Ардагерлер арасындағы аламан

Ардагерлер арасындағы аламан
ашық дереккөз
Ардагерлер арасындағы аламан
Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында Ұлы Жеңістің 78 жылдығына және ардагерлер ұйымының құрылғанына 36 жыл толуына орай аймақ ардагерлері арасында облыстық спартакиаданың түндігі түрілді. Бас-аяғы 11 команда өнер көрсететін айтулы жарыстың жүлде қоры – 3 миллион теңге. Екі күнге ұласатын додада қатысушылар волейбол, үстел теннисі, дойбы, ләңгі, асық ату, шахмат, тоғызқұмалақ, бильярд және дартс ойындарында бақ сынап, өзара кім мықтыны анықтайтын болады. Спартакиаданың ашылу салтанатында облыс әкімі Нұржан Нұржігітов құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. – Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан спортты дамытуға үлкен мән берілуде. Өйткені, спорт – адамға денсаулық, мемлекетке – абырой алып келеді. Өздеріңізге белгілі, облысымыздан Олимпиаданың, әлемнің және Азияның чемпиондары шығып, нәтижесінде еліміздің көк Туы желбіреп, Әнұранымыз сан мәрте шырқалды. Біз спортты дамыту мақсатында әрі материалдық базаны жаңғырту бағытында жүйелі жұмыс істеп жатырмыз. Мәселен, биылдың өзінде 18 елді мекенде спорт нысандары бой көтерді. Бұдан бөлек, 38 ауылда заманауи спорт алаңшалары ел игілігіне берілді. Тұрғындардың 39 пайызы бұқаралық спортпен айналысса, 2025 жылға дейін бұл көрсеткіш 50 пайызға жетеді деп жоспарлануда. Жергілікті атқарушы органдар спорт нысандарының санын көбейтуді күн тәртібінен түсірген емес. Мұның бәрі балаларымыз бен жастарымыздың спортпен айналысуына берілген мол мүмкіндік. Әрине, ардагерлердің кейінгі буынға үлгі болып спортты серік етіп жүргені қуанарлық жағдай. Алдыңғы буын өкілдері өңірімізде жемісті жүзеге асып жатқан «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясындағы жұмыстарда да белсенділік танытуда. Ол үшін алғысымызды білдіреміз. Ал, жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді Нұржан Молдиярұлы. Бұдан кейін сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев өңір басшысына ризашылығын білдіріп, спортшы ардагерлер алдағы уақытта ел мерейін асыратын чемпиондар тәрбиелеу ісінде белсенділік танытатынын жеткізді.  

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар