Құрбан айт құнды бәрінен

Құрбан айт құнды бәрінен
ашық дереккөз
Құрбан айт құнды бәрінен
«Ораза айты» мен «Құрбан айт» мерекелері келгенде еріксіз бала күнгі ата-әжелеріміздің айттауы еске түседі. Ол уақытта ауылдар түгілі, аудан орталықтарында мешіттердің жоқ кезі. Сол кездегі Жамбыл қаласында ғана «Әулие ата» мешіті бар. Ауылдың қариялары жиналып, таңғы уақытта ауыл сыртында айт намазын оқып, содан тіке қорымның басына баратын. Өмірден өткен мұсылмандарға Құран бағыштап, сол жерден көше-көшеге бөлініп кететін. Содан үш күн бойы біз сияқты қара сирақ балаларға мереке. Үйден- үйге, көшеден-көшеге қыдырып, тәттіге қарық болатын едік. Ауыл қариялары бір үйді қалдырмай түгел аралап шығады. Аналар мен әжелер бірінші күні үйден ешқайда шықпай, ер кісілердің келіп Құран оқып, айттық шай ішіп кетуін күтетін. Содан кейін ғана әжелердің кимешектері желбіреп, оларға ақ жаулықты аналар ілесіп көшенің сәнін келтіріп бір-біріне айттап, құттықтап мәре-сәре болатын. Сол уақыттағы адамдардың адамгершілік қасиеті ерекше еді. Есімде кейбір әжелер қолынан жетектеп қасына кішкентай балаларды ерте жүретін. «Мынау немереңіз бе?» деп сұраса, «Әй, білмеймін, жаңа анау пәленшенің үйінен ілескен содан ертіп жүрмін ғой, осы ауылдың баласы шығар» дейтін еді. Қандай кең пейілді кісілер еді, деп бүгінгі күні еріксіз таңдай қағамын. Осындай мерекенің қарсаңында өткенді еске алуыма себеп болып отырған да, сол кісілердің кең пейілінен бүгін ештеңе қалмағаны ма деген қорқынышты ой. Шын мәнінде, біз сондай кең пейілді, дархан мінезді, көргені мен түйгені көп дана халықтан қалған ұрпақ емес пе едік. Енді құрбан айтта құрбандық шалудан басқа тағы не істесек болады, соған тоқталсақ. Бұл күндері ораза тұтуға болады. Алланың елшісі (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім арапа күні ораза ұстаса, Алла оған Исаға (ғ.с.) бергендей сауап береді» деген. Арапа – айттан бір күн бұрынғы күн. Ендеше, осы күні ораза ұстап, мол сауапқа кенелу мүмкіндігін жіберіп алмау маңызды. Құрбан айт дастарқанына кедейлерді шақырып, кем-кетіктерге, мұқтаждарға жәрдемдесу өте сауапты әрі жүректерге тыныштық беретін амалдар екенін еске салғымыз келеді. Бұлай айтуымызға дәлел болар бір сөзді Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп айтты: «Дастарқанның ең жаманы – байлар шақырылып, кедейлер шақырылмаған тойдың дастарқаны». Данышпандардан қалған «Жылы жүзбен, тартымды сөзбен және қарсы алып, шығарып саларда шын пейілмен қонақ күту өте керек-ті» деген сөз бар. Тағы да бір жақсы амал – құрбан айттың мереке екенін балаларға, қарттарға, жетімдерге барынша сездіре білу. Жылы жұмсақ ас дайындап, тәттілер таратып, көшеге алып шығып серуендету, балаларды ойын алаңдарына алып бару, барынша мерекелік көңіл-күй сыйлау өте маңызды. Бұл істер қарым-қатынастың жақсаруына, балалардың мерекені есте сақтауына себеп. Олай болса, Аллаға жақындайтын, мейірім көрсету арқылы мейірімге кенелетін жақсы күндерде құрбан шалып, ренжіскендер бір-бірімізді кешіріп, жамандықтарды ұмытып, тек жақсылыққа ұмтылайық.  

Ғалымжан ҚОНАҚБАЕВ,

Сарысу аудандық мешітінің бас имамы.

Ұқсас жаңалықтар