Памук неге өз Отанының марапатынан бас тартқан?
Орхан Памук арғы тегі черкес сойынан шыққан қазіргі заманғы ең танымал түрік жазушысы, бірнеше ұлттық және халықаралық сыйлықтардың иегері. 2006 жылы 12 қазанда әдебиет саласы бойынша «туған қаласының мелонхолиялық жанын іздеу кезінде мәдениеттер қақтығысы мен соқтығысының жаңа белгілерін тапқаны үшін» Нобель сыйлығын алды.
Памук туған жері – Түркиядағы секілді өзге шет елдерде де танымал, шығармалары әлемнің алпыс төрттен астам тілдеріне аударылған. Армяндар қырғынына және Түркиядағы күрдтерге деген кемсітушілікке қарсы ресми Түркия билігіне ұнамсыз азаматтық көзқарасымен танымал. Жазушының шығармашылығының негізгі тақырыптары – Шығыс пен Батыс, Ислам мен христиандық, дәстүрлілік пен осы заман арасындағы қақтығыс, қарама- қарсы тұрушылық болып табылады. Жазушының даулы мәселелер бойынша өзіндік бағыт-бағдары оны отандастары арасында қарама-қайшы тұлғаға айналдырған. Біреулер оның азаматтық қаһармандығына ризашылық білдірсе, енді басқалары оны Отанының сатқыны деп есептейді. Оның «Джевдет мырза және оның ұлдары»деп аталатын тұңғыш романы 1979 жылы Milliyet Press сыйлығын, 1983 жылы Орхан Кемал атындағы сыйлықты алған. Памуктың жазушылық даңқын «Ақ қорған», «Қара кітап» атты романдары асқақтатты. Оның шығармалары негізінен АҚШ пен Батыста жоғары бағаланады. 1998 жылы Түркия мемлекеті тағайындаған «Халық жазушысы» атағынан бас тартады. Орхан Памук өткен ғасырдың сексенінші жылдары түрік әдебиетінің аса танымал, ықпалды тұлғаларының бірінен соң бірі дүниеден кетіп жатқан кезінде әдебиетке келді. Алғашында оның шығармаларын Батыста ешкім оқып, пікір білдіре қоймады. Оның Түркия туралы батыс журналистеріне берген сұхбаттары саясаттың отын маздатып, Еуропа мен Түркия қоғамын ашық айқас алаңына алып шықты. 2005 жылы Памуктің үстінен бес құқықтанушы Түркия сот билігіне шағымданып, Памукке 3,8 мың доллар айыппұл салынды. Шағымданушылар жазушының «Tages-Anzeiger» басылымына берген сұхбатын негізге алған. Нобель сыйлығының лауреаты ол сұхбатында: «Түркияда миллион армян мен 30 мың күрд азаматы қырғынға ұшырады, бірақ бұл мәселе менен басқа ешкімді де ойландырған жоқ», деп, бүкіл қоғамға сұрақ тастады. Түркия халқы мұны ар-ожданға нұқсан келтірген сөз деп қабылдады. Түрік романшысына әлемнің ықпалды сегіз жазушысы – Жозе Сарамага, Габриель Гарсия Маркес, Гюнтер Грасс, Умберто Эко, Карлос Фуэнтес, Хуан Гойтисоло, Джон Апдайк және Марио Варгас Льосалар араша түсті. 2006 жылдың қаңтар айында Памуктің үстінен қозғалған қылмыстық іс тоқтатылып, бір жылдан соң «түрік ұлтын қорлады» деп шағымданған арызданушы тараптың өтініші ескерілмеді. Дәл қазіргі уақытта ол Үндістанның Гоа штатында танымал үнді жазушысы Киран Десаимен ғұмыр кешуде.Бетті дайындаған Нұржан ҚАДІРӘЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді