Естен кетпес естелік

Естен кетпес естелік
ашық дереккөз
Естен кетпес естелік
Менің «Астана пәтеріндегі диірмен» деген өлеңім бар. Әрине, ол өлеңнің бас қаланың әсерінен жазылғаны, өз тарихы бар екені түсінікті. Басымнан кешкен сол жағдайды оқырманмен бөліскенді жөн санап отырмын. 2014 жылы оқушылар арасындағы «Ақберен» шығармашылық байқауы тұңғыш рет Астана қаласында өтті. Мен сол байқауға «Айтыс» аталымы бойынша шәкіртім Дидар Апбасовты баптап апарған едім. Содан не керек, бас қаладан Балғынбек Имашев, қарағандылық Айтбай Жұмағұлов күтіп алып, құрметтеп жатыр. Балғынбек кешке қарай үйінен дәм беретін болды да дайындық жасау қамына кірісіп кетті. Мені алып келуді Айтбай ағасына тапсырды. Содан көлікте келе жатыр едік, Айтбай: «Еске, қалада әпкем тұрады. Үйіне соға кетейік», деді. Бардық. Ақынның әпкесі 25 қабатты үлкен үйдің сегізінші қабатында тұрады екен. Лифтімен көтеріле қойдық. Мені таңдандырғаны әпкесінің қазақы мінезі еді. Ұлттық болмыстың бойға әбден сіңгені болар, Астананың пәтерінде, сегізінші қабатта аталарымыз жасаған, әжелеріміз талқан тартқан диірмен тұр. Көзіме оттай басылды. Қазір диірменді ауылдардан да көру қиын. Қазіргі жас бүлдіршіндер «Диірмен деген не?» деп сұрасаң, жауап бере алмайтын шығар. Осындай әсерден туған «Астана пәтеріндегі диірмен» өлеңім төмендегідей: Тісіменен талай бидай түйілген, Ойығына сусылдап дән үйілген. Астанада көп қабатты үйлердің, Дәлізінен көрдім ескі диірмен. Бір кездері өзінің болған жүйесі, Көнелеу бұл диірменнің күйі осы. Диірменге тартып бидай, жүгері, «Талқан жейміз» дейді үйдің иесі. Ол кісінің сөздерінің мәні бар, Қазақ екен ас-талқанды сағынар. Аңсары ауған құнары мол талқанға, Ал, әйтпесе Астанада бәрі бар. Қиын кезде қажетіңе жараған , Диірменді ел құндылыққа балаған. Ауылдарда сиреп кеткен бұл затты, Кездесер деп ойлап па едім қаладан. Қиын кезде қажетіңе жараған, Түсуші еді алтын астық, нан одан. Қала түгіл диірменді бұл күнде, Ауылда да қолданбайды көп адам. Аталарым көрген кеше жоқшылық, Оны бүгін сезінбейді көпшілік. Көп адамға диірменнің қадірін, Сездірмей жүр қайран осы тоқшылық! Жаратушы көктегі бір Ұлы күш, Мейірленсе кетеді екен жылып іш. Талайларды азапты ашаршылықтан, Сақтап қалған талқан осы бір уыс. Көне диірмен арқау болды бұл жырға, Мені алып келді екен кім мұнда?! Бағалаған асыл заттың қадірін, Ризамын астаналық тұрғынға! Шабыттанып, көп ойланып тұрдым ба, Құндылықсыз кетпейміз бе құрдымға. Дүниеде диірменмен бір жүрген, Шын таңдандым бас қалалық тұрғынға!  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар