Жамбылдықтар Ғалымжан Қырықбайды қошеметпен қарсы алды

Жамбылдықтар Ғалымжан Қырықбайды қошеметпен қарсы алды
ашық дереккөз
Жамбылдықтар Ғалымжан Қырықбайды қошеметпен қарсы алды
Бірер күн бұрын спортсүйер қауымның делебесін қоздырған «Қазақстан Барысы» турнирі өз мәресіне жетті. Бас-аяғы 41 палуан бақ сынаған дүбірлі додада жерлесіміз Ғалымжан Қырықбай қарсыластарын қоғадай жапырып, үздік атанды. Ол ақтық кездесуде маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғаповтан айласын асырып, «Алтын белбеу» мен 25 миллион теңге сыйақыны қанжығалады. Күні кеше апайтөс палуанды облыс орталығындағы халықаралық «Әулиеата» әуежайынан облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Арман Ташметов бастаған спорт мекемелерінің басшылары, спортшылар мен жанкүйерлер зор қошеметпен қарсы алды. Салтанатты шарада алғаш болып сөз алған Арман Бақытжанұлы Жамбыл жұрты 7 жыл күткен тайтұяқты алып келген Ғалымжан Шаяхметұлына жерлестерінің атынан алғысын жеткізді. Ол өз сөзінде жас палуанға сәттілік тілеп, ағасы Бейбіт Ыстыбаев сынды бірнеше дүркін «Қазақстан барысы» атануына сенім білдірді.Бұдан кейін белгілі бапкер Ғалымжан Жылгелдиев, Ғалымжан Қырықбайдың жеке жаттықтырушысы Бақтияр Ақбергенов, Токио және Рио Олимпиадаларының жүлдегері Елдос Сметов пен облыстық қазақ күресі ассоциациясының құрметті президенті Жетпісбай Медеуов жылы лебіздерін арнады. Аға буын өкілдері Ғалымжанның Париж төрінде де атой салып, Олимп шыңын бағындыруына тілектес екендерін тілге тиек етті. Ал, ел-жұрттың ыстық ықыласына бөленген Ғалымжан Шаяхметұлы әр қадамына қолдау білдіріп, жеңіс тілеген тараздықтарға шынайы ризашылығын жеткізді. «Бұл жеңісті Таразға тартуым деп қабыл алыңыздар. Пейілдеріңізге көп рақмет. Алдағы жарыстарда да көпшіліктің сенімін ақтау үшін барымды салатын боламын. Көне шаһарымыз күн өткен сайын көркейе берсін. Ел намысын қорғайтын палуандарымыз көп болғай», – деді Ғ.Қырықбай. Жалпы, жамбылдық палуандар 12 жылдық тарихы бар «Қазақстан Барысы» турнирінде төртінші рет топ жарды. Бұған дейін Бейбіт Ыстыбаев үш дүркін «Қазақстан барысы» атанған болатын. Бұл жолы Ғалымжан Қырықбайбың бағы басым болса, Азат Рысбек пен Данил Федоровке сәттілік жолдас болмады.  

Есен ӨТЕУЛІ

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар