма берілді. Алдағы Азия, Әлем чемпионаттарында алтыннан алқа тағуға күш саламын. Жерлестеріміздің осылай құрмет көрсеткеніне қуаныштымын. Сенімдеріңізді ақтаймыз», деді. Юсуп Ашрапов та соңғы сәтке дейін аянбай күресіп, ел намысын қолдан бермегенін айтты.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар