Жастардың жаңашыл ордасы
«Көздерінде от ойнар, сөздерінде жалын бар, Мен жастарға сенемін!» деп қазақтың біртуар ақыны Мағжан Жұмабаев жалындаған жастардың жастық жігерін өлеңіне тектен-тек арқау етпесе керек. Оған дәлел – бүгінгі біз сұхбаттасқан, ақылына көркі сай, мақсаты айқын бойжеткен. Бала кезден өз болашағын елордасы Астанада жалғастыруды арман еткен Жанерке Керім бүгінде осында білім алып, өзін-өзі тұрақты жұмыспен қамтып жүрген алғыр жастардың қатарынан.
Жуалы ауданында дүниеге келген ол мектепті үздік аттестатпен тәмамдап, Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне грантқа оқуға түседі. Ата-анасының үмітін ақтап, жоғары оқу орнын да қызыл дипломға аяқтайды. Мектептегі, университеттегі қоғамдық іс- шараларға белсенді түрде ат салысып, бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында ән-би үйірмелеріне қосымша қатыса жүреді.
Көпбалалы отбасынан шыққан бойжеткен отбасында бауырмашыл, жанашыр, көпшіл, өз ой-пікірін ашық, еркін айтып өскен. Қазақта «Болар баланың бетін қақпа, белін бу» деген сөз дәл осы Жанеркедей т а лапшыл, ізденімпаз, алғыр жастарға қарата айтылғандай.
– Мен үшін Астана – жастардың қаласы, – деп бастады сөзін ол. – Өз басым Астанаға арман қуып келген болатынмын. Бала кездегі арманым уақыт өте келе жүзеге асқанына қатты қуандым. Ата-анама салмақ салмай, өз біліміммен оқуға түсіп, жүрек қалауыммен түскен мамандығым бойынша еңбек етемін. Бұл жердің ауа райы, табиғаты ерекше. Талантты жастарға деген қолдаулары мен секілді жастарға одан әрі қанат бітіріп, шабыт сыйлайды. Ата-анадан жырақта, үлкен қалада жатақханада тұрып, еңбек ету екінің бірінің қолынан келе бермейтін жауапты іс деп айтар едім. Әсіресе, қыз баласы үшін оңай емес. Осында жүріп әр нәрсенің қадірін білуді, барлық істе төзімді, сабырлы болуды үйрендім, – дейді жалынды жас.
Ұлы Абайдың «...Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген өлең жолдарын ұстанатын жас еңбек жолын елордада бастап, мектепке дейінгі бала тәрбиесімен айналысып келеді.
Оның ойынша, Астана–жаңашылдықтың ордасы. Тағдырының осы қаламен байланысқаны өмірімнің бір жетістігі деп санайды.
«Астана армандарымды жүзеге асырған қала. Ал, біздің Астана күннен-күнге қарыштап, дамып келеді. Ол – болашақтың қаласы, тәуелсіз еліміздің ордасы. Аз уақыттың ішінде көркейіп, гүлденіп, тәуелсіздігіміздің тірегі, отанымыздың жүрегі болған Астананы көрудің өзі, онда тұрып өміріңді жалғастыруыңның өзі бір ғанибет», – дейді Жанерке.
Еліміздің түкпір-түкпірінен арман қуып, бас қаламыз Астанада өмірін ғылым-білімге арнап, сонда тұрақтап, ел экономикасының дамуына ықпал етуге ниетті жастар қатары көбейе берсін!
Мақпал СҮЙІНБАЙ
Ұқсас жаңалықтар
Қариялардың бар жағдайын жасайтын орталық
- 16 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




