«Өрмекші» адам

«Өрмекші» адам
ашық дереккөз
«Өрмекші» адам
16-қабатта тұратын сүйген қызының таңмен таласып терезесін қағып, раушан гүлдерін жіберетін жігіттер бар. Жаңа жылда «Аспан жақтан ұшып келді» деп, балаларының тілегін орындау үшін 10-қабаттың балконынан Аяз ата алдыратын әкелер жеткілікті. Аспанмен астасқан зәулім ғимараттардың әйнегі мұнтаздай таза болуын қалайтындар да көп. Ал мұндай қатерлі кәсіппен айналысып, қауіпті тапсырманы кім орындайды? Бұл – бір ғана қателігі өмірмен қош айтыстыратын қауіпті бірақ, Қазақстанда сұранысқа ие әрі жаңа игерілген кәсіп. Иә, олар ерекше сезім сыйлау мақсатында аспанмен астасқан ғимараттардың биіктігін бағындырып, түрлі тосын сыйларға тапсырыс алуды көздейді. Құдды кинофильмдегі өрмекші адам іспетті, төбеден төменнен салбырап жүріп, бар тірлігін атқара береді. Мұндай қауіпті һәм қызық тапсырманы арнайы орындайтын ержүрек «өрмекші адамдар» ортамызда жүр. Солардың бірі жерлесіміз – Ақтөре Донбаев. Тағдырын қыл арқанның ұшына байлап, аспан мен жердің ортасында тербетіліп жүріп жұмыс істейтін Ақтөремен тілдескен едік. Ол өз бойында еш үрей жоқтығын айтады. Қайта әрбір тербелген сайын, анасының аялы алақанымен бесікте отырғандай ерекше күй кешеді екен. Себебі, ол әрбір арқан жіппен қозғалған сайын анасының көкте желеп-жебеп жүргеніне сенеді. Мүлде басқаша ғажап өмірдің биікте екенін сезеді. Арқанның ұшында қалықтап жүріп, Құдай мен анасына бір табан жақын тұрғанына шүкіршілік етеді. – Мен бұл мамандыққа саналы түрде келдім. Иә, тағдырың бір ғана жіптің ұшында ілініп тұрғанын сезесің. Бірақ, маған дәл осы жұмысым қатты ұнайды. Ұлан Абдраимов есімді өнеркәсіптік альпинисттің көмекшісі болып жанында жүрдім. Ол маған: «Сенің салмағың жеңіл. Жылдамсың. Осы іспен сен де шұғылданып көрсең қайтеді? Бірге істеп көрсең, үйреніп, қайта-қайта төбеге өрлегің келіп тұрады. Адреналинді жақсы көресің ғой. Бұл жұмыста да ең бастысы сол» деп ұсыныс айтты. Басында жүрегім дауаламағанымен, ойланбастан келістім. Сөйтіп, ең алғаш Тараз қаласындағы 7 қабатты «Сұңқар» медициналық орталығына шығып көрдім. Аса қиын емес екеніне көзім жетті. Екінші рет Алматы қаласындағы 16 қабатты ғимаратқа көтерілгенде әбден ойландым. Ұстазымның сөзі демеу болды, «Арқанға сен, бірінші Алла, одан кейін арқан сені аман алып шығады. Қорыққанға қос көрінеді. Ойланба, қорықпа!» деп құлағыма құюмен болды. Қатты қобалжығаныммен, келісіп қойғандықтан, уақыт тапшы еді. 25 килограмдық лакты қолыма алып, қорқынышқа бой алдырмай, бірден іске кірісіп кеттім. Алайда, жерге түсерде уақыт ұзарып кеткендей ме, әлде, жер алыстап кеткендей ме, әйтеуір 2-3 сағатта әзер түстім. Ал қазір мұндай биіктіктен әп-сәтте жерге топ ете қаламын, – дейді Ақтөре. Ақтөре жұмыс барысында адамдардың ой-өрісінің саяздығынан кедергіге тап болатынын жасырмады. Жеке пәтер иесінің бірі тереземді жылылап бер десе, енді біріне қабырғасын тесу керек болады. Мұндай сәттерде қажетті аппаратты қуат көзіне қосып, жұмыс істеу барысында тапсырыс берушінің көршілері «жұмысты тоқтатпаса, арқанды қиып тастайтынын» айтып қорқытса, енді бірі терезесіне, қабырғасына жолатпай, онсыз да ауыр жұмыстың мехнатын арттырады екен. Ал, альпинистке қажетті арқан мен керек-жарағы Астана, Алматы қалаларынан арнайы дүкеннен алынады. Бір метрінің құны сапасына, жуандығына, ыңғайлылығына қарай 1000 теңгеден басталады. – Төбеден арқан ілетін орын болмаса, перфоратормен тесіп, шеге сынды темірді отырғызып, арқанды 4-5 жерден байлаймын. Салмақпен бір-екі жіп үзіліп кетсе, қалған 2-3 жіп ұстап тұрады. Байлаудың да өз тәсілі бар. Өзіңді ұстап тұратын жіпті басқаша, сақтандыру үшін байланатын арқандарды мүлде басқаша түйесің. Қасыңда міндетті түрде көмекші болады. Көмекшінің міндеті – жұмыс барысын бақылап отыру, керек-жарақты алып беру. Бірде көмекшіме арқан байлауды үйреткенім бар. Алайда, жұмыс барысында құлап кете жаздап, ажалдан аман қалдым. Содан бері арқан байлау барысында ешкімге сенбеймін. Төбеде асылып тұрғандықтан, кейде бүйрегің, кейде белің ауырады. Қолың талады. Оның үстіне, бүкіл жұмыс барысында «Қай сәтте арқан үзіліп кетер екен» деген ой маза бермейді. Негізі туған- туыстарым жұмысыма қарсы. Алайда, «ер жігіттің мойнында қыл арқан шірімейді» деп, бұл жұмысты ұнатқандықтан жасап жүрмін. Адамдар «маған қауіп төніп тұр екен» деп ойламайды, қайта төбеде салбырап жұмыс жасап жүрген өрмекші адамның әр іс-әрекетін қызық көріп, бейнекамераға басып, суретке түсіп дамыл таппай, мазамды алады, – дейді «Өрмекші» адам. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін жұмысында Ақтөренің басынан күлкілі жағдайлар да жиі өтіп тұрады. Бірде әйел кісінің есігі құлыптанып, ашып беруге тапсырыс береді. Ішке кірген Ақтөренің алдынан үлкен жолбарыс сынды хайуан бетпе-бет келеді. Зәре-құты қалмай есіктен атып шыққан жігіт, бұл үйдің үлкен мысығы бар екенін естіп, жүрегі орнына түседі. Қиындығы мен қызығы, уайымы мен үрейі, әрбір сәті қауіп-қатерге толы кәсібінен нәсіп тауып отырған азаматты кейде адамдар жұмысын жасатып болған соң, «әне-міне» деп ақысын жеп қоятын сәттері де кездесіп тұрады екен. Қауіп-қатерге басын тігіп жүріп өрмелеп – өрге, домалап – жерге ұмтылған өрмекші адамның қызық пен шыжыққа толы мамандығына бірі қызығып, енді бірі үрейленіп қарайтыны рас. Бұл мамандық төзім мен сабырды, ерік пен жігерді қажет етеді. Ендеше, қуатың сарқылмасын, «Өрмекші» адам!  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Ұқсас жаңалықтар