Әулиеаталық айтыскерлер – аяқдоп чемпиондары

Әулиеаталық айтыскерлер – аяқдоп чемпиондары
ашық дереккөз
Әулиеаталық айтыскерлер – аяқдоп чемпиондары
Жамбылдық айтыскерлер сахнада айтысып ғана қоймай, бұқаралық спортқа да ерекше көңіл бөліп жүр. Төле би ауданында Түркістан облысының 5 жылдығына және Төле би Әлібекұлының 360 жылдығына орай айтыскерлер арасында кіші футболдан «Шаршы алаңда – шайырлар» атты республикалық турнир өтті. Турнирде еліміздің көптеген облысынан және Астана қаласынан бірнеше команда бағын сынады. Бұл турнирдің жоғары деңгейде өтуіне айтыс ақындары мен жыршы-термешілері халықаралық одағының Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша филиалы және Түркістан облысының Төле би ауданы әкімдігі үлкен үлес қосты. Түркістан сапында Бекарыс Шойбеков, Қызылорда облысы құрамасы сапында Мұхтар Ниязов секілді танымал айтыскерлер өнер көрсеткенінен-ақ жарыстың биік деңгейде өткенін байқауға болады. Команда капитаны әріптесіміз Есет Досалы болған бұл турнирде сондай-ақ, жамбылдық айтыскерлер Әсет Дүйсебаев, Нұрлыбек Құрманов, Рай Дөңбай, Дидар Апбасов, Төлеби Тәңірберген, Нұртай Әліпбай және елімізге белгілі айтыскер Оңғар Қабден өнер көрсетті. Жамбылдықтар әуелі Шымкент қаласының құрамасын 2:1, астаналық «Допжарған» командасын 2:1 есебімен ұтты. Онан соң қызылордалық «Сыр елі» құрамасымен 2:2 есебімен тең ойнады. Соңғы ойында Түркістан облысының «Түркістан» құрамасын 4:0 есебімен ұтты. Осылайша, жамбылдық айтыскерлер алтыннан алқа тағып, чемпион атанды. Жамбылдықтардың бұл алғашқы жеңісі емес. Осыдан бір ай бұрын жерлестеріміз «Әулиеата» айтыскерлер командасы Қызылорда облысының айтыскерлері ұйымдастырған республикалық турнирде де жүлделі үшінші орынмен оралған болатын. – Шымкенттегі турнирге дайындығымыз жоғары болды. Айтыскер жігіттер негізгі жұмыстарына қарамастан, аптасына екі күн бас қосып, дайындалдық. Нәтижесі алтын жүлде болып отыр. Жамбылдық айтыскерлер осылайша қай кезде де намысты қолдан бермейтінін дәлелдеді. Алдағы уақытта мәдениет басқармасы тарапынан осындай іс-шараға да қаржылай қолдаулар болса жігерімізге жігер қосар еді, – дейді команда капитаны Есет Жаңабайұлы.  

Дамир ҚАНАТОВ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 3-курс студенті.

Ұқсас жаңалықтар