«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Тарих болып хатталған жер Жамбылым, Таланттары бапталған жер Жамбылым»

«Тарих болып хатталған жер Жамбылым, Таланттары бапталған жер Жамбылым»
ашық дереккөз
«Тарих болып хатталған жер Жамбылым, Таланттары бапталған жер Жамбылым»
Сәуір айында Әулиеата жерінде жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың құрметіне «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық ақындар айтысы өткен болатын. Жыр додасында сайысқа түскен ақындар айтысының газеттік нұсқасын жасап, алдағы уақыттарда да оқырман назарына ұсынатын боламыз. Батыс Қазақстан облысының ақыны Жансая Мусина мен жамбылдық Дидар Апбасовтың айтысы: Дидар: Бүлкілде шабыт атты кер дөненім, Ұнайды жел аяңмен тербегенің. Шабысыңды желістен асырғанмен, Мәреге жеткеніңше терлемегін. Табиғаты ешкімге ұқсамайтын, Жазиралы жап-жасыл белдеу едің. Сыңғырлаған сұлудың күлкісіндей, Таластың толқынымен тербелемін, Шаршап келген кезімде кең өлкеге, Саф алтын таза ауаңмен емделемін. Өз ұлын қолдайтын жұрт барсыңдар ма, Білемін шапалағың дем берерін. Баталы қариялар қазыналар, Сіздерге сәлем беруді жөн көремін. Аңқылдап қарсы алдымнан шыға-тұғын, Армысың, ағалар мен жеңгелерім. Тараздың жігіттерінен айналайын, Қыздарын да тектімен тең көремін. Дидардай өз балаларың келіп қалды, Жырының алып бүгін кең көлемін. Мұқағали сөзімен айтар болсам: «Таразым, құшағыңды аш, мен келемін». Билігі үстем болса би ағаның, Сын болар сынығындай пиаланың. Жақында жарнамалап сайлау өтті, Жағалап компьютердің сый алаңын. Өйткені әділетсіз өтті деуде, Сайлаудан өтпей қалған кей адамың. Біреулер әділетті өтті дейді, Көрдік деп бұл доданың тиянағын. Мықтылар сүрінген соң бұл сайлауды, Қалайша әділ өтті дей аламын. Бірақ та әділетсіз өтті деуге, Төрдегі ағалардан ұяламын. Мықты ақын жұп болыпты маған-дағы, Дидардың бұдан басқа бар арманы. Жансаядай ақынның құтты болсын, Таразға басып жатқан қадамдары. Айтыстарда бойдақтық мініңді айтып, Ақынның тиісуші еді саған бәрі. Сіз жалғыз қалады деп ойламаймын, Жаңалықты естісем қоғамдағы. Мен үшін автокөлік секілдісіз, Ешкімге алынбаған талондары. Өнер жолы ауыр жол деп айтамыз, Сол жолда жарылмаған балондары. Сатылмай-ақ «срогы» өтіп кеткен, Көліктей мінілмеген салондағы. Өзіңмен жолықпаймын талай жолда, Қасыңа қорықпаймын маңайлауға. «Махаббатсыз дүние бос» деп жырлаған, Кешегі өткен кемеңгер Абайлар да. Жасы үлкен әпкелердің жас жігітке, Үйленгені белгілі талайларға. Жас жігітке үйленген Шахризада, Әншіге ел тамсанып қарай берді, ә. Бірнеше жыл жасы үлкен Айнұрды да, Нойс жездем бағына балай берді, ә. Ал өзіңнің жерлесің Райымның, Еркеге үйленуі қалай болды, ә? Ал, ағайын айтыңдар біз не істейік, Келбетім қызды көріп арайланды, ә. Аталған жігіттерден қай жерім кем, Бір амалын табайын қолайлы онда. Көрермен ақ батаңды берем десең, Жансаяны алайын жарайды онда. Жансая: Ей, дүние-ай! Шыға сап қуасыңдар қалай бұлай, Жете алмас арттарыңнан талай құмай. Үйленем үлкен қызға деп бастадың, Естісе папа-мамаң сабайды ғой. Япырым-ай, жас балаларды түсінбеймін, Дәстүрді ойыншық деп санайды ғой. Салонның көлігі деп Жансаяны, Өзінше соны алғанды қалайды ғой. Қарағым, арманың тым асқақ екен, Салондар қалған қызды қанайды ғой. Бірдеңе алар кезде әуелі адам, Кішкене алды-артына қарайды ғой, Кішкентай бөпелерге сен сияқты, Базардың велосипеді жарайды ғой. Ағайын, не дейді мына Райымдарың, Сөз қылып шоу бизнестің жайындарын. Қарайтын уақытым жоқ айналайын, Біреудің қуған хайп, вайндарын. Бақытым сол деп жүрсе өзі білер, Бақытты болсын Айнұр шайырларың. Мынаған Шахризада бола алмаймын, Табылар өз жасыма сай ұлдарың. Өйткені Жансаяның өз жолы бар, Білмеймін тағдырым не дайындарын. Ағайын, қызыңда аздап ақыл бар ғой, Мен үшін болмасыншы уайымдарың. Біреудің жолыменен жүре алмайды, Бұралып өскен ерке қайыңдарың. Айтысу болғаннан соң шаруам бұл күн, Келмейді өлеңімді арзан қылғым. Жайықтың Жансаясы ем жаны жайсаң, Келетін ұлы өнерді жандандырғым. Оралдың келіп тұрмын ордасынан, Болады айырмасы таудан қырдың. Есебін хан алдында түгендеткен, Кешегі Махамбеттен қалған дүрмін. Сіңлісі ем Мәншүк дейтін қайсар мінез, Бүршігін құм астында жарған гүлдің. Салғанда сал Мұхитқа жетпесем де, Келеді теңіздей қып сән қалдырғым. Дина мен Құрманғазы, Сейдептердей, Даламды домбыраммен шарлап жүрмін. Құнарлы күй тыңдаса қанатындай, Құмары талғамды қыз, талғамды ұлдың. Жалғайтын ізбасары біз шығармыз, Қазақтағы Қадырдан қалған жырдың. Армысың, Тараздағы тарлан жұртым, Талай жыл бір келсем деп арман қылдым. Нарыннан келіп тұрмын сәлем беріп, Ұрпағы барсыңдар ма, нар Жамбылдың. Қалайсың, Дидар Апбасов, Жүруші ең бұрын хат жазып. Бетпе-бет көрдік ал бүгін, Айтысамын деп менімен, Кеткен жоқсың ба қатты азып. Сөздеріңе қарасам, Сезімін бірден білдірген, Жігіт екенсің нәп-нәзік. Келгенде сенің қасыңа, Бар айтатының осы ма? Үйленем саған деп тұрсың, Қарамаймын деп жасыңа. Әй, сені мен інім деп жүрмін, Сондықтан жаным тасыма. Айтпақшы, елді шошытып, Жер сілкінгенде өткенде, Тас түскен жоқ па басыңа? Кетпесін әрмен сөз үдеп, Талай шайқасқа төзіп ек. Саған жігіт деп қарамаймын, Ұққайсың мұны тезірек. Жуалы жақтың баласы ең, Сондықтан саған қараймын, Шерханның көркем сөзі деп. Қараймын саған баһадүр, Батырлығында міні жоқ, Бауыржандардың көзі деп. Бағымды ашар жұппысың, Артылған әлде жүкпісің. Айтысқанда менімен, Пыспайды сенің тіпті ішің. Талайды көрдім сахнада, Азуын айға білеген, Ақынның небір мықтысын. Сыйласқандарды сыйлаймын, Жосықсыз жерден таласып, Мен емес талар жыртқышың. Шәуілдеп келсе күшіктер, Қағып тастаймын сүт тісін. Мекені абыз атаның, Мекені аңыз апаның. Толтырып келдім ортаға, Шайырларыңның қатарын. Оншақты жылдай боп қалды, Түспеп еді мұнда сапарым. Көрінбей көптен кеттің деп, Оңтүстіктегі ағайын, Төкпейтін шығар қаһарын. Жылдарды салып келгенде Құшағын жайып тұр ма екен, Таразым – көне шаһарым. Әй, Дидар бұрын жақсы ең ғой, Жақсылар аз еді тап сендей. Ал бүгінгі сөздерің, Ағзаға енген токсиндей. Ендеше, кезек берейін, Зырылдап өтші тағы да, Индрайвердің таксиіндей. Ал, қияли бала сөйлеші, Пугачеваны алам деп, Армандап жүрген Максимдей. Дидар: Жансая, артық емес жасың маған, Қай кезде де мен үшін асыл бағаң. Көзіме сондай болып көрінесің, Он екіден бір гүлің ашылмаған. Алма тал секілдісің пісіп тұрған, Бұтақтары иіліп, басылмаған. Жер сілкініп басыңа тас түсті деп, Айттыңыз-ау, қызық болды осының маған. Жар болуға жараймын уайымдама, Жансая басым да аман, тасым да аман. Жансая, айналайын, ондайды қой, Жігітті кемсіткен қыз оңбайды ғой. Қырыққа келген қыздар «Сороковка», Секілді қара жерде қалмайды ғой. Болмаса салоны кең «Сороковка», Көңілім басқаларға қонбайды ғой. Велосипедтің кішкентай орындығы, Отыруға кеудем де толмайды ғой. Айтайын сахнада мақтанып ән, Қолдасаңыз ағыл-тегіл ақтарылам. Бұл жерден талай-талай дүрлер өткен, Адам түгілі, ат үркетін аттарынан. Соның бірі – Жабаев Жамбыл еді, Басына жастайынан бақ дарыған. Сол бақты көп көрді ме, кейбір жандар, Артынан салып жүр ғой даттап ұран. Жамбыл ақын оқымаған, сауатсыз деп, Аяды-ау жылы сөзді қарттарынан. Кремльде намазын қаза етпеген, Үңілсек том тарихтың қатпарынан. Дәретсіз кілем түгілі жерді баспай, Құранның аяттарын жатқа оқыған. Алланың хикметін сезгеннен соң, Бір ғасыр ғұмыр кешті шат-шадыман. Атын жаза алмаса да аты шығып, Хат танымай жүріп-ақ хақ таныған. Осылай жұрт алдында толғанасың, Толғанып домбыраңды ей, қолға аласың. Он жылдан соң Таразға келіп тұрған, Жансаяны қолдасын енді Алашым. Содан бері өзгерді біраз нәрсе, Ал, айтайын көрермен бері қарасын. Ол кезде Көкірекбаев әкім еді, Жамбылымның басқарған кең даласын. Сіз айтысқан Ринат ақын еді, Депутат боп алмаған ел бағасын. Тектұрмастың басынан шықпаушы едік, «Көне Тараз» кешенін салмағасын. Жанармайдың бағасы да арзан еді, Кезекке тұрып қазір алмағасын. Араға он жыл салып келдім ғой деп, Жаңа түскен келіндей таңданасың. Содан бері өзгерді біраз нәрсе, Өзгермей келіп тұрған сен ғанасың. Жансая: Ей, ойпырым-ай! Қай жерім аман дейді ақын бала, Бір тебем маған қарай жақындама. Жігітті кемсіттің деп ел алдында, Сен олай жалған сөйлеп лапылдама. Мен сені Шерхандардың сөзі дедім, Бойында бар шығар деп ақыл дара. Мен сені Бауыржанның көзі дедім, Қор болып кетпесе екен батыр баба. Інішек деген сайын айналайын, Басыма шығып бара жатырсың ғой, Дайын боп асуға да, атуға да. Бойдақ қыз екенімді өзім білем, Мәлім бұл алысқа да, жақынға да. Әр шумақ айтқан сайын соны қозғап, Құлағымның түбінен шақылдама. Тараздың қақ төрінде айтысшы деп, Құрметтеп Ахметжандай шақырды аға. Сенен бай сұрап келген ештеңем жоқ, Қарғадай болып алып қақылдама. Ей, балапан! Финалға тілеп тұрсаң өтуіңді, Ендеше көрсетпессің қоқуыңды. Қалмас деп «Сороковка» қара жерде, Көзіме қоймай отсың шоқуыңды. Қалсам да қара жерде айналайын, Бәрібір сен қылмаймын шопырымды. Жаңағы велосипедпен жүре берсеші, Бір ізбен салып алып көпіріңді. Құйрығым сыймайды деп орындыққа, Қайтесің олай былай көпіруді. Ол жағын реттеп өзің аласың ғой, Мен қасып бере алмаймын қотырыңды. Бұл бала неменеге қайқаңдайды, Тілінен бал түгілі май тамбайды. Ол рас көптен бері келіп тұрмын, Көзімен көргеннен соң айтам жайды. Қалаңыз шыныменен ажарланған, Келгендер бас шайқамай қайта алмайды. Қолтаңбасы көрінсе әр әкімнің, Жақсыға жорып әр адам пай-пайлайды. Әкімдер келіп-кетер уақытша ғой, Керегін әрбір адам сай таңдайды. Ағайын, сендер аман тұрған кезде, Тараздың шаңырағы шайқалмайды. Тек ғана Жансая деп өзгермеген, Апбасов аттан салып айқайлайды. Бала едің мен келгенде баяғыда, Балалар білесің ғой, тәй-тәйлайды. Қылығың сол қалпында қалған екен, Сенің де өзгергенің байқалмайды. Шаттанып тұрса Тараз қала бүгін, Жырымның ашып айтам аражігін. Жамбылдың айтысына келген кезде, Ақындар көрсетпесін шалалығын. Жерлесі ем Нұрпейістің Динасының, Күйімен көрсететін даралығын. Неге айтып тұрсың десең мұның бәрін, Естілсін естелік боп жауап үнім. Бір кезде Дина әжеммен өнер қосып, Дос бопты Жамбылдайын нар алыбым. Бірі – ақын, бірі – күйші, қос өнерпаз, Қазақтың аралапты әр ауылын. Аңыз боп екеуінің сыйластығы, Қалыпты санасында саналының. Жамбылдың ұрпағы екен мына Дидар, Айтысқа бүгін қосқан жаңалығың. Мен болсам жерлесі едім Дина әженің, Білмейді Бөкей дейтін даланы кім? Қос тарлан жолыққандай болсын қайта, Жылдардың артқа тастап аралығын. Ал, Дидар, бәтуалы сөз айтсаңшы, Басылған болса бойда балалығың. Дидардай азаматты құрметтеймін, Жамбылдың көрсете алсаң даналығын. Дидар: Асаудың бойында күш тасып тұрады, Тарпығаны жүректен қашық тұрады. Қыздар жылқы мінезді болады кейде, Ноқтадан көздері үркіп қашып тұрады. Құлағынан сипалап, жүген салсаң, Икемделіп, қабағын ашып тұрады. Жуасытып алған соң бауыр басып, Иығын мойыныма тосып тұрады. Мен сені алтын деймін, лағыл деймін, Айтшы енді, одан артық неғыл деймін. Бөкейдің ордасынан келген қыздың, Қара басын қастерлеп қадірлеймін. Жәңгір Ханның елінің Жансаясын, Алақанға аялап ханым деймін. Отқа ұқсап шатыр-пұтыр жана бермей, Оразада сақташы сабыр деймін. Мен сені бәрібір де жақсы көрем, Өртенсең де шекпеймін жәбір мейлің. Қақылдамай қасыңа тура барып, Құлағыңның түбінен «Жаным» деймін. Қаратау қазақ үшін биік еді, Тау-тасы кимелеген киік еді. Жел тұрғанда сәлем сап сәмбі талдар, Жаңа түскен келіндей иіледі. Таласқа түсіп Қаратауға шықсам, Көңіл-күйім жадырап, сүйінеді. Сондықтан Таразымнан айналайын, Қашанда көтеріңкі күйің еді. Ақындар өле-өлгенше жырлап өтіп, Батырлар топырағыңды сүйіп еді. Жамбылымды жайлаған киелі елсің, Арқаңды Қаратауға сүйегенсің. Сауабы бойдақ қызбен айтысудың, Жамбылдың аруағына тие берсін. Бар қаланы салсаң да таразыға, Бәрібір салмақ болмақ Таразыма. Ал, ағайын, ендеше қош-аман бол, Берік бол ораза мен намазыңа. Ал, енді Жансаяға бұрылайын, Көңілің әлі маған наразы ма? Өзімнің шопырымды табам дейді, Жетсе екен аңсаған сабазына. Шопырың сені ұзақ сылап-сипап, Бір күні кіргізеді гаражына. Шопырыңмен жеткенше гаражыңа, Жата тұрсам бола ма багажыңа. Жансая: Дидар бала ел алдында қырсығып, Көлігіңе кірем дейді құлшынып. Апаң сенің ұмытшақ, айналайын құлыншақ, Багажымда қалмағайсың тұншығып. Ағайындар түсінетін жанымды, Төрт көз түгел көрген кезде бәріңді. Жүрек шіркін, тулайды, бұл сәт күнде тумайды, Өлмейтін бір салайыншы әнімді. Құрметтеген ана тілді дәл бүгін, Шалдарының бәрі ақылды Жамбылым. Әр сәт тәнті болып ем, Төле бидің жолымен, Қақ жаратын қара қылды Жамбылым. Тарих болып хатталған жер Жамбылым, Таланттары бапталған жер Жамбылым. Жақсы, жайсаң игінің, сұлу Айша бибінің, Аңыздары сақталған жер Жамбылым. Әніменен, сәніменен даңғылым, Мейман күтер дәміменен Жамбылым. Жатқа айтады баласы, тербеледі даласы, Кенендердің әніменен Жамбылым. Әр үмітті орнатқан жер Жамбылым, Қиындықта жол тапқан жер Жамбылым. Жауға қарсы тұрсын деп, ел қорғайтын ұлсың деп, Бауыржанды толғатқан жер Жамбылым. Бақтиярға байрақ берген Жамбылым, Тар жолдар мен тайғақ көрген Жамбылым. Жырт деп елдің жыртысын, желтоқсанда ұлт үшін, Қайраттарды қайрап берген Жамбылым. Ал, аман бол, айналайын Дидарым, Аяз бидей білмес ұлсың кейде әлін. Бәйгелерде шаба бер, жүлделерді ала бер, Ашық болсын ел алдында дидарың. Шәкірті едің Ахметжан ағаның, Аға маған түйіп жүрер қабағын. Арыстандай атылмай, тістемес те батырмай, Аман-есен қалдырайын шабағын. Әлі талай алдарыңда айтам ән, Елім аман, жұрт тынышта жай табам. Ұзақ өмір сүріңдер, бақытты боп жүріңдер, Ағайындар жолыққанша қайтадан.  

Айтысты жазып алған Есет ДОСАЛЫ

     

Ұқсас жаңалықтар