Сұхбат
Қайырымдылық жасау қалтаның қалыңдығына емес, рухани байлығыңа байланысты
- author «Ақ жол»
- 19 маусым, 2023
- 1.5k
Қайырымдылық жасау қалтаның қалыңдығына емес, рухани байлығыңа байланысты
Мұқаш Ескендіров, Қазақстанның Еңбек Ері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: Қайырымдылық жасау қалтаның қалыңдығына емес, рухани байлығыңа байланысты. – Мұқаш Зұлқарнайұлы, кім-кімге де өзінің кіндік қаны тамған туған жері қымбат. Ал балалық шақ қайтып айналып келмейтін сағынышты сәттерімен ыстық. Қандай отбасында өстіңіз? Бала кезіңізде көкірегіңізді қандай арман әлдиледі? Балалықпен жасап қойған қателіктеріңіз болды ма? Ата-анаңыз, отбасыңыз жайлы айтарыңыз жеткілікті шығар? – Мен көп балалы отбасында өстім. Менің әкем колхозда өмір бойы малшы болып жұмыс істеді. Анам да сол колхозда сауыншы болып еңбек етті. Бізбен бірге нағашы апамыз тұрды. Ата-анамыз төрт ұл, екі қыз өсірді. Әрине, ата-анамыз жұмыста болғаннан кейін, тәрбиені негізінен апамыздан көрдік. Үйдегі жұмыстың барлығын апамыз ұйымдастырып, өзі қадағалайтын. Үйдің үлкені болғаннан кейін отбасындағы барлық қиыншылықты, ауыртпашылықты, жоқшылықты көріп өстім. Ата-анам мен апам осы қиыншылықты шешу үшін негізгі жұмысынан басқа, мал да бақты, бау-бақша өсірумен айналысты. Сол қосымша табыс көзінің арқасында бізді жеткізді, оқытты, үй салып, тұрмыстық жағдайды жақсартуға бар күшін салды. Осының барлығын көріп, өскенде ата-анама жақсы жағдай жасаймын деп армандайтынмын. Сол арманым орындалды деп айта аламын. Бір өкініштісі, әкем өмірден ерте кетіп қалды. Мен еңбек жолымды жаңадан бастап, қызмет істей бастағанымда, 1983 жылы қайтыс болды.
«Ата-ананың қадірін балалы болғанда білесің» дейді халқымыз. Әрине, ол рас. Бірақ мен кішкентайымнан ата-анамның қабағына қарап өстім. Олар да мені өздерінің шексіз мейіріміне бөледі. Сөйте тұра, шектен тыс еркелетпеді, өзіндік таза болмыстарымен тәрбиеледі. Әсіресе, ананың мейіріміне тойған адамды көрген емеспін. Уақыт өте келе бұл сезімнің бағасын одан да терең түсінеді екенсің. Анам маған «Сен үйдің үлкенісің, артыңнан ерген бес бауырың саған қарап өседі», – деп жауапкершілікті көп жүктейтін еді. Ауылымызда мәдениет ошағынан бір ғана клуб болатын. Сол жерде ата-аналар жиналысы өткенде, әке-шешем мұғалімдерден менің атыма мақтау сөздер естіп марқайып, масаттанып қайтатын. Сондайда анам «Менің Мұхантайым» деп емірене иіскеп, басымнан сипап, бауырына тартушы еді… Түнгі үштен сауынға кетіп, таңғы сегізде қайтып келіп тамақ пісіріп, кір-қоңын жуып, сол жылдардағы қазақ әйелдерінің ауыр тұрмыс-тіршілігін нәзік иығымен көтеріп жүрді. Қайран анам көп сөзі жоқ, байсалды әкеміздің қас-қабағын да бағып, дүниеге ұрпақ та әкеліп, сонымен қатар колхоздың жұмысында да озат болып, газеттердің бетінен түспейтін. Ал ауылдастарының арасында сөзі өтімді жан еді. Ондай беделге адал еңбегімен қол жеткізген. Бала тәрбиесінде қайыстай қатты да, жібектей жұмсақ та емес, ең бастысы, әділ болды. Бұғанамыз қатқаннан еңбекке салды. Ата-анамыздың біз үшін жанын аямай жүргенін көрген соң, біз де олар мақтан ететіндей әрекет етуге тырыстық. Сабақты да жақсы оқып, үйдің тіршілігіне де ерте араластық. Мен өзі кішкентайымнан тәртіпке бас иген бала болдым. Сол дағды әбден қаныма сіңіп қалған.
Әкем мені қырыққа келгенде көрген екен. Есімде, ол кісі дастарқан басына отырмай, біз де тамаққа қол салмайтынбыз. Отбасымызда қандай мәселе болмасын, соңғы сөзді сол кісі айтатын. Бірақ үй ішіндегі ұсақ-түйекке ешқашан араласпайтын. Бозбала күнімізде әкемнің басқа тірліктері шығып қалса, бауырларыммен барып, оның орнына жұмыс істеп келетін едік. Ірі-қара базасында 300-400 түліктің астын тазалап, жем-суын беріп, кейде 4-5 тонна жүгеріні артып тастайтынбыз. Ертесіне әкем дұрыс біткен іске разы болып, арқамыздан қағатын. Айтқаны бұлжытпай орындалатын асқар тау әкемнің үлгісі менің өмірімде осы күнге дейін азық болып келеді. Содан болар, негізінен, өзім де әрқашан өзіме есеп беруге дағдыланғам. Сондықтан, елеусіз, балалық-шалалық ұсақ-түйек кемшіліктер болмаса, бала кезімнен үлкен өрескел болатын қателік жіберген жоқпын деп ойлаймын. – Кеңестік кезеңде дүрілдеп атағы жер жарып тұрған Қазақ химия-технологиялық институтын тәмамдапсыз. Шымқалада студенттік жылдарым өткендіктен, ҚазХТИ деп аталған бұл білім ордасы маған да таныс. «Органикалық емес және минералды тыңайтқыштар технологиясы» мамандығын алғаныңызға қарағанда, әдеттегі балалар «химия – қонбайды менің миыма» деп қалжыңдасып жататын күрделі пәнді мектепте сүйіп оқыған болдыңыз ғой? Бүгінгі жас ұрпақтың арасынан сіздің ізбасарларыңыз шығуы мүмкін бе? – Сұрағыңыз орынды. Мектептен бастап осы химияны таңдап, осы уақытқа дейін соның артында жүрмін. Мектепте, институтта және кейін өндірісте жүргенімде де ешқашан өкінген емеспін, Аллаға шүкір!
Сыныбымызда сабақ үлгерімі озат оқушылар көп болған жоқ. Мектепте оқып жүріп осы пәннен аудандық, облыстық олимпиадаларға қатыстым. Осы пәнді таңдауыма өмірімде шешуші үлес қосқан Қоңыржан Талқанбаеваны әркез үлкен ризашылықпен есіме аламын. Менің химия пәніне деген қызығушылығымды байқап, ынтамды арттырған сол аяулы ұстазыма өмір бойы басымды иіп, өмір бойы рақметімді айтып келемін. Сондай сәтті таңдау жасауға мүмкіндік берген, ең әуелі Алла, сосын сол апайымның арқасында мен осы салаға бет бұрып, Шымкенттегі химия-технология институтына оқуға түстім.
Адам баласының қалыптасуында ата-анасынан кейін мұғалімнің, үйдегі отбасымен бірге, қоршаған ортасындағы мектептің ықпалы өте зор. Бәрі де адамның ұяда көрген тәрбиесіне, мектепте алған тәліміне байланысты. Осындайда мектеп мұғалімдерінің рөлі мейлі, қандай мемлекетте, қай кезеңде болмасын, әрқашан маңызды. Біздің оқушы кезімізде ұстаздарымыз жүріс-тұрысымен, айтқан өсиетімен шәкірттеріне ғана емес, бүкіл ауылға өнеге болатын. Білім мен тәрбиені қатар алып жүретін. Қазіргі өз ісіне шын берілген педагог мамандар да тезірек сабағымды беріп, жұмысымды бітіріп кетсем деген асығыс, жүрдім-бардым ұстанымнан ада болса, яғни, өзі білім беріп отырған балаға шын жанашырлық танытып, оның болашағына шын алаңдаушылық білдіретін болса, еліміздегі білім мен тәрбие сапасы сөзсіз әрі жылдам жоғарылайтын болар еді. Отбасында үлгі болатын жан табылмай, сабақ беретін мұғаліміне де сенім артпай өскен оқушы болса, ең қиыны – сол. Білімнен, тәрбиеден шет қалған ондай ұрпақ нәпақа табудың жеңіл жолын іздейді. Жұмыстың қиынынан қашады, қоғамға масыл болады. Сол үшін ата-ана, мектеп, колледж, университеттерде берілетін тәрбие үздіксіз әрі үдемелі процесте болуы тиіс.
Ылғи біреуге арқа сүйеп, соған сүйеніп, соның жетегімен өскен баладан келешекте әлсіз адам шығады. Өзіне-өзі сенімді, жан-жағына тәуелді емес жас ұрпақ – өзінің бақытын өзі жасайтын болады. Мысалы, бастауыш сыныпты аяқтағаннан кейін ата-анам маған киім әперген емес, ақшасын қолыма ұстататын. Біз сауда-саттығы қыз-қыз қайнап жататын Сайрам ауданында тұрдық. Базарға барып керек-жарағымды өзім алатынмын. Он төрт-он бес жасымда сол тұста шыққан маталардан түрлі күртеше, шалбарларды тіктіріп алып, соңғы сән үлгілеріне сай киініп жүретінмін. Қазір де киімдерімді өз талғамыма сай өзім таңдаймын. Ешкім менің гардеробыма араласпайды.
Ал жастарға келер болсақ, бұл жалт-жұлт еткен дүние тез өтіп кетеді. Сол үшін өзіңе берілген өмірді бағалай білген жөн. Уақыттың мәнін дер кезінде ұғынып, жастық жігердің құнын дер кезінде ұтымды пайдалана білуге ұмтылғанға не жетсін. Ертеңнің тізгіні – білімді жастардың қолында деп өздеріне үлкен сенім артып отырған біздердей аға буын өкілдерінің үмітін барлық ақылды жас ақтап шықса қандай жақсы. Ең бастысы, білімге құштарлықты сөндіріп алмауы керек. Білім – адамның өмір бойғы серігі. Қиындықтан да алып шығады. Жақсылықтарға да жеткізеді. – Қаз ХТИ-дағы әскери кафедраны сәтті аяқтап, запастағы аға лейтенант атағын алып шыққансыз. Бүгінгі жас ұрпақтың бойынан Отан алдындағы борышын қапысыз өтеуге деген патриоттық табыла бермейтіні рас па? Әскерге баруды міндеттеудің еліміздің қорғаныс саласын күшейтуіне себі тие ме? – Үш жыл институт қабырғасында, аптасына толық бір күн әскери кафедрада оқыдық. Сабақ таңғы сегізден басталып, кешкі алтыда аяқталатын. Әскери мамандығым химия қарулы күштерімен байланысты. Бітіретін уақытта, төртінші курстың соңында әскери жиынмен (сбор) тәмамдадық. Лейтенант офицерлік шені берілді. Мен әлі күнге дейін оқығанымды есімде сақтағанмын, бар үйренгенімді түгел білемін. Әлі күнге дейін өмірімде іс жүзінде пайдаланып келемін. Сол кезде біздің әскери кафедрада қызмет істеген адамдар өз саласының білгірлері, білікті мамандар еді. Олардың берген теоретикалық және практикалық дәрістері өздерінің тәжірибелерімен тығыз байланысты болатын. Меніңше қазір әскери кафедраларға сол жетпейді деп ойлаймын.
Әскерге баруды міндеттеу қажет, оның еліміздің қорғаныс саласын күшейтуге зор ықпалы болады. Қазіргі жас ұрпақ бойына ең алдымен елге, жерге, Отанына деген патриоттық тәрбиені дұрыс сіңіре білуіміз өте маңызды. Отан дегені алдымен өзінің туған отбасынан басталатынын түйсініп өскен бала адал және өжет болып, жан-жағына қамқорлық танытып, айналасына қорған болуға дағдыланады. – 1982 жылы Жамбыл (Тараз) қаласындағы Жаңа Жамбыл фосфор зауытына дипломды жас маман ретінде келдіңіз. «Қазфосфат» ЖШС-нің сары фосфор ауысым шеберінен бастап, компанияның Бас директоры қызметіне дейінгі барлық өндіріс сатыларынан өткен Еңбек Ері Мұқаш Ескендіровтей тұлғаның басқалардан қандай ерекшелігі бар? Сізді ешқандай қиындық көрмегендей санайтын замандастарыңыз болды ма? – Мен 1982 жылы институтты бітірдім. Өндіріс орнына жолдамамен бір топ жігіттер мен қыздар келдік. «НДФЗ», «Химпром» және «Суперфосфатты» зауыттарға жұмысқа орналастық. Келген адамдардан екі-үш жылда отыз пайызы ғана қалды. Енді өмірде бір жетістікке жету үшін, күн демей, түн демей еңбек ету керек. Шындығын айтқанда, мен жұмыс істеп жүріп, зауыттан шықпайтынмын. Біріншіден, барлығын үйрену керек болды. Ұжымдарды басқарып, белгілі бір межені алып, берілген көрсеткіштерге жету мақсат болатын. Ол кезде жастар көп. Түрмеден шыққан азаматтар көп. Қазақтардың өте аздығының да әсері бар. Адамдарды басқару, бір ұжымға ұйыстыру өте қиын.
Жас та болсам, сол адамдардың сенімінің, қолдауының арқасында, басшылық қызметке өте ерте жеттім. Өндірісте маған тәлім-тәрбие берген ұстаздарым көп болды. Олар түрлі ұлттың азаматтары, қазақ, орыс, грек, еврей, кәріс, т.б. болатын.
Өндірісте егер сіз бір рет қорқып, шешім қабылдай алмасаңыз, екінші рет мүмкіншілік бермейді. Қасымдағы басқалардың бәрінен көп жұмыс істеу – менің басты ұстанымым болды. Мен олардан кем білмеуім керек. Бәрімен ақылдасып, кеңесе отырып, соңғы түйінді шешімді мен қабылдауым керек. Барлық жағдайда ең негізгі жауапкершілік – менде. Міне, осы табандылығым – өмірлік позициямның бағдаршамы.
Қазақстандағы бірден-бір химия кәсіпорны Жамбылда екенін орынды мақтан етеміз. Сөйтіп менің есімім Жамбылдағы «Қазфосфат» зауытымен бірге шықты десем болады. Кәсіпорында 40 жыл еңбек еттім. Зауыт тоқырау жылдары тығырықтан аман шықты. Дамыды. Өркендеді. Елімізге ғана емес, сары фосфорымен әлемге танылды. Өндірісті өрге сүйреу үшін мықты менеджер ғана болу жеткіліксіз. Жамбыл облысының шын жанашыры ретінде аймақ экономикасын дамытуға, халық сұранысына сай инвестиция тартуға атсалыстық. Жылдар бойы Қазақстан өндірісіне үлкен үлес қосатын алып кәсіпорындарды жоғары дәрежеде басқарып, ел экономикасының елеулі ілгерілеуіне жағдай туғыздық. Жұмысқа деген ұмтылыстарына қарап, осы өндірістен өзіміздің жергілікті көптеген кадрларымызды тәрбиелеп шығардық. Күні кешеге дейін «Қазфосфатта» 6300 адам еңбек етті. Олардың ішінде түрлі ұлт өкілдері бар, ал мемлекет құраушы ұлт өкілдері 80 пайызды құрады. Бәрі де осы өзіміздің облысымыздың тумалары, сырттан келіп жатқан ешкім жоқ. Біздің компанияның жұмысымен танысуға келгендер осынша қыруар тірлікті жамбылдықтардың жасап жатқанына таңғалатын. – 2015 жылы, Тәуелсіз Қазақстанның ілуде біреуге ғана бұйыратын ең жоғарғы марапаты, Жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы сізге беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – «Алтын жұлдыз» бен «Отан» ордені қолыңызға тапсырылғанда бүкіл әулиеаталықтар қуанғаны есімізде. Атқарған қоғамдық қызметтеріңіз де аз емес. Мұқтаж жандарға жиі көрсететін қайырымдылық шараларыңыз бар. Кез келген іске қамқорлық танытуға дайын тұратын өңіріміздің атымтай жомартысыз. Ақы төлемесе аттап баспайтындардың нарықтағы нағыз дәурені жүріп тұрған қазіргі заманда қоғамдық негіздегі жұмыстардың қаншалықты тиімділігі бар? – Мен өзім мектепте, төменгі сыныптардан бастап, қоғамдық жұмыстарға белсене араластым. Пионер, комсомол, кейін партия мүшесі болып, қолымнан келгенше қоғамға пайда келтіру үшін қызмет еттім. Кейін де тәуелсіз Қазақстанға дәл сондай көзқараспен еңбек етіп келемін. Бұл жерде де өз ұстанымым бар. Қоғамдық жұмыспен айналысуым үшін, алдымен негізгі жұмысым жақсы атқарылып тұруы тиіс. Егер менің жұмысыма қоғамдық қызмет кедергі болатын болса, мен онымен айналыспаймын. Аллаға шүкір, өмірімде мұндай жағдайлар сирек болды.
Тарихымыздың темірқазығы деп бағаланған көне шаһарымыз күннен-күнге түрленіп, жыр алыбы атындағы жасампаз аймағымыз жылдан-жылға дамып келе жатыр. Сондықтан мұнда өмір сүріп жатқан тұрғындардың, бүкіл өңір жұртшылығының әл-ауқатының жақсарғанын қалаймын.
Қоғамдық жұмыс деген – елдің мұңын тыңдап, жоғын түгендеу. Алдыңызға келген мұқтаж жандардың сөзін жерге тастамау. Дархан көңіл, қолы ашықтық, жасаған жақсылықты пұлдамау – ер азаматтың басты сипаты болса деймін. Бұл қасиет маған әкемнен дарыған. Анам тапқан-таянғанын үйге әкелсе, әкем дәулеті асып-тасып тұрмаса да, туған-туысқа, ауылдастарына қолы ашық болған екен. Оның жақсылығын көргендер әлі де сөз етіп, дұғасына қосып жүреді.
Біздің облыста 1 миллионнан астам халық бар. Олардың ішінде атқа қонып, ел басқарып жүргендер де көп емес. Бұл жерде тек бастама көтеріп қана қоймай, ісіңмен үлгі болуың маңызды. Арамызда «Бар болса, бергің келеді ғой, жоқ болса, немізді береміз?» деушілер де табылар. Алайда қайырымдылық жасау қалтаның қалыңдығына емес, кісінің рухани байлығына байланысты. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадисінде «Бауырыңның жүзіне күле қарағаның – садақа» дейді. Бізде тек кәсіпкерлер ғана емес, қарапайым адамдар да көп сауапты іс жасайды. Соларды насихаттауымыз керек. Көшедегі арықты тазалап, үй салғанға қол созып көмегін беріп, той-жиын жасап жатқан ағайынға отын жарып, суын тасып берген де – халқымыздың қайырымдылық дәстүрлері. Сол ұлттық мінезімізді қайта жаңғырту керек. Үлкендердің батасын алып, қарапайым жұрт алғысына бөленгеннен артық бақыт жоқ. – Өзіңізден өрбіген ұрпақтарыңыз еліміздің демографиялық саясатына үлкен үлес қосуда. Көп немерелі атасыз. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде халық тұрмысын көтеру тұрғысындағы қандай шараларды қолға алсам деп ойлайсыз? – Сынаптай сырғыған өткінші өмірде түрлі сәттерді бастан кешіресің. Тау қопарып, тас жарып келсең де, салың суға кетіп, қайраңға түскен балықтай тыпырлап қалсаң да, сенен айнымайтын, сені үнемі қуаттап, қолдап отыратындар – отыңның басындағы ет-жақындарың. Осы себепті мен өзімнің өмірімдегі басты жетістігім деп отбасымды бағалаймын. Бала күнімізден мақта теріп, пияздың шөбін жұлып, еңбекке араласып өстік қой. Өз күшіммен оқуға түсіп, бірінші курста қоңыр чемоданымды ұстап, үйге қайтып келе жатқанымда, қырда қарап отырған әкемнің көзіне жас үйіріліпті... Ата-ананың үмітін ақтау – үлкен жетістік.
Қазір менің балаларым да көп балалы. Көп бала бұл – Алланың берген сыйы деп түсіну керек. Мұндай отбасылы ата-аналар ешкімге қол жайып, алақан ашып жүрмеуі керек. Аз балалы отбасылар сегіз сағат жұмыс істесе, көп балалы отбасылар тәулігіне жиырма төрт сағат жұмыс істеуі қажет. Мемлекет қазір әлеуметтік көмекті азды-көпті көрсетіп келеді. Бүгінгі таңда жұмыс орындарын ашу, жұмыссыздықты азайту – ең өзекті проблема. Осы мәселелер жуық арада шешілуі керек.
Қарапайым тілмен айтқанда, депутат дегеніңіз – халық пен билік өкілдерінің арасындағы көмекші. Халқымыз Қазақстанымызды алпауыт елдермен иық тірессе деп армандайды. Сол жолда әуелі кәсіп дамыту қажет. Өндіріс өркендеу керек. Сонда ғана халықтың да тұрмысы тіктеледі. Басты мақсатым – өндірісте жинаған бай тәжірибемді заң шығару кезінде іске асыру. Еліміздің өркен жаюына барымды салу. Азық-түлік бағасының тұрақсыздығынан айлығы шайлығына жетпей жүрген халық қиналуда. Оның басты себебі, азық-түлік пен тауарлардың өзімізде өндірілмеуінен. Малымыз бар, ет өңдейтін зауыттарымыз жоқ, қарапайым шұлықтың өзін, мысалы, өзге елдерден алып жатырмыз. Жеміс-жидегіміз, көкөнісіміз бар, бірақ, оны өңдейтін зауытымыз жоқ. Бидайымыз бар, бірақ ұннан басқа ештеңе жасап жатқан жоқпыз. Кішкентай да болса, сондай кәсіпорындар ашып, өндірісті дамытуымыз керек. Ауылдық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингтік қаржыландыру мәселелері де шет қалмайды. Тұрғындар проблемаларының көпшілігі жер кезегі, үй кезегі, жалақы және жоғарыда айтылған жұмыссыздық тақырыптарына қатысты мәселелерді қамтиды. Апатты жағдайдағы мектептер, мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі орын тапшылығы, мектеп оқушыларының шамадан тыс жүктемесі, ауыл мен қаладағы білім беру сапасындағы теңсіздік мәселелері де оң шешімін күтуде.
Сондай-ақ, өңірімізде жайылым жер мәселесі мен ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру да өзекті. Жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жаңғырту, грант санын көбейту, шәкіртақыны көбейту, оқытушылардың жалақысын өсіру, стоматология, педиатрия мамандықтарына мән беру бастамалары да көрініс табуы тиіс. Білім, медицина, спорт, әлеуметтік-экономика салаларын жақсарту бойынша жасаған жоспарларымды жүзеге асырсам деймін. Ел болашағы саналатын жастарға жағдай туғызу, жаңа жұмыс орындарын ашу жолында бар күш-жігерімді жұмсағым келеді. «Әке ұлды тәрбиелейді, ана тұтас ұлтты тәрбиелейді» дейді дана халқымыз. Ана мен баланы қолдауға, отбасылық құндылықтарды нығайтуға басымдық берсек деймін. Өйткені, аналарға, әйелдер көшбасшылығына, сондай-ақ кәсіпкерлікке жағдай жасау арқылы біз бақытты және салауатты қоғамның іргетасын қалайтын боламыз.
Жамбыл облысы бойынша каратэ федерациясының президенті ретінде, спорт жанашыры ретінде алдағы уақытта жастарды спортқа баулу, спорттық нысандар салу, секциялар ашу, бұқаралық спортты дамыту мәселелеріне де баса мән берудемін.
Парламент мәжілісіндегі Экономикалық реформа және Өңірлік даму комитетінің мүшесі ретінде де атқарар ісім алда.
Біз жемқорлықпен, қымбатшылықпен, білім, денсаулық сақтау саласындағы түрлі кедергілермен күресіп, ашық, әділетті қоғам құруды көздейміз. Қазіргідей дүние мың құбылып тұрған шақта ол үшін бізге ауызбіршілік ауадай қажет. Ал бірлік бар жерде бағынбайтын белес, алынбайтын қамал болмайды.
Тек сүйіп істеген жұмысыңнан ғана керемет нәтиже күтуге болады. Өмірдегі ең қымбат ресурс – уақыт. Уақытты тиімді пайдалану – менің кредом. «Уақытылы келдің бе, демек – он минутқа кешіктің!» деп білем. Осы тәртіп пен тиянақтылықты өмірде де, жұмыста да, адамдармен қарым-қатынасымда да бұлжытпаймын. Қасиетті Әулиеата өңірі халқының ақ батасымен бұйырған мандатқа адал болам деп келдім. Парламент төрінде тиімді жұмыс істеуге бар күшімді салудамын. Сайлаушыларымның барлық аманаттарын орындауға тырысамын. Ешбір сөз жерде қалмайды, әр жолдаған сұрақтарын жауапсыз қалдырмаймын.
Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» – деген сөзі үнемі жадымда. Мен еліме адал қызмет еттім және одан әрі де халықтың көмекшісі бола бермекпін. – Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Үміт БИТЕНОВА.
Ұқсас жаңалықтар
«Отандық медицина сапасы шетелдегіден кем түспейді»
- 4 қазан, 2024
«Өмір деген самғау мен кідірістер»
- 4 қазан, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді