Адамның амандығы жолындағы арпалыс
Адам баласы үшін денінің саулығынан асқан байлық жоқ. Алайда, өмірде ешкімге ертеңгі күннің сәулесін көруге кепілдік берілмеген. Ауру-сырқаудан бөлек, күнделікті орын алып жатқан оқыс жағдайлардың өзі адамның жас мөлшеріне қарамай, онсыз да шолақ ғұмырдың тамырын шорт кесіп жатқаны жасырын емес. Ал, оқыс жағдайға тап болып, ота үстелінен бір-ақ шыққан кейбір азаматтардың ақтық демін ажал аузынан алып қалу жолында жан алысып, жан берісіп жүрген ақ халатты абзал жандардың жанкешті еңбегі қашанда құрметке лайық. Олардың әрбірі үзілуге шақ қалған үміт жібін қайта жалғап, сенім сәулесін себетін өмір күзетіндегі нағыз күрескерлер. Жалпы, денсаулық сақтау саласымен еңбек жолын байланыстырған кез келген маман адамзат баласы үшін үлкен жауапкершілікті арқалайды. Ал, медицина қызметіне жүгінген науқас, жаралы жанына медет іздейді. Талайғы тарихы бар облыстық аурухана қаншама адамның тұз- дәмін таразылаған, тағдырын салмақтаған үлкен қарашаңырақ.
Мұнда тәжірибелі дәрігерден бастап, күні кеше ғана жұмысқа кіріскен жас маманға дейін ортақ мақсатта тірлік кешуде. Ол мақсат – адамзаттың амандығы. Осынау кешенді алып ғимараттың қабырғалары қаншама дәрігер мен науқастың тағдырына куә. Ал, сол дәрігер мен науқастың арасындағы күретамыр, алтын көпір, ол – мейірбикелер екені даусыз. Кәсіби мереке қарсаңында біз облыстық аурухананың ота жасау бөліміне арнайы атбасын бұрып, жағдайды өз көзімізбен көрдік.
Қазір мұнда күніне жиырмаға жуық ота жасалады. Әрбір отаның сәтті өтуі үшін мейірбикелердің көмегі де оттегідей қажет.
– Бөлім меңгерушіміз, елге белгілі дәрігер Сағындық Ордабековтің басқаруымен жиырма маман халыққа қалтқысыз қызмет көрсетеміз. Өзім 1985 жылдан бастап медицина саласында еңбек етемін. 1991 жылдан бері осы бөлімде жұмыс істеймін. Ота жасау – өте үлкен, жауапты жұмыс. Бізге жылда жаңадан қаншама мейірбике келеді. Бірақ, соған қарамастан, үнемі маман жетпей жатады. Себебі, келген мамандардың көбісінің жүрегі шыдамайды. Мұнда түнгі уақытта болсын, кеш болсын, пышақ жарақаты немесе түрлі ауыр жағдайдағы науқастар келеді. Мереке күндері мүлдем жұмыс күшейе түседі. Қаңтар оқиғасы кезінде небір сұмдықты бастан кештік. Сол кезде жарақат алғандардың қарасы өте көп болғаны соншалық, дәлізде қан кешіп жүріп жұмыс істеуге тура келді. Ота үстелдерінің бәрі бос болған жоқ. Тек бір ғана бригада науқастарды тасумен айналысты. Себебі, басқа бригадаларға мүмкіндік болмады, оларға да шабуылдар жасалды. Қалғандарымыз осы жерден шықпай жұмыс істедік. Еденде жатып ем алған науқастар да болды. Сол кездегі әрбір таңды көзбен атырдық. Қолымыздан келгенше науқастардан көмегімізді аямадық. Қазір сол кездің тек естелік болып қалғаны қандай жақсы. Бірақ, ол естелік ешқашан ұмытылмайды,–дейді ота жасау бөлімінің аға медбикесі Күләш Қошқарбаева.
Ота жасау бөлімінің жұмысы қарбаласқа толы. Медбикелердің тамақтануға да уақыты жоқ. Соған қарамастан үнемі тәжірибе жинап, білім, біліктілігін жетілдіруді назардан тыс қалдырмайды. Себебі, жауапты сала күнделікті жаңашылдықтармен дамылсыз даму үстінде.
– Біз күнде уақытпен санаспай еңбек етеміз. Барлық мамандар жоғары санатты, тәжірибесі мол. Дегенмен, білімді жиі-жиі жетілдіріп тұрамыз. Тұрақты түрде екі айлық курстардан өтеміз. Ауруханамызға Израильден, Түркиядан білікті мамандар келіп тұрады. Күзде шетелдік мамандармен тәжірибе алмасамыз. Медициналық құрылғыларды тікелей біз дайындайтын болғандықтан, біз үшін мұндай шаралардың маңызы жоғары. Себебі, құрылғылар үнемі жаңарып тұрады. Бізде жаңа инновациялар да қарқынды дамып келеді. Мәселен, бұрындары барлық отаны ашық, яғни қандауырдың көмегімен жасайтынбыз. Қазір кіші инвозивті әдістер кең пайдаланылады. Ашық жасалатын оталар бірең-сараң. Бізде заманауи екі видеолапароскоптық қондырғы, рентген ота жасау құрылғыларымыз бар. Яғни, шағын тесіктер арқылы аппарат іш қуысына ендіріліп, сол арқылы ота жасалады. Бұл ота түрі науқастарға өте тиімді және ыңғайлы. Ота жасалғаннан кейін небәрі үш-төрт күнде ауруханадан айығып, үйлеріне шығып кетеді. Бұрынғы тәсілмен ота жасалған науқас апталап жатып, он күннен кейін тігіс жіптері алынатын еді. Отаның барлық әдісі хирургтарға мәлім. Біздің міндетіміз – барынша сол хирургтарға көмек беру. Бұл жердегі медбикелердің барлығы адамның өмірін алып қалу жолында жанталасатын нағыз жанкешті мамандар. Ота кезінде ешқандай кемшілік немесе кідіріс болмауы керек. Әсіресе, асептика және антисептика мәселесіне ерекше көңіл бөлеміз. Егер олар сақталмаса отадан кейін асқынуларды күте беріңіз. Бізде ұзақ жасалатын күрделі, ауыр оталар да көп болады. Облыстық аурухана болғандықтан, көбіне науқастарды шалғай ауылдардан, тіпті аудандық орталық ауруханалардан дерті әбден асқынған кезде алып келетіні сирек емес. Өкініштісі, науқастар дер кезінде денсаулығына мән бермей, емделмей, уақыт жіберіп жүріп алатын жағдайлар көп. Салдарынан ол басталған дерт адам ағзасына кері әсерін тигізіп, ота уақытысы да, емдеу процесі де ұзаққа созылады. Ауыр оталарды орындауға 4-5 сағат уақыт кетеді. Ал, қолқа тамырға (аортаға) ота жасалғанда он сағаттан асып кетіп жатады. Қан тамырларын протездермен ауыстыру да оңай ота емес. Кардиохирургиялық (жүрекке ота жасау) және гинекологиялық оталар да өте күрделі. Қазір нәзікжандыларымыздың денсаулығы өте әлсіз. Күні кеше ғана жас анаға алты сағаттық ота жасадық. Қандай жағдай болмасын, ота қанша сағатқа созылса да мамандар сәтті аяқталғанына дейін аяғымен тік тұрып, қызмет етеді. Ота жасау бөлімі қасиетті орын. Онда артық қозғалысқа, айқай-шуға, орынсыз әңгімеге жол жоқ. Барлық ой, іс-шара ауруға жасалып жатқан ота төңірегінде түйіседі. Ота кезінде жауапкершілік, ұқыптылық тек хирургқа, оның көмекшісіне, анестезиологқа артылмайды, олардың құрамында тұрған мейіргерге де артылады. Команда сағат механизміндей ақаусыз, синхронды еңбек етсе ғана ота асқынбай, өз нәтижесін береді. Қазір біздің ауруханада бір күнде орта есеппен 18-20 ота жасалады. Себебі, бізде әртүрлі хирургиялық, гинекологиялық, қан-тамыр, проктология, кардиохирургиялық бөлімшелер халыққа күні-түні қызмет етуде. Олардың басым көпшілігінде ота жасалуға арнайы келген жоспарлы және жедел көмекті қажет ететін науқастар жатады. Оның ішінде кейбір бөлімдер облыс бойынша жалғыз болып саналады, басқа емдеу орындарында ондай бөлімшелер жоқ. Сондықтан, ол бөлімшедегі мамандар үшін тыным таппай жұмыс істеуге тура келеді. Тәуліктің кез келген уақытында (түнде де) жедел ота жасауға дайын отырамыз, біздің қызметіміз солай. Әсіресе, демалыс, мереке күндері жауапкершілік арта түседі, спирттік ішімдікке тойып, қызып алғандар арасында төбелесу, пышақтасу, ату сиректеу болса да кезігіп отырады. Оларға уақтылы қажетті ота жасалмаса, өмірлеріне қауіп төнеді. Ал, біздің медбикелер тек бір бағытта ғана емес, кез келген жағдайға орай жұмыс істей береді. Ковид кезіндегі жағдай да өте қиын болды. Осы жерден қызметкерлерімізге жататын орын берілді, ауруханадан шықпай, күн мен түнмен есептеспей үй көрмей жұмыс жасадық. Басында өте қиын болды. Ыстық, қапырық күндері арнайы обаға қарсы киілетін киім, бетімізді тұмшалап, көздерімізге көзілдірік, аяғымызға резенке етік кидік. Қолдарымызға резенке қолғаптар киіп ақ тер, көк тер болып еңбек еттік. Кешке дейін тынымсыз жүргеннен кейін денемізге киіміміз жабысып, резенке етігіміз терге толып кететін. Жұмыстың соңында киімімізді терден сығып алатынбыз. Күн сайын 2-3 кило салмақ тастағанымыз есімде. Бірақ, барлығына төздік, өйткені біздерге науқастарды өлім тырнағынан алып қалу міндеті тұрды. Сол уақыттарды еске алсақ, төбе шашымыз тік тұрады. Қауіпті инфекцияның ошағында жан ұшыра қызмет ете жүріп, өз денсаулығымызды, індет қаупін ұмытып кететін кездеріміз аз болмады. Біраз әріптестеріміздің сол инфекциядан көз жұмғаны өкінішті. Кейін барлық жағдайға бейімделдік. Үйдегі жағдай қалай болып жатқаны белгісіз болса да, алдымен халықты құтқару басты ұстанымымызға айналды, – дейді Күләш Тортайқызы.
Рас, ота жасау оңай шаруа емес. Сын сағатта дәрігер мен науқасқа қатар көмек көрсетіп жүрген медбикелердің күнделікті жұмысы от кешкен батырлардың ерлігіне пара- пар. Қуаныштысы, жуырда олардың айлық жалақылары да отыз пайызға жоғарылапты.
– Әркімнің еңбегі орынды бағалану керек. Біздің ауруханада санитар тазалықшылар жетіспейді. Оған келмейтіні, айлық табыстары бар болғаны 80-90 мың теңге. Оған олар отбасын қалай асырайды? Ойланатын мәселе... Медицинаға кез келген адам келе алмайды. Бала кезден мықты арман-мақсаты болуы қажет. Қайтсем де адамдарға көмектесемін деп ойлайтын адам болмаса, басқалар бұл жауапкершілікті көтере алмайды. Жұмыс барысында кейде психолог та болып кетеміз. Себебі, отаға түсетін кез келген адам үлкен уайыммен, қорқынышпен келеді. Әрине, тірі пенде қобалжиды. Кейбір науқастар ота үстеліне жылап, көздері боталап келеді. Сол кезде де біз жанына демеу болып, дәрігерлерге толық сенім артуын жан-жақты түсіндіріп, жеткіземіз. Әрбір күніміз осылай өтіп жатыр. Адам болған соң өзіміз де кейде ауырып қаламыз. Бірақ, біз осы жерде жүріп емделіп, сауығып кетеміз. Себебі, ауырып жатуға уақытымыз жоқ. Еңбегіміз еленіп, жалақымыздың қосылғанына қуанамыз. Алдағы уақытта ота жасау бөліміндегі жалпы медицина саласындағы қызмет етіп жүрген тазалықшылардың жалақысы өссе дейміз. Себебі, аталған мамандарымыздың жалақысы аз, жұмыстары өте ауыр. Сондықтан да бізге тазалықшылар жетіспей жатады. Көп жылдар бойы осы бөлімде еңбек етіп жүрген тазалықшымыз Қалия Байқоразова келесі жылы зейнетке шығайын деп отыр. Осы бөлімнен зейнетке шығатын тағы бір білікті медбикеміз Аида Қадырова да өз білгенін жастарға үйретуден жалыққан емес. Бөлім жұмысының белсенділері Жәмилә Беркімбаева, Роза Есенаманова, Маржан Жұматаева, Лаура Өтепбергенова еңбектері зор, бедел-абыройлары биік. Ал, Аида Омарбекова, Отабек Шарапов, Ұлдана Өскенбай, Рита Киличева секілді жас мамандарымыз да қажырлы, білімді мамандар. Бөлімшемізде ұзақ жылдардан бері қажырлы еңбек етіп келе жатқан қызметкерлеріміз – тазалықшылар Қарлығаш Рысбекова, Жадыра Шамкенова, Камар Иярова, Райхан Аглакова, Кәмшат Шалхарова, Ақмарал Мартбаева ұжымымыздың мақтанышы, өнегелі қызметкерлер. Алдымызға келген науқас сауықса, дертінен арылса дәрігерлер мен осындағы әрбір маманның еңбегінің нәтижесі, – дейді Күләш Тортайқызы.
Бір сөзбен айтқанда, бұл адамзаттың денсаулығы, амандығы жолындағы арпалыс бөлімі. Мұндағы жанталас жұмыс әрбір маман үшін өмірінің ажырамас бөлігіне айналған. Ауруынан аман қалып, ауруханадан сау шыққан әрбір науқас осы ақ халатты абзал жандардың жеңісі.
Ұлы Мәрлен Астанадағы Назарбаев университетінің магистратурасында IT саласы бойынша білімін шыңдап жүрген Күләш Тортайқызы алдағы уақытта немерелері дәрігер болса деп армандайды. Ол үшін болашақ немерелеріне саналы ғұмырын салаға арнап өткен жолдасының медициналық оқулықтарын да сақтап қойыпты. Өз кезегінде біз де білікті маманның арманына тілеулестік білдіріп, өмірдің шырақшысына айналған ота жасау бөлімшесінің майталмандарын кәсіби мерекесімен құттықтап, еңбектеріне толағай табыс тілейміз.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді