Республикалық спартакиадан күміс бұйырды

Республикалық спартакиадан күміс бұйырды
ашық дереккөз
Республикалық спартакиадан күміс бұйырды
Қызылжар қаласында бокстан әйелдер арасындағы VI республикалық спартакиада өз мәресіне жетті. Әр 4 жыл сайын өткізіліп тұратын осы аламан жарысқа бұл жолы еліміздің 17 өңірінен 90 боксшы қыз-келіншек қатысты. Олар 48, 50, 52, 54, 57, 60, 63, 66, 70, 75 және 81 килограмнан жоғары салмақта рингке шығып, жеңіс тұғырының үздіктеріне берілетін алтын, күміс және қола медальдар үшін бақ сынасты. Республикалық спартакиадаға Жамбыл бокс мектебінің атынан барған Қазақстан Республикасының спорт шебері Әйгерім Сәттібаева 48 килограмм салмақ дәрежесінде бокстасып, күміс медальға қол жеткізді. Біз боксшының бапкері, кадеттер мен әскерилер арасындағы әлем чемпионы, Азия жеңімпазы, ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері Олжас Сәттібаевтан осы спартакиада туралы сұраған едік. – Олжас, күміс медаль құтты болсын! – Рақмет! – Әйгерім екеуіңнің бокс залында танысып, отау құрғандарыңды білем. Бірақ ол боксты қойып кеткен жоқ емес пе еді? – Иә, бірақ мен бокс қолғабымды шегеге ілгеннен кейін, отбасы боп ақылдаса келе, Әйгерімді жаттықтыруды қолға алдым. Өйткені, мүмкіндігі бар адамның ішінде өкініші кетпеуі керек. Бұрын ол маған жол беріп, үйде бала-шағаға қараса, енді мен оны қолдауым керек емес пе? Оның үстіне, шеберлік мектебінен өткен белгілі спортшы. Сондықтан, былтырдан бастап дайындыққа кірісіп, алғашқы жарыстарға шыға бастадық. Үйде сегіз жылдай отырып қалу оңай емес, әрине, бірақ соған қарамастан Қырғыз елінде, өзіміздің Қостанай қаласында өткен жарыстардағы нәтижеміз жаман болған жоқ. ҚР бокстан әйелдер арасындағы ұлттық командасына қайта қабылдануының өзі көңілімізге үлкен сенім ұялатты. – Қызылжар рингіндегі ойыны қалай болды? Көңіліңнен шықты ма? – Иә, алғашқы екі жекпе-жегінде өте жақсы ойын көрсетті. Екі қарсыласын да нокдаунға жіберіп, судья оларға есеп ашуға мәжбүр болды. – Финалдағы ойыны ше? – Финалда Түркияда өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері және Азия чемпионы Алуа Балқыбековамен жекпе-жекке шықты. Алуаның атақтарына сәйкес, шеберлігі де жақсы. Сондықтан, финалдық жекпе-жекте ұпай санымен есе жіберіп алды. – Бұл, өзің айтқандай, «үйде отырып қалуының» салдары деп ойлайсың ғой. – Әрине, көп жыл рингке шықпай жүріп, бірден әлем чемпионатының күміс жүлдегерімен жекпе-жекке шығу оңай емес. – Бапкер ретінде осы спартакиададан не түйіп қайттың? – Түйгенім, Әйгерімге физикалық тұрғыдан әлі де күш-қуат керек. Денесі босаңсып қалған. Сондықтан, техникамен бірге, осы жағына да көңіл бөліп, жаттығуды үдете түсеміз. – Рақмет.  

Әшірәлі КЕНЖЕҒАРА,

Олимпиада жеткіншектерін даярлау орталығының қызметкері.

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар