Спортпен айналыс, замандас!

Спортпен айналыс, замандас!
ашық дереккөз
Спортпен айналыс, замандас!
«Шынықсаң – шымыр боласың» дегендей, адам баласына қашан да дене жаттығуымен айналысу пайдалы. Өмірді жеңіл әрі жақсы сезінуге де, күні бойы өзіңді сергек қалыпта ұстап жүрудің де бір тәсілі – спорт. Дене жаттығуларымен жиі айналысу тек күнделікті өмірдегі сергектікті ғана емес, сондай-ақ адам өмірінің соңына дейін тек жақсы әсер беретіні белгілі. Тіпті, әлемдік ғалымдар да дене жаттығуларын жасаудың түрлі қызықты пайдаларын зерттеген екен.   Мәселен, кең ауқымда спортты тек тән сұлулығы үшін пайдалы деген пікір қалыптасып қалған. Алайда, ғалымдар бұл пікірмен толық келіспейді. Себебі, спорт – адамның ішкі жан дүниесі үшін де өте маңызды. Тіпті, психологиялық жағдайыңызға да жақсы әсерін береді. Мәселен, қатты күйзеліске ұшыраған сәттерде дене жаттығуларына ден қою арқылы өмірді жеңіл қабылдап, жаңа құлшыныспен алға қарай ұмтыла түсесіз. Бұл да дене жаттығуларының бір құдіреті. Көрсе көз тоярлық мүсін қалыптастыру үшін де спорттың тигізер пайдасы зор. Себебі, физикалық жаттығулар белсенділікті арттырып, ішек жолдарының дұрыс жүруін және иммунитетті көтеруге көмектеседі. Бұл дегеніміз – «бір оқпен екі қоянды» атып аласыз. Сұлу мүсін ғана қалыптастырып қоймай, денсаулығыңызды жақсартып, тіпті, ұзақ өмір сүру мүмкіндігін де ала аласыз. Жүрек-тамыр және жүйке жүйелеріне жақсы әсер беретін эндорфиндер бөліп, өкпенің дұрыс жұмыс істеуімен қатар, мидың ойлау қабілеттілігіне де көп септігін тигізеді. Одан бөлек, ұйқысыздық мазалаған жандар үшін де дене жаттығуы тиімді болып саналады. Себебі, спорт көп күш талап етеді, соның нәтижесінде, ұйқыңыз ұзақ және тыныш болатын мүмкіндікке ие бола аласыз. Сол себептен, қазірден спорттың түр-түрімен айналысып, денсаулықты қолға алған жөн! Теннис, суда жүзу, велоспорт және аэробика түрі болсын, барлығы да адам саулығына арналған. Спорттың қай түрімен айналысамын десеңіз де, өзіңіз білесіз. Ең бастысы – одан жаныңыз бен миыңыз рахат алса болғаны!  

Ұқсас жаңалықтар