Туристерді тәнті қылған тарих

Туристерді тәнті қылған тарих
ашық дереккөз
Туристерді тәнті қылған тарих
Халықаралық «ZHEIF-2023» форумы аясында облысымызға келген туристерге өңірдегі тарихи орындар таныстырылды. Әуелі «Тараз – шеберлер қаласы» атты көрмеге барған меймандар жамбылдық қолөнершілердің қолынан шыққан бұйымдарды тамашалады. Түрлі түстерді үйлестірген құрақ көрпелер мен көргенді тамсандыратын әшекей бұйымдар, ұлттық тұрмыстық құрал-жабдықтарға сүйсінген кей туристер ұнатқан дүниесін сатып алып жатты. Шетелден және еліміздің өзге облыстарынан келген меймандар «Ақыртас» кешеніне барып, ондағы тарихи деректермен танысты. «Ақыртас» кешенін зерттеген ғалымдардың дәлелдеген мәліметтерін сол нысандағы жәдігерлерді көрсете отырып баяндаған «Научная организация «АРК» ЖШС-нің директоры Искандербек Төрбеков бұл аяқталмаған құрылыс екеніне тоқталды. – Бұл форумды ұйымдастырудағы мақсат – Жамбыл облысына әлеуетті инвесторларды тарту. Сондай-ақ, инвесторларға мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктер мен қолдау туралы жеткізу. Көне Тараздың, Жамбыл өңірінің туристік орындарын көрсете отырып, ел экономикасын дамытуға үлес қосу. Шетелдік туристерді алып келген туроператорларға да қаржылай қолдау көрсетіледі. Себебі, шетелдерден келетін әр турист орташа есеппен 300 мың теңге алып келеді деген болжам бар. Ол тұрақтайтын қонақүйге, тамақтанатын орындарға, сатып алатын бұйымдарына төлейтін ақшаларымен мемлекет тарапынан көрсетілетін қаржылық қолдаудың орны толығады. Туризмді дамыту – халыққа жаңа жұмыс орындарын ашуға да оң ықпалын тигізеді, – дейді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рысбеков. Облысқа келген меймандардың бірі – түркістандық «Sultan TRAVEL TURKISTAN» туристік компаниясының бас менеджері Акида Еркінбаева Таразға алғаш рет келіпті. – Жамбыл облысына арнайы келіп, туристік орындармен таныстым. Бірде Түркістанға Жамбыл облысынан экспонаттар әкелген, бәрі алтыннан жасалған. Түркістанмен аса алыс емес аймақ болса да, бұл өңірді мекендеген байырғы халықтың өзіндік ерекшелігі болғанын сонда байқадым. Жамбыл облысына қатты қызыққан едім, келіп көзбен көру бүгін бұйырыпты. Табиғаты сұлу, тарихи мұраларға бай орындар көп екен. Енді өз компаниямда жан-жақтан жинайтын туристерді Жамбыл облысына, тарихы терең Таразға алып келетін арнайы турлар ұйымдастыруды жоспарлап отырмын. Ұлтым өзбек болғанымен, Қазақстанның патриотымын, қазақ тілін, халқын жақсы көремін. Жамбылдықтардан нағыз қазақы мінезді, өз тілін сүйетін жандарды көріп, тәнті болдым, – дейді Акида Еркінбаева. Форум аясындағы туризм күнінде Жамбыл ауданынан «Алмалы resort» этно-туристік кешені ашылды. «Фортис Констракшн» ЖШС Гродеково ауылдық округі аумағынан ашылған демалыс орталығына бүгінге дейін 700 миллион теңге инвестиция салған. Нысанға 10 шақырым электр желісі жүргізіліп, жобада көзделген ғимараттар мен құрылыстар бой көтерді. Құрылыс жұмыстарына 60-80 азамат жұмылдырылған. Жер аумағы 9,6 гектарды құрайды. Орталықтың ашылу салтанатына ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рысбеков, облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев, Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы және инвесторлар мен бизнес өкілдері қатысты. «Фортис Констракшн» ЖШС басшысы Досан Рымтаев қонақтарға еуропалық үлгіде салынған орталықтың мүмкіндіктерін жан-жақты таныстырды. «Облыс тұрғындары мұнда таулы аймақтың табиғатын тамашалай алады. Жоба толығымен аяқталғанда, орталық бір мезетте 250 адамды қабылдайды. Демалыс орталығында тек жазда ғана емес, жыл он екі ай демалуға жағдай жасалады. Қыс мезгілінде тау бөктерінен шанамен сырғанауға арналған жобаны іске қосамыз. Барлық ғимараттар ауыз су, жылумен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, атпен саяхат, квадроциклмен серуен ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, 10 киіз үй тігіледі. Жергілікті тұрғындар үшін бағаның қолжетімділігіне назар аударатын боламыз, – дейді Досан Рымтаев. Сонымен қатар, мұнда 70 адамға арналған 7 коттедж, 8 қонақүй, еуропалық моншалар, 150 адамды тамақтандыратын кафе-мейрамхана, техникалық және сервистік нысан, үлкен және орташа бассейн, футбол, теннис алаңдары, 120 адамға арналған ашық демалыс орны, ат спорты алаңшасы, балық өсіруге арналған тоған салынған. Құрылыс жұмыстарын 10 айда жүргізген серіктестіктің басшысы алдағы уақытта да орталықты түрлендіре түсуге, бірқатар құрылысты аяқтауға 300 миллион теңгедей қаражат жұмсалатынын айтып өтті. Ақпараттық тур «Айша бибі», «Тектұрмас», «Қарахан» тарихи-мәдени орындары мен «Көне Тараз» археологиялық паркінде жалғасты. Ол жерлердің байырғы өткен мәліметтері таныстырылып, туристер естелікке суретке түсті.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар