Әкімдердің тікелей сайлауы – саяси жаңғырудың жаңа кезеңі
Ел өміріндегі елеулі оқиға
Мемлекет басшысы Қазақстан халқының 40 пайыздан астамы ауылда тұратынына тоқталып, бұл саяси шара, ең алдымен, ауыл тұрғындарының мүддесі үшін жасалып жатқанын жеткізді. «Сайлау біз жүзеге асырып жатқан саяси реформаларға тың серпін береді деп сенемін. Сондай-ақ, тұрғындарды ел басқару және шешім қабылдау үдерісіне тартуға жол ашады», – деген Қасым- Жомарт Тоқаев партиялық бәсекені күшейту мәселесіне назар аударып, партиядан үміткер ұсыну мемлекеттің институционалдық тұтастығын бекемдей түседі және саяси үдерістің барынша ашық болуына септігін тигізеді деген сенім білдірген болатын. Осы ретте Президент жергілікті атқарушы биліктің жауапкершілігі жоғары болуы тиіс екеніне баса мән берді. «Әкімдер – биліктің әрбір елді мекендегі тікелей өкілі. Жұрт олардың қызметіне қарап бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін бағалайды. Сондықтан, тиімді мемлекет және әділетті қоғам талаптарына сай болу үшін ауыл әкімдері сайлауын дұрыс ұйымдастыру өте маңызды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Еске салсақ, Президент аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерін жергілікті тұрғындардың өздері тікелей сайлау мәселесін 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында көтерген еді. 2021 жылдың мамыр айында бірнеше талқылаулардан кейін «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаға өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, енгізілген жаңа нормаларға сәйкес, республика халқы 2021 жылдың 25 шілдесінде елдің саяси өміріндегі елеулі оқиғаға куә болды. Бұл күні алғаш рет елімізде ауыл әкімдерінің сайлауы өтіп, бір мезгілде 730 ауыл әкімі сайлауға түсті. Сөйтіп, Қазақстан қоғамы 2024 жылға дейін жалғасатын әрі уақыты келгенде ұдайы ұйымдастырылып отыратын жергілікті әкімдерді сайлау кезеңіне өтті. Осы уақыттан бастап елімізде өкілеттік мерзімдері аяқталған немесе өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің тікелей сайлауы жалпыға бiрдей, тең және төте сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру жағдайында өткiзiліп келеді. Бұл қадам тұрғындардың еліміздегі саяси ахуалға белсене араласып, мемлекеттің дамуына үлес қосуына септігін тигізуде. Жалпы, 2021 жылдың екінші жартыжылдығында республика бойынша төрт жылдық өкілеттік мерзімі аяқталған 836 ауылдық округ әкімі сайланған.Облыста 103 ауыл әкімі сайланды
Біздің өңірде де ауыл әкімдерін тікелей сайлау жұмыстары қарқынды ұйымдастырылып келеді. Мәселен, 2021 жылы облыста 53 округтің әкімін ауыл тұрғындары өздері сайлады. Әкімдерді сайлау барысында партиялық бәсеке де күшейе түскен. Партиядан үміткер ұсыну мемлекеттің институционалдық тұтастығын бекемдей түсті және саяси үдерістің барынша ашық болуына септігін тигізуде. Бүгінде партиялар бұл іске белсене кірісіп кеткен. Облыстық сайлау комиссиясының хатшысы Абылхайыр Боранбаевтың берген мәліметіне сүйенсек, облыста 2021 жылы – 53, өткен жылы – 33, осы жылдың бірінші тоқсанында – 17, жалпы алғанда барлығы 103 аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, ауылдық округтер әкімдерінің тікелей сайлауы өткен. Сайланған әкімдердің 23-і немесе 18 пайызы өзін- өзі ұсыну тәртібімен ұсынылғандар. Саяси партиялардың («Аmanat», «Ақ жол», «Ауыл», «Қазақстан Халық партиясы») ұсыныстары бойынша 80 әкім сайланған. Сайланған 103 әкімнің 97-сі ер азамат болса, 6-уы «нәзік жандылар». Әйел әкімдерінің қатарында Байзақ ауданы Сарыкемер ауылдық округінің әкімі Сәуле Тілеуқұлова, Жамбыл ауданы Ақбастау ауылдық округінің әкімі Нұрсулу Дүзеева, Жуалы ауданы Қарасаз ауылдық округінің әкімі Жанар Нұрмұратқызы, Қордай ауданынан Қарасай ауылдық округінің әкімі Күлжахан Елемесова және Қасық ауылдық округінің әкімі Қарлығаш Исағұлова, Меркі ауданы Аспара ауылдық округінің әкімі Гаухар Оспанбекова бар. Сайланған әкімдердің орташа жасы – 43,59-ды құрайды. Оның ішінде ең жасы – Сарысу ауданы Досбол ауылдық округінің әкімі Абылай Сапарбек – 28 жаста. Биыл Шу ауданының Шу қаласы мен Ескі Шу ауылдық округінде 2021 жылы сайланған әкімдердің жеке өтініштеріне сәйкес өкілеттіктері тоқтатылып, аталған округтерге жаңа әкімдер сайланған. 2023 жылдың бірінші тоқсанын қоспағанда, облыста жыл соңына дейін өкілеттік мерзімдері аяқталуына байланысты 18 ауылдық округте әкімдер сайлауы жоспарланып отыр.Әкімді тұрғындар таңдағаны дұрыс
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкімдерді сайлау туралы ұсынысы кезінде қоғамда қызу талқыланғаны белгілі. Өйткені, елімізде бұған дейін ауыл әкімдері тікелей дауыс беру арқылы сайланбаған болатын. Бірақ, саяси сарапшылар мен қоғам белсенділері ауыл әкімдерін депутаттардан гөрі халық сайлағанда жұмыс жүйесі оң бағытта өзгеретінін дәлелдеп, Президент пәрменінің дұрыстығын жеткізді. Жалпы, Мемлекет басшысы қоғамдық пікір сауалнамалары ауыл әкімдерінің сайлау арқылы қызметке келуіне қатысты сұраныстың артқанын көрсетіп отырғанын айтып, бұл маңызды қадамды жан-жақты ойластырып, дәйекті түрде жүзеге асырған жөн екенін атап өткен болатын. «Мұндай жүйенің қалай жұмыс істейтінін нақты білуіміз керек. Алайда, бұл мәселенің шешімін кейінге қалдыруға болмайды. Жергілікті билік өкілдерінің сайланбалы болуымен қатар, мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы құзыреттерді бөлу және жергілікті өзін-өзі басқару ісін айқындап алуымыз қажет», – деген Президент бұл бастамасының бірнеше ерекшелігіне тоқталған еді. Расында да бұған дейін ауыл әкімдері жанама дауыс беру арқылы, яғни жергілікті мәслихат депутаттарының шешімі арқылы сайланып келгені белгілі. Енді елді мекеннің басшысын тұрғындар тікелей дауыс беру арқылы анықтауда. Әлемдік саясатқа иек артсақ, дамыған елдерде мұндай тәсіл бұрыннан бар. Мәселен, АҚШ-та губернаторлар, қала мэрлерінен бөлек, елді мекендердің басшыларын дауыс беру арқылы анықтайды. Тіпті, мұхиттың арғы бетінде жергілікті үндіс тайпаларының көсемдері сайлау арқылы анықталады. Жаңа Зеландияда да аймақтық, ауылдық әкімдерді тұрғындар сайлайтынын білеміз. – Қазір тұрғындардың да, мемлекеттің де көзқарасы өзгерді. Мемлекет ашықтық, жариялық қағидатын берік ұстанып отыр. Сәйкесінше халықтың да көзі ашылды. Жастардың өзі ақ пен қараны ажырата алатын деңгейге жетті. Сондықтан, ауыл әкімдерін халық таңдағаны өте дұрыс әрі құптарлық іс болды. Қолынан іс келетін азаматты тұрғындар өздері таңдауда, соған дауыс беруде. Өз кезегінде сайланған әкім халыққа қызмет жасайды. Бұрын ауыл әкімін депутаттар сайлағандықтан, кейде ауыл әкімі тұрғындарға дұрыс есеп бермейтін де кездер болғаны жасырын емес. Сондықтан, бұл дер кезінде қабылданған шара болды, – дейді жеке кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Жұмахан Тәнкебаев. Ал, Шу ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Ахметжан Қосақов ауыл әкімдерін сайлау механизмін қалыптастырып алсақ, тап сондай әдіспен аудан, облыс басшыларын да сайлай беруге болатынын айтады. «Біз зайырлы демократиялық елміз. Сондықтан, ауыл әкімдерін халық сайлағаны дұрыс болды деп санаймын. Олар заңнама бойынша 4 жылға сайланады. Бұл аз да, көп те уақыт емес. Төрт жыл ауыл әкіміне өз жұмысының жемісін, нәтижесін көрсетуге толық жетеді. Ал, одан кейін қайтадан сол әкімді сайлай ма, сайламай ма, оны халық шешеді. Меніңше, ауыл халқы өздерінен шыққан, жергілікті жердің азаматына дауыс беруі қажет. Себебі, сол жердің азаматы жанашырлықпен жұмыс істейді. Халық та оған сенім артып, бірлесе еңбек етуге ынталы болады. Бұл қоғамды демократияландырудың бір көрінісі», – дейді ардагер журналист.Келесі маңызды қадам – аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау
Алдағы екі жылда аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау өтеді. Бұл туралы Президент сәуір айында өткен елдің әлеуметтік- экономикалық мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте айтты. «Ауыл әкімдері күн сайын тұрғындардың мұң- мұқтажын тыңдап, мәселелерін шешеді. Сондықтан, олар елімізде айрықша рөл атқарады. Ауыл әкімдерінің 64 пайызы жергілікті жұрттың тікелей сайлауымен қызметке келді. Мұны, шын мәнінде, зор жетістік деуге болады. Тұрғындардың мәселесін жедел әрі тиімді шешу үшін оларға көбірек мүмкіндік беріліп жатыр. Бұл жұмыс та жалғасын табады», – деді Қасым- Жомарт Тоқаев. Президенттің айтуынша, жергілікті депутаттар аймақтағы тексеру комиссияларымен тығыз қарым-қатынас орнатуы керек. Бұл комиссиялардың рөлі едәуір артып, жауапкершілігі күшейтіледі. Алдағы екі жылда пилоттық жоба ретінде аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтеді. Осы орайда қажетті нормативтік базаны және жол картасын әзірлеу қажет. Үкімет бұл жұмысты Орталық сайлау комиссиясымен және облыс әкімдерімен бірлесіп жүргізеді. «Біз қоғамды демократияландыру және билік құзыреттерін төменге беру үдерісін жалғастырамыз. «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» Заңның қабылдануы бұл бағыттағы тағы бір маңызды қадам болмақ. Қазір тиісті заң жобасы Мәжілісте талқыланып жатқанын білесіздер», – деді Мемлекет басшысы. Қорыта айтқанда, келесі маңызды қадам – аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің тікелей сайлауы болмақ.Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестікке серпін берген сапарлар
- 23 қараша, 2024
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді