Жасөспірімдердің жарқын жеңісі

Жасөспірімдердің жарқын жеңісі
ашық дереккөз
Жасөспірімдердің жарқын жеңісі
Қаратау қаласында жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында жеңіл атлетикадан облыс чемпионаты өз мәресіне жетті. Өңірдің жас спортшылары бас қосқан бәсекеде аудан әкімінің орынбасары Айтолқын Әбдібекова, аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерназар Тоқсанбаев, жарыстың бас төрешісі, жеңіл атлетикадан облыстың аға жаттықтырушысы Зифа Галиулина болды. Орталық стадионда ұйымдастырылған чемпионаттың ашылу салтанатында әуелі Айтолқын Серікқызы сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Бұдан кейін, жасөспірім спортшылар өзара кім мықтыны анықтауға мүмкіндік алды. Атап өтерлігі, бұл жарыс қатысушылардың жас ерекшеліктеріне қарай екі күнге созылды. Жалпы, жеңіл атлетикадан таластық жасөспірімдердің жеткен жетістіктері аз емес. Бүгінде олар түрлі деңгейдегі бәсекелерде топ жарып жүр. Осынау облыс чемпионатында да №31 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жеңіл атлетикадан жаттықтырушысы Диана Смамбаеваның шәкірттері күткен үдеден шықты. Мәселен, бұған дейін талай рет қарсыластарын қапы қалдырып үлгерген Жанел Туткишбай спорттық жүрістен І орынды иеленді. Сондай-ақ, өзге қашықтықта да сынға түскен бұрымды қыз мұнда да жүлделі ІІ орынды олжалады. Бұдан бөлек, Кириаки Капустина 300 метрде алтын жүлдені қанжығаласа, спорттық жүрістен ІІ орынды еш талассыз жеңіп алды. Ал, Інжу Ержанқызы спорттық жүрістен жеңімпаз деп танылса, келесі кезекте 2000 метрде бақ сынаған оған қарсылас шақ келмеді. Ұлдар ішінен үміт артқан Виктор Капустин 400 метр қашықтықты оңай бағындырып, чемпион атанды. Осылайша, облыс чемпионатында аудан намысын қорғаған бес спортшымыз да қос жүлдені иеленіп, артқан сенімді толығымен ақтады.  

Нарбол ҚАШАҒАН.

Талас ауданы

Ұқсас жаңалықтар