Облыс абыройын асқақтатқан азаматтар

Облыс абыройын асқақтатқан азаматтар
ашық дереккөз
Облыс абыройын асқақтатқан азаматтар
Жақында Атырау қаласында өткен Төтенше жағдайлар министрлігінің өрт-құтқару спорты бойынша жасөспірімдер арасындағы XIII жазғы чемпионатына облысымыздың жасөспірімдер командасы да белсенді қатысты. Аталған чемпионатта республика бойынша 16 команда бақ сынасты. Облыстың жасөспірімдер арасындағы құрама командасы мен ересектер командасына бүгінде Сарысу ауданындағы №16 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Ескендір Айділда жетекшілік етеді. Е.Айділда өртке қарсы қызмет саласында 20 жылдан астам уақыттан бері қызмет атқарып келеді. Ол өрт-құтқару спорты бойынша және спорттың кик-бокс түрінен спорт шеберіне үміткер. Бір айта кетерлігі, өрт-құтқару спорты бойынша жасөспірімдер командасының құрамында Ескендірдің үлкен ұлы Нұрислам да өзінің бағын сынады. 14 жастағы Нұрислам аталған спорт түріне жастайынан ерекше қызыққан екен. Сондықтан үнемі әкесінің жанында жүріп, аталған спорттың қыр-сырын жақсы меңгерген. Нұрислам осы чемпионатта өзінің бар біліктілігін танытып, оқу мұнарасына шабуылдық сатымен көтерілу сайысында жүлделі үшінші орынға ие болды. Ал, Ескендірдің кіші ұлы, 9 жастағы Нұрәділ болса осы Атырауда өткен чемпионатта «Ең жас спортшы» номинациясын иеленді. Осылайша бір үйдің үш батыры бүгінде облыстың намысын қорғап жүр десек қателеспейміз. Ендеше, «Әке көрген оқ жонар» демекші, әкесі тәлімгерлік ететін құрама командада жүрген жасөспірімдердің алда да талай белестерді бағындыра беретініне сене отырып, «Жеңістерің құтты болсын!» демекпіз.  

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ұқсас жаңалықтар