Мамандығын міндетімен ұштастырған Алғабек

Мамандығын міндетімен ұштастырған Алғабек
ашық дереккөз
Мамандығын міндетімен ұштастырған Алғабек
Ел ішінде спортқа жастайынан жаны жақын жандар жетерлік. Солардың бірі – Алғабек Тоқболатов. Бөкей тауының етегінде дүние есігін ашқан ол Алматы қаласындағы Қазан институтында дене шынықтыру және еркін күрес жаттықтырушысы мамандықтары бойынша білім алған. Міне, осы сәттен бастап саналы ғұмырын сан қырлы спорт саласының дамуына арнауға бел байлайды. Нақтылай түссек, кейіпкеріміз ел намысы сынға түскен айтулы додаларда топ жармағанымен, мектеп қабырғасында болашақ чемпиондарды тәрбиелеу ісіне айрықша көңіл бөледі. Бір сөзбен айтқанда, ол өмірінің қалған бөлігін осы іске арнаған азамат. Бүгінде Қарасаз ауылындағы №6 А.Пушкин атындағы орта мектепте еркін күрес және үстел теннисі сынды спорт түрлерінен жаттықтырушы болып жүрген оның мұнда еңбек еткеніне табаны күректей 42 жыл болған. Алғабек баптаған талай шәкірт қазіргі таңда бәсі биік бәсекелерде өзгелерден оқ бойы оза шауып жүр. Оған үйінің төрінде тізіліп тұрған түрлі Алғыс хаттар мен медальдар, дипломдар мен Құрмет грамоталары дәлел. Сөренің бір жақтауына рет-ретімен орналастырылған бұл дүниелердің табан ақы, маңдай термен келгені айтпаса да түсінікті. Өзінің табандылығының арқасында осындай жетістікке жеткен ол сүйген жары Динакүл екеуі бір ұл, екі қыздан он төрт немере сүйіп отыр. Ұл-қыздарының барлығы дерлік жоғары білімді. Бүгінде олар әр қалада түрлі салада жемісті еңбек етуде. Мәселен, тұңғыш қызы Әсел Тоқболатова жеке кәсіпкерлікпен айналысса, одан кейінгі перзенті Венера аудандық орталық ауруханада қызмет етеді. Ал, ұлы Еркін Алматы қаласында жеке фирманың қызметкері болса, Құдай қосқан қосағы Динакүл Пралиева бүгінде аудан орталығында орналасқан «Венера» киім дүкенінің ісін жүргізіп отыр. – Білімін ұдайы жетілдіріп отыратын мұғалім қашан да сұранысқа ие. Сондықтан, сабақ өту барысында оқушылардың қызығушылығын арттыру үшін түрлі әдістемелерді пайдаланатынмын. Сонда ғана оқушыларды жалықтырып алмайсың. Дене шынықтыру сабағына деген ынта-жігерлерін арттыру үшін түрлі ойындар ойнатып, жарыстарға дайындап жүрдім. Нәтижесінде шәкірттерім жерге қаратпай, бірқатар сайыстарда бас жүлдені жібермей жүрді. Ал, ұстаз үшін шәкіртінің жеткен жетістігі үлкен қуаныш. Мен шәкірт тәрбиесіне де, үйдегі бала тәрбиесіне де бірдей қарадым. Меніңше, бала тәрбиесінде қаталырақ болған жақсы. Ұл-қызымызға үнемі ақыл-кеңесімізді айтып, жол көрсетіп отырдық. Содан да болар, перзенттерімнің артынан жаман сөз ермеді. Әрқайсысы өмірден өз орындарын тауып, үйлі-жайлы болды, – дейді Алғабек Тоқболатов. Ардагер спортшы құрметті зейнет демалысында болса да, үйінде қол қусырып отырған жоқ. Ол үй іргесіндегі жерді тиімді пайдаланып, бау-бақшасы мен мал шаруасын дөңгелетіп отыр. Осылайша, жастайынан спортты серік еткен ол еңбекқорлығымен де ауылдастарының арасында сый-құрметке ие. Кейіпкеріміз әрбір бастамасына қолдау білдіріп, қолұшын созатын жерлестеріне дән риза. Соз соңында Алғабек ағамыз еліміздің бүгіні мен болашағынан алаңдайтын кез келген адам саламатты өмір салтын ұстануға міндетті екенін жеткізді.  

Есен ӨТЕУЛІ

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар