«Тараз» командасы тыңнан жол таба ала ма?

«Тараз» командасы тыңнан жол таба ала ма?
ашық дереккөз
«Тараз» командасы тыңнан жол таба ала ма?
Футбол – елдің басты назарындағы спорт түрі. Ал, қалай ойнаса да, қай лигада жүрсе де біздің облыстың бас командасы – «Тараз». «Тараздың» премьер-лигада дәуірлеген жылдарын да білеміз. Құлдыраған кездеріне де өзіміз куәміз. Сол кезде орталық алаңға кәрі кеудесін сүйретіп, ақсақалдар да барып жанкүйер болушы еді. Облысымыздың бас командасына 55-60 жыл бойы жанкүйер болып келе жатқан ақсақалдар бар. Ал, сүйікті командамыз «Тараз» биыл бірінші лигаға түсіп қалғаны белгілі. Осы лиганың өзінде қазіргі көрсеткіші қуантарлық емес. Қазір бірінші лига командалары арасында да бірінші айналым ойындары аяқталды. Соңғы ойындарының бірінде «Тараз» өз алаңында «Оңтүстік» академия клубын қабылдап, 2:1 есебімен ұтты. «Тараз» сапынан Тәңір Мадияр мен Ермаханбет Берік гол соғып, мергендігімен танылды. Бірінші лига командалары арасында алғашқы айналым нәтижесі бойынша Семейдің «Елім-ай» командасы 38 ұпаймен көш бастап тұр. Бұл командада әзірге жеңіліс жоқ. Екі ойында ғана тең ойнап, 12 матчта жеңіске жеткен. Екінші орында бір ғана жеңілісі бар 37 ұпаймен Шымкенттің «Тұраны» тұр. 9 ұтыс және 1 тең ойынымен Оралдың «Ақжайығы» үздік үштікті түйіндеп тұр. Олардың еншісінде 28 ұпай. Ал, біздің жерлесіміз «Тараз» алғашқы айналым нәтижесі бойынша 14 ұпаймен 11- орында қалып қойды. «Тараз» 14 ойын өткізіп, төрт ойында ұтып, екі ойын тең ойнады. Айтуға да ұят, 8 ойында жеңілістің ащы дәмін татты. Алғашқы айналымда «Тараз» командасы қарсыластарына 26 гол соғып, өздерінің қақпасына 28 гол жіберіп алған. Қазіргі таңда 15 команданың ішінде 11-орында әрең тұр. Бұл әрине, бір облыстың бетіне қарап отырған бас командасы «Тараз» үшін өте төмен көрсеткіш. Әзірге жанкүйерлерінің жүзін жерге қаратып отыр. Бірақ, шын жанкүйерлер «Тараз» қандай нәтиже көрсетсе де жанкүйер болып қала береді ғой. Дегенмен, «Тараз» командасына ес жинап, серпіліп, жақсы ойын өрнегіне көшпесе болмайды. Қазіргі көрсеткіші жанкүйерлердің алаңдаушылығын тудырып отыр. Мұндай сүреңсіз ойындарды жалғастыра беруге болмайды. «Тараз» бірінші лигада 11-орында тұрғанын айттық. Өзінен төмен тұрған «Қайрат-жастар», «Оңтүстік» академия клубы, «Ақтөбе жастар» командаларында 12 ұпайдан бар. Соңғы орындағы «Астана жастар» клубы 4 ұпайға әрең қол жеткізді. Төрт мәрте тең ойнаған. Астаналық команда әзірге жеңіске жете алмай келеді. Бұл командалар енді бір жеңіске жетсе, «Тараздың» жағдайы қиындай түседі. Ол жағын да ұмытпаған жөн. Жалпы «Тараз» командасының алдында 15 ұпаймен «Екібастұз», 18 ұпаймен «Арыс», 19 ұпаймен «Жас қыран» тұр. Ал, олардан жоғарыда 6-орындағы «Түркістан» командасында 23, 7-орындағы «Қыран» командасында 22 ұпай бар. «Қыранның» өзі «Тараздан» 8 ұпай алда тұр. Екінші айналымда жаңа бір серпіліс, жаңа ойын өрнегін таппаса «Тараз» командасына 7-орынға жетудің өзі қиынға соғайын деп тұр. Ал бірақ, екінші айналымда күшіне енсе, 8 немесе 9-орынға тұрақтауға мүмкіндік бар. Ол үшін өз алаңындағы ойындардың барлығын ұтып, сырт алаңда да сәтті өнер көрсетулері қажет. Бізге «Тараз» футбол клубының директоры Жандос Ахметов: «Команданың бұл көрсеткішіне жанкүйерлер көңілі толмай отырғанын түсініп отырмыз. Бірақ, маусым басталғанда «Тараз» командасының мақсаты премьер-лигаға шығу емес екенін айтқан болатынбыз. Дегенмен, биылғы маусымды кестенің бел ортасында аяқтауға, жіберген кемшіліктерімізді екінші айналымда түзеуге күш саламыз», деп қысқаша жауап қайырды. «Тараз» командасының жанкүйерлері аз емес. Орталық стадион толғанша жиналып, тамаша ойындарға куә болған кездерді көпшілік ұмытқан жоқ. Тіпті, министр, әкім, белгілі тұлғалардың көпшілігі «Тараз» командасына сан мәрте жанкүйер болғанын көзіміз көргені шындық. «Тараз» футбол клубының талай талантты ойыншыларды түлетіп шығарғаны – мақтаныш. Олар әлі де еліміздің ең мықты командаларының сапында өнер көрсетіп жүр. Қазақстан Ұлттық құрамасының үздік ойыншылары Әулиеата топырағынан шыққан тарландар екенін ұмытпаған дұрыс. «Тараз» командасының жанкүйерлері сүйікті командасының мұндай күйде жүргенін қаламайды. Мәселен, 80 жастан асқан жанкүйер Барат Мыңбаев: «Бұл біз күтпеген нәтиже. «Тараз» командасының талай жарқылдаған жақсы ойынын, ірі жеңістерін көргенбіз. Нүркен Мәзбаев, Азамат Ниязымбетов, беріректе Ұлан Қонысбаев, Жамбыл Көкеев жасындай жарқырады. Бірінші лиганың төменгі жағында жүргенге біздің жүрегіміз ауырады» десе, облыстың билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов: «Тараз – талай талантты футболшылар шыққан қасиетті жер. Әулиеатаның бас командасына мұндай ойын жараспайды. Мен «Таразға» алпыс жылдан бері жанкүйермін. Облысымыздың бас командасы талай дәуірлеп, қуантты. Мықты командаларды ұтып, орталық алаңнан талай қуанып қайтқанымыз есімде. Ал, команданың қазіргі жағдайына алаңдаушылық білдіремін», – деді. Футбол жанкүйері, әлі күнге дейін жасыл алаңда доп теуіп жүрген Әзімбек Тілешов ақсақал: «Қазір ауыр жағдайды бастан кешіп жатқанымен, «Тараз» командасының келешегіне сенемін. Спортта түрлі жағдайлар болады. Мұндай нәтижелер тіркеледі. Бір қуанатыным, қазір «Тараз» сапында кілең жамбылдық жас ойыншылар ойнап жатыр. Олар керемет жақсы команда болады», – деп жақсы күндерден үмітін үзбейтінін байқатты. Әрине, жанкүйерлердің лебізі мен тілектері өте дұрыс. Олар орталық алаңға жеңіс үшін, сүйікті командасының жеңісіне қуанып қайту үшін барады. Сондай көңілмен барған жанкүйерлерге жеңіліс ауыр тиеді. Бірінші лига командаларынан жеңілу – ұят. Мұны әрине, «Тараз» командасының әр ойыншысы біледі, сезеді, түсінеді. Екінші айналымда олар да алдына басқаша мақсат қойып, турнир кестесіндегі жағдайларын едәуір жақсарта түсуді ойластырып жатқаны анық. Себебі, Тараз футбол мектебі – талай тарлан футболшылардың отаны. Талай тарландарды түлеткен өңірдің командасына бұлай ала-құла, сенімсіз ойнауға болмайды. Сондықтан, жанкүйерлердің күдері әлі үзілген жоқ. Облыстың бас командасынан әлі жарқын ойын, ірі жеңістер күтеді. Алда екінші айналымның ойындары тұр. Барлық команданың да жеңістен дәмесі бар. Бірақ «Тараз» командасы алдағы ойындарды сәтті өткізіп, жеңістің ауылына жол табады деген ойдамыз. Лайым солай болғай!  

Есет ДОСАЛЫ

 

Ұқсас жаңалықтар