«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тыл еңбегі

Тыл еңбегі
ашық дереккөз
Тыл еңбегі

Cоғыстан кем соққан жоқ

Келесі жылы Ұлы Жеңіске 70 жыл толады. Әрине, ол кезде майдангер-солдаттар өте сиреп қалады. 1941-1945 жылдардағы сұрапыл соғыс 1418 тәулікке созылғаны белгілі. Дүниежүзілік соғысқа ұласқан бұл алапатқа 70-ке жуық ел қатысып, 65 миллионнан астам адам өз өмірлерін қиды. Аты аталған соғыс бірінші күннен бастап-ақ бүкілхалықтық сипат алды. Мен ертеректе Брест қаласында болдым. Сондағы бізді бастап алып жүрген гидтің айтуынша, Брест қамалын кеңес әскері үш ай бойы неміс фашистеріне бермей, қиян-кескі ұрыс ұйымдастырған. Наташа атты 13 жасар қыз бала орасан зор ерлік көрсетіп, жауларды қалай алдағанын айтқан еді. Сол жылдары неміс басқыншылары Волга өзеніне дейін – Сталинград қаласына келіп, жан беріп, жан алысқан сұрапыл соғыс жүрген. Партизандар жау тылында аянбай ерлік көрсеткен жылдар болатын. Қасым Қайсенов Украинада, Беларуссияда партизан соғысын жүргізіп, мыңдаған неміс фашистерінің соғыс арсеналдарын жойған кез еді. Ұлы Жеңістің 70 жылдығын тойлағанда, соғыс жылдарындағы тыл армиясының қажырлы еңбектерін де естен шығармай, міндетті түрде айтуымыз керек. Мен 1932 жылы дүниеге келдім. 1942 жылдан бастап үй жүзін көрмей, колхоз қосынында түнеп, еңбек еттім. Сол аянбай атқарған балаң еңбегімнің жемісі болар, 1946 жылы он төрт жасымда Мәскеуден «За доблестный труд», «Во время Великой Отечественной войны (1941-1945 г.г)» медалімен марапатталдым. Тыл майданы соғыс майданынан кем соққан жоқ. Аштан көз жұмғандар да көп кездесті. Ол кездегі жалғыз-ақ ұран: «Бәрі де майдан үшін» болатын. Жап-жас балалар жұмыс басында ұйықтап, ояна салып, шаруаға жегілетін. Қазақстандықтар өздерінің өмірлік, табиғи дәстүріне сай, не істесе де бар ынта-жігермен, шын ниетімен істеді. Шығанақ Берсиев, Ыбырай Жақаев сынды диханшылар тарыдан, күріштен мол өнім алып, дүниежүзілік рекорд жасады. Отан соғысы жылдары 1 миллион 800 мың қазақстандық жас соғысқа аттанып, солардың жартысы соғыс даласында жер жастанды. Қаншамасы ормандарда көмусіз қалды. Бүгінде «Пойск», «Следопыт» отрядтарының көмегімен солдаттарды қайта жерлеу жалғасуда. 500 қазақстандық – Совет Одағының Батыры атағын алды. Талғат Бигелдинов, Сергей Луганский сияқты ерлер бұл атаққа екі мәрте ие болды. Соғыс кезінде жүргізілген кеңестік солақай саясат салдарынан көптеген қазақстандық жауынгерлер атаусыз кетті. Тыл ардагерлерінің де Отан үшін күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей еткен еңбек – ерліктерін ешқашан ұмытпайық, ағайын! Бүгінде соғыс кезіндегі тыл жауынгерлері де жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуде барын салуда. Ұлы Отан соғысында жауға атылған он оқтың тоғызы қазақстандықтардың жанкешті еңбегімен жасалды. 1941-1945 жылдары Қазақстанда майданға танк, самолет сыйламаған колхоздар кемде-кем шығар. Тіпті, ел мақтанышы болған балуан Қажымұқан Мұңайтпасов қартайған шағында өз атынан майданға самолет сыйлап, Сталинге хат жазғанын газеттен оқыдым. Ұлы Жеңістің 1945 жылы 9 мамырда келгені – тыл майданының да қажырлы еңбегі!

Қуандық Тұрдалин, ТарМПИ профессоры.

Ұқсас жаңалықтар