Қасқырлар

Қасқырлар
ашық дереккөз
Қасқырлар
Жемшөбін жайлап, қора-қопсысын сайлаған Шудағы шаруа қожалықтар қыстың қамына қызу кірісті. Жапан даланың төсінде төрт түлікті бағу сынды ата кәсібіміз жеңіл жұмыс еместігі белгілі. Алайда, «Малым – жанымның садағасы...» деп білетін қазақ үшін табиғаттың тосын мінезі де тосқауыл болмаған. Тек, қыстақтарға қырғидай тиіп, дегбірді қашырған түз тағыларына шулықтардың қаһары қатты, бірақ қауқары жетпей отыр. Қазір орталықтан тысқарыда отырған кез-келген шаруа қожалықтың иелігіне ат басын бұрсаңыз, малшылардың мұңы бір. Барлығының айтатыны – қасқырдан көрген қорлық. Момын малға арсалаңдаған аңның тісін батыруы заңдылық. Бірақ, олардың биылғы шабуылы әдеттегіден үдей түскен. Қасқыр шапқаны туралы дабылдың жиі көтерілуі олардың қарасы артқанын аңғартса керек. Аңшылар бұл құбылыстың себебін сырттан басқа аңның ауып келуімен байланыстырады. Мәселен, өткен жылы қатты қыста Батыс Қазақстан аймағынан қарақұйрықтың қаптап келгенін өз көздерімен көргендер көп. Оларды аңдып қасқырлар да батыстан қоныс аударған деседі. Сол қыста даладағы дайын олжаға әбден тойынған жыртқыштар жемтігін өлтіріп, тек құлақтарын ғана жеп, көктемге азық қып кете берген екен. Қарақұйрық қанша жүйрік болғанмен, қалың қарда аяқ алысы күрделене түседі. Сондықтан, қасқырларға артық айланың қажеті туындамаған. Ал, биыл малшы біткеннің мазасын алып жатқан айлакер аңға тосқауыл табылмай тұр. Шу ауданында облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ормандар және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі «Қосқұдық» және «Алаботалы» деп аталатын мекемелері бар. «Қосқұдыққа» тиесілі құмды алқапта сексеуіл қаулап өседі. Ал, Меркі ауданымен шекаралас «Алаботалы» аймағы мал жайылымына қолайлы болғандықтан, онда қыстақтар жиі шоғырланған. Әдетте, аңның да аңдығаны сол «Алаботалы». Мәселен, «Үш ашалы» қыстағын малы мекендеген шаруа қожалық иесі Ғабит Байбағысов түз тағысына талай малын алдырып қойғандардың бірі. «Қосқұдық» аймағындағы «Қобы» қыстағында отырған малшылар да қасқырдың көп шығынға ұшыратқанын айтады. – «Қосқұдық» ормандар және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеменің 2000 гектар жерін жалға алып, 110 бас сиыр, 30 бас жылқы, 700 қойды бағып отырған жайымыз бар. Былтыр «Сыбаға» бағдарламасы арқылы мемлекеттен көмек те алдық. Алайда, жиған-тергенімізге жыртқыш тиіп, берекемізді қашыруда, – деп, қыстақтағы «Мұхтар» шаруа қожалығының жетекшісі Мұхтар Шілдебаев мұңын шақты. Мылтық ұстап, қасқырдан қорғануға малшылардың рұқсаты жоқ. Сондықтан, жергілікті басшылық тарапынан көмек күтуден басқа амалдары қалмаған. Олар жалдамалы аңшылар тобын немесе тікұшақпен төңіректі торып шығып, түз тағысына төбесінен төнуді сұрайды. Ауданнан аңшы да табылады. Алайда, мемлекеттік қорғалатын аймаққа мылтық асынып, аяқ басуға олардың құқықтары шектеулі. Құзырлы мекеме рұқсат берсе, әуесқой аңшылар-ақ тұра ұмтылуға дайын. Тек, әзірге бұл күрмеуі қиын мәселелердің қатарынан болып тұр. Яғни, аңшылардың рұқсат алуға өтініштері бірден қабыл бола қоймайтын көрінеді. Жергілікті аңшы Ержан Төлешовтың айтуынша, қажетті құжаттың барлығын өткізіп, жауап күтіп жүргендеріне 3 жылдың жүзі болыпты. – Қару асынып, жануарлар дүниесін қырып жіберуден аулақпыз. Тек күз бен қыс мезгілдерінде мемлекеттік мекеменің орманшылар тобының бақылауымен қасқырға шықсақ, бізге әрі олжа, әрі малшылардың алғысына бөленер едік. Сондықтан, аудан әкімдігі қаулы шығарып, бірнеше күнге аңшылар тобын қасқырға жіберсе жөн еді, – дейді ол. Негізінен аңшылар топтасып жұмыс істейді. Қыс кезінде шулықтардан шақыру болса, еліміздің солтүстік аймақтарынан арнайы келетін әуесқой аңшылар да бар екен. Қазақы салтпен, атқа мініп, тазысын ертіп, қақпанын сайлап шығатындар қазір жоқтың қасы. Оның үстіне, қасқырды қуып, алыс қашықтыққа қанша сабаласаң да, жылқының шамасы жете бермейді. Айлакер аңды алу үшін көліктің өзімен 20-25 шақырымсыз іс бітпейді екен. Тікұшақпен шығуға екінің бірінің қалтасы көтермейді. Әу бастан малдың бабын басқа тірліктен биік қоятын қазақ қасқырдың ең айлакер аң екендігін жақсы біледі. Тіпті, оның жемтігін қалай таңдайтындығы да таныс. Яғни, бар болса, алдымен есік алдындағы есекке, содан соң құлынға құмар. Одан кейін қой мен бұзауға шабады. Қатты ашықса, күндіздің өзінде айласын асырып, отарды талан-тараж қылуы ғажап емес. Ондайда адамға да шабуы мүмкін. Қасқырлардың тағы бір ерекшелігі, бірінің ізін бірі басып немесе малдың ізіне салып, аңшыны адастырып кетуінде. Сан түрлі әрекетке басып, сан соқтырып кететін жыртқышқа аңшылар қанша тісін қайраса да, жорықтан көбіне құр қол қайтады. Дегенмен, аңшының аты аңшы, шындап тобымен кіріссе, бөрі біткенді жайратып салуға бар. Мысалы, өткен жылы Шуға көршілес Мойынқұм ауданындағы Биназар ауылына атбасын бұрған аңшылар, ауылдың жануарларын жапырып жүрген қасқырлардың 10-12-ін аулап, оларға малшылар алғыстарын жаудырған екен. Дәл қазіргі уақытта Шуда да осындай шара қолға алынса, тірнектеп жинаған төрт-түлік арсалаңдаған аш бөрінің аранында кетпес пе еді. Мәселенің мән-жайымен таныс облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Б.Әмірғалиев биылғы жылдың басында облыс бойынша қасқыр аулауға конкурс өткізілгенін және әр аудандағы бөлімдерден ұтысқа шыққан кәсіпкерлерге 1 жылға шамамен 300 мың теңге бөлінгендігін айтады. Нәтижесінде жеке кәсіпкер Қырықбай Балмашев ормандар және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі бірнеше мекеменің, оның ішінде Шу ауданы төңірегіндегі 2 мекеменің ұсынған қызметін жеңіп алады. Бекітілген баға бойынша, әр қасқырдың еркегі 12000 теңге, ұрғашысы 19200 теңге, бөлтірігі 6000 теңге және шиебөрі 4800 теңге тұрады екен. Қ.Балмашевтің айтуынша, ол мылтыққа рұқсаты бар аңшыларды жалдап, мемлекеттік сатып алу бойынша жеңіп алған қызметін әзірге бірінші жартыжылдыққа орындапты. Яғни, өлі қасқырдың құнын аңшыларға кәсіпкер төлейді. Тиісінше, аудан тарапынан арнайы комиссия құрылып, атылған қасқырды қабылдап алатын көрінеді. Осы орайда, аудандағы бірнеше аңшыға жолыққанымызда, олар ешқандай кәсіпкерге олжасын өткізбегендігін бірауыздан айтып отыр. Аңшылардың сөзіне сүйенсек, ауыл арасында кенеттен қасқыр кезігіп, атып алған күннің өзінде аяқ астынан қабылдай қоятын адам таппай дал болады екен. «Кәсіпкер мен комиссияны күткенше, көктем шығып, өлі қасқыр денесі шіріп бітеді», – дейді олар. Сондықтан, қазіргі кезде қасқыр аулаудан қалтасын қалыңдатуды көздейтін аңшы аз. Бар болғаны, атып алғанын жергілікті қытайларға өткізіп, ақшасы аңға шығатын көліктің жанармайын ақтаса қуанып жүр. Мәселені шешу жолына құрылған мемлекеттік сатып алумен байланысты нұсқаның қаншалықты пайдасы бар екендігіне бағасын беретін қыстақтағы малшылар. Алайда, олардың тарапынан жиі дабыл қағылып, көмек күткендеріне қарағанда, қасқырмен күрестің тағы басқа амалдарын қарастыру керек-ақ. Бөрілердің көктемде күшіктеп, күз және ұйығатын қыс айларында қатты шабатындығын ескерсек, мәселені кешеуілдетіп шешу малшылар еңбегін еш кетірумен тең.

Қарлығаш ЕСБЕРГЕНОВА, «Ақ жол».

Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар