Мен көрген бас қала

Мен көрген бас қала
ашық дереккөз
Мен көрген бас қала
Тәуелсіздіктің бойтұмарына айналған Астананың туған күні исі қазақ үшін айтулы мереке. Елорда ширек ғасыр ішінде адам танымастай өзгергені белгілі. Жалпы, бас қаланың аз ғана уақытта осыншалық көркейіп, барша жұрттың жүрегінен орын алуы тегін емес. Өйткені, онда барлық қазақстандықтардың үлесі бар. Бүгінде әлем танитын шаһарды көзбен көру бақыты осыдан үш жыл бұрын маған да бұйырған-ды. Халықаралық деңгейдегі маңызды шаралар жиі өтетін елордадағы бір аптаға жуық іссапар барысында сондағы заманауи үлгіде салынған хан сарайындай ғимараттардың өзгеше сәулеті мен ұлттық нақышына қайран қалдым. Өзгесін айтпағанда, «Бәйтерек», «Хан шатыр» мен «Ұлттық музей» ұлтымыздың өткені мен бүгінгісін танып- білуде таптырмас орын. Бас қаланың қақ төрінде мұндай мәдени нысандардың көп болуы бір ғанибет емес пе? Ал, «Астана-Арена», «Велотрек» секілді спорттық кешендер көпшіліктің көңіліне қуаныш сыйлайтыны анық. Мұндай орындарда жалынды жастармен қатар, егде жастағы астаналықтар да өз уақытын тиімді өткізе алады. Сәт сайын гүлденіп келе жатқан Астанада күннен-күнге халық саны өсіп жатқанын ескерсек, мұндағы зәулім-зәулім ғимараттардың қатары бұдан да көбейе түсетініне күмән жоқ. Климаты қатал, өкпек желі өңменіңнен өтетін жасыл қала қазірдің өзінде-ақ жастардың жұмақ мекеніне айналып үлгерді. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Назарбаев университетінде білім алуға ұмтылған өңір жастары бас қалаға жиі қоныс аударуда. Сол жастардың жаңалық ашуға деген талабы мен зейінін көргенде көңілің толады. Астаналық жастардың өмір сүру ырғағы басқа. Олардың күндіз-түні көшеде беталды жүргенін көрмейсің. Әйтеуір, жанталас тірлік. Осылайша, бас қаланың болашақ иелері дүниенің кілті еңбекте екенін үйретуде әрі уақытты бағалауда өзге замандастарына үлгі болып отыр. Бас қалаға барғанда тағы бір есте қалғаны – Есілдің сол жағалауындағы кешкілік серуен. Сол бір кеште жасыл бақта қала халқының тең жартысы жүрді десем, артық болмас. Қол ұстасқан ғашықтар, сәбиінің тәй-тәй басқанына мәз болған жас жұбайлар мен немересін жетектеген ата-әжелер бас қаланың шырайын аша түскендей. Нағыз бақыт осы болар, сірә. Әрине, ақындар «Гүл қала, арман қала» деп жырға қосқан бұрынғы астанамыз Алматының өз орны бар. Жанға жайлы тұмса табиғаты, көк аспанмен тілдескен таулары бар ірі мегаполис еліміздің көркі әрі мәдени орталығы болып қала берері анық. Ал, егемен ел атанғаннан кейін Сарыарқаның төрінен бой көтерген жаңа Астанамыздың жөні бөлек, сүрлеуі басқа. Ол бүгінгі Қазақстанның қарқынды дамуының көрінісі.  

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар