Жаһан әдебиетінің жұмбағы

Жаһан әдебиетінің жұмбағы
ашық дереккөз
Жаһан әдебиетінің жұмбағы
Әдебиет – адам санасына әсер ететін ерекше құрал. Сондықтан әдебиет әр елдің мінезін көрсететін де, ділін қалыптастыратын да мәйек саналады. Әдеби кейіпкерге еліктейтіндер қаншама?! Айналасындағы адамдарға қарап әңгіме жазатындар ше?! Мәселен, «Өлі жандар» поэмасын Гогольге Пушкин «жаз» деп, әңгімелеп берген. Әдеби шығармалар алуандылығымен де қызықты. Шығарма жазу процесі кезінде сан алуан жағдайлар боп тұрады. Шынайы жазылған шығарма міндетті түрде қоғам мен адамға әсер етпей қоймайды.

ШЕРЛОК ХОЛМС ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕ ҚЫЛМЫСКЕРЛЕРДІҢ ҚҰЛШЫНЫСЫН ОЯТҚАН

Артур Конан Дойлдың «Жирендер одағы» әңгімесін оқыған ағылшындардың қылмыстық тобы әй-шайға қарамай, бірден шығармадағы әрекетке кірісіпті. Олар 1971 жылы Бейкер-стриттегі «Loyds» банкіне қарсы орналасқан дүкенге арналған кеңсені жалға алады. Тек демалыс күндері жұмыс істеп, қазынаға жақындататын 12 метрлік туннель қазады. Әбден жақындағанда еденді динамитпен жарып, қойманың ішіндегі жәшіктердегі ақшаны сыпырып-сиырып кетеді. Ізін суытпастан 4 қылмыскерді тауыпты. Оларды түрмеге жабады. Бірақ, топта қанша адам болғанын анықтау мүмкін болмайды. Ұрланған ақшаның тек оннан бір бөлігі ғана қайтқан. Ал шын мәнінде банктен ұрланған сома әлдеқайда мол деп бағаланған екен.

ӘР ОНЫНШЫ ТҰРҒЫН – АВТОР

Исландияда ерекше дәстүр қалыптасқан. Исландықтар жаңа жылда бір-біріне кітап сыйлайды екен. Жаңа жыл басталысымен әрбірі жаңа кітап оқуға кіріседі. Осы дәстүр қалыптасқалы Исландия әлемдегі кітапты көп оқитын елге айналған. Сондықтан, Исландияда ана тілінде шығатын кітап саны жыл өткен сайын жедел өсіп келеді. Статистикалық есеп бойынша, әрбір оныншы исландық өзінің авторлық кітабын жазып шығарады екен.

ЕЛЕСТЕРМЕН СЫРЛАСҚАН ЖАЗУШЫ

Көптеген драмаларда елес кейіпкерлер сипатталады. Олар дым да істемейді, ләм-мим демейді, бірақ аты аталады. Кейде мұндай кейіпкерді қысқартып тастайды. Сондай қысқартулар кезінде оны барлық тараудан алып тастауды ұмытып кетеді. Қойылымды қоярда режиссер мұндай елестерді сценарийден сызып тастайды. Зерттеушілер Шекспир шығармаларының түпнұсқаларын зерттеу кезінде оның жұмыстарында басқа авторларға қарағанда елестердің өте көп болғанын анықтаған. «Ромео мен Джульеттада» Петруччио мен Валентин, «Гамлеттің» әкесі секілді елестер солардың көш басында тұр.

АЖАЛ АУЗЫНДА ЖАТҚАН БАЛАНЫ ҚҰТҚАРҒАН ШЫҒАРМА

1977 жылы Лондон ауруханаларының біріне Катардан келген бір жарым жасар бала түседі. Дәрігерлер диагноз қоя алмапты. Бала өлім аузында жатады. Сол кезде медбике Марша Мейтланд Агата Кристидің «Ақбозат вилласы» деген шығармасын оқып жүріпті. Ол баланың таллиймен уланғанын айтады. Өзі баланың жағдайын кітаптағы оқиғамен ұқсатыпты. Содан баланы аман алып қалады. Осы шығарманы алты жыл бұрын оқыған бір дәрігер Бовингтон қаласының фабрикасындағы жұмысшылардың жұмбақ өлімін ашқан. Ол сериялы адам өлтіргіш Грэм Янгты ұстауға септесіпті.

«ТОМ МЕН ДЖЕРРИ» ҚАНДАЙ МАҒЫНА БЕРЕДІ?

Ағылшын жазушысы Пирс Иган ХІХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген. Сол кездерде ол «Лондондағы өмір» деген очерктер жинағын шығарыпты. Бұл жинақты өз заманындағы бай-бағланның жастық шағын тек қызық қуып, түк бітірмейтін «еркетотай балаларына» арнаған. Басты кейіпкерлер Том мен Джерри болыпты. Осы жинақтың арқасында ағылшындар Том мен Джерри десе, тек «төбелес, ішкілікке салыну, айналасына маза таптырмау» дегенді түсініпті. Мультсериал кейіпкерлерін осылай атаудың өзі сол жатып ішерлерді сынаудан туған дейді.

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ҚАЛАМГЕРЛЕРДІҢ КӨМЕКШІСІНЕ АЙНАЛА БАСТАДЫ

Біз жазушыларды бір бөлмеде өзі жалғыз отырып шабыттанатын, идеяларымен оңашада қалатын адам ретінде көреміз. Бірақ, Робин Слоун есімді американдық жазушы бірер жыл бұрын оның сөйлемдерін аяқтайтын бағдарлама арқылы кітап жазып жатқанын әлемдік әдеби басылымдарда мақтанышпен жеткізген еді. Әрине, жасанды интеллект жазушылардың шығармашылық әлемін алмастыра алады деп айтудан аулақпыз. Дегенмен, Слоун мырзаға қарап бағдарламалар мүмкіндігінің шығармашылыққа да келгенін көре аласыздар. Ол кез келген жерде мәтін фрагменттерін өзіне хабарлама арқылы қысқа үлгіде жіберіп, ұзақ мәтін жазуға кейін кіріседі. Кіріскенде де, ол сөз тіркестерін компьютерге жазады. Арнайы бағдарлама өз кезегінде сөйлемді қалай құрастыруға болатынын көрсетеді. Автор «Бұл фантастика. Мен кейде ондай керемет сөз тіркестерін таба алмас едім. Ал компьютер алдыңғы сөздерге анализ жасап, өзі ұсынады», – дейді.  

Бетті дайындаған Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Ұқсас жаңалықтар