Жамбылдық боксшылар ерледі!
Олар үш салмақта чемпион атанды
Әлемде миллиондардың жүрегін жаулаған футбол нөмірі бірінші спорт түрі саналса, Алаш жұрты үшін бокстың орны бөлек. Жер-жаһанды жойқын жұдырықпен мойындатқан қазақ елі бокс десе ішкен асын жерге қояды. Еліміздің кіл мықтылары жиналып, «Тараз-Аренада» өзара кімнің десі басым, деңгейі биік екенін анықтады. Сонымен... Иә, апта бойы «Тараз-Аренаға» бокс жанкүйерлері көптеп жиналды. Былғары қолғап шеберлерінің бәсекесін тамашалады. Жанкүйер болды. Жүйкелеріне ши жүгірді. Бекер емес екен. Жамбылдық боксшылар шүмектеп төккен тердің жемісін көрді. Нәтижесі көңіл қуантты. Күрзі жұдырықты шеберлеріміздің өнеріне, рингтегі қимылына бәріміз де риза болыстық. Бұл күні он салмақтың чемпиондары анықталды. Алдымен бокс әлемінде «шыбындар» салмағы аталып кеткен 49 келідегі шеберлер ақмолалық Теміртас Жүсіпов пен шымкенттік Жомарт Ержан шаршы рингке шықты. Қарсыласына қарағанда тәжірибесі басым Теміртас салған жерден Жомарттың адымын аштырмады. Рингте еркін ойқастаған ол Жомартты қуып жүріп жеңіске жетті. Алғашқы раундта екі бірдей қапталдай соққыны жіберіп алған оңтүстіктің боксшысы келесі кезеңдерде Теміртастың осал тұсын таба алмады. Қайта қарсыласына арыстандай атылған ол жас оғланның екпінін басып, біраз састырды. Нәтижесінде төрешілер бір ауыздан ақмолалық боксшының жеңгенін жария етті. Теміртас ел біріншілігінің жеңімпазы атанса, Жомарт күміс медальді, жамбылдық Шерхан Сүгірбек пен алматылық Мардан Берікбаев қоланы қанағат тұтты. Келесі санат саналатын 52 келіде әскерилер арасындағы әлем чемпионы, жамбылдық жампоз Олжас Сәттібаев рингке көтерілмей-ақ чемпион атанды. Боксшы үшін бәрінен де маңыздысы – өз елінің біріншілігінде топ жару. Ал, финалда өнер көрсетуді кез-келген спортшы армандайды. Ақтық айқасты былай қойғанда жартылай финалға жете алмай кеткендердің өзегін өрт шалатыны белгілі ғой. Бұл тұрғыда Олжастың қарсыласы, Маңғыстау облысының атынан сынға түскен (негізі Азамат та жамбылдық спортшы. Ол спаррингте Олжас Сәттібаев пен Ермек Әбдірайымовтың десі басым болған соң Маңғыстаудың намысын қорғады) Азамат Исақұловтың рингке неге көтерілмегені біртүрлі ой қалдырды. Салмағын ұстай алмау – боксшыға үлкен сын. Ол финалға дейін өз салмағын бақылай алды емес пе? Табан астында бойында бір уыс ет артық бола қалғаны қалай? Кімнің мықты екенін рингтің, боксшының шеберлігінің шешкенін қалап едік. Олай болмады. Өкінішті әрине. Ұлттық құрамадан үміті бар әр боксшы өзінің физикалық дайындығын да, психологиялық ахуалын да қадағалай білуі керек. Күні ертең ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов бұл боксшының салмағын бақылай алмағаны үшін ренжитіні анық қой. Ондай шебер ұлттық құрамада жүре ала ма? Біз өз ойымызды айттық. Қалғанын бапкерлері білер... Айтжанов баспасөз мәслихатында боксшы үшін ең үлкен дода ел біріншілігі екенін де айтқан болатын... Ең бастысы жамбылдық өрен топ жарды. Азамат Исақұлов күміс жүлдегер, қола жүлдеге астаналық Азат Махметов пен шығысқазақстандық Мирас Жақыпов қол жеткізді. Бұдан кейін 56 келідегі жұп рингке беттеді. Осы сәтте жамбылдық жанкүйерлер де өз жерлесі Алмас Жақыповқа қызу қолдау білдіріп, қиқулап отырды. Алмастың қарсыласы оңай шағылатын жаңғақ емес. Президент кубогында күміспен күптелген Жанболат Тілегенұлын жеңген Нұрсұлтан Көшеғұловтың шеберлігіне күні бұрын тәнті болғанбыз. Бірақ, біздің Алмас ер екен. Жанкүйерлерінің сенімін ақтады. Гонг үні естіле салысымен қарсыласын тықсыртқан ол әртүрлі комбинациялармен Көшеғұловты тығырыққа тіреді. Екілік, үштік соққылары Нұрсұлтанның бетіне де, бүйір тұсына да дарып жатты. Бір қуантқаны Алмас жеңіп жатырмын деп желпінген жоқ. Үшінші раундтың соңына дейін қарсыласын жұдырықтың астына алды. Өзінің техникасының мықты екенін рингте көрсетті. Осылайша қарсыласын айқын жеңді. Бұл салмақтағы тағы бір үмітіміз Жанболат Қыдырбаев пен алматылық Жанболат Тілегенұлы қола жүлдені иеленді. 60 келі салмақта шымқалалық боксшы Закир Сафиуллиннің бағы жанды. Ол ақтық айқаста қарағандылық өрен Ержан Музафировтан басым болды. Үш раунд бойы бір ырғақта бокстасқан Закир Сафиуллинге төрешілер бір ауыздан жеңісті берді. Бүгінгі таңда нағыз көшбасшысы жоқ 64 келінің лидері болуға «Астана арландарының» капитаны Самат Бәшенов пен шымкенттік Алмасбек Әлібеков таласты. Мерей Ақшалов бокстан кеткеннен кейін халықаралық турнирлерге қатысып жүрген Алмасбектен Самат алтын жүлдені «тартып» алды. Үш раунд бойы бір-бірін аңдысқан қос қарсылас ұрымтал тұстарды аңдыды. Алғашқы екі раундта Алмасбекке қарағанда белсенді қимылдаған Самат өз соққыларын сенімді түрде дарытып, кей кездері қарсыласының шабуылдарынан клинч арқылы сытылып шығып жатты. Саматтың бір апперкоты әдемі шыққанын да айта кету керек. Үшінші кезеңде Бәшеновтен гөрі Әлібеков алдыға қарай жанұшыра қимылдады. Соққылары Саматқа дәл тиді де. Бірақ, Самат та қарап қалған жоқ. Ол да сәті келген тұста Алмасбекті күтіп алып, ойындағысын іске асыра білді. Дегенмен Әлібековтің аздаған басымдығы байқалды. Алайда, алғашқы екі раундта ширақ қимылдаған Самат Бәшенов бұл кездесудің жеңімпазы болып танылды. Әлібековке күміс медаль бұйырса, үздік үштікті жамбылдық боксшы Ғани Жайлауов пен маңғыстаулық Мақсат Жексенбі түйіндеді. Алпыс тоғыз келіде жамбылдық финал. Осы кездесуде «Тараз-Аренадағы» жанкүйерлер екіге бөлінді. Бірі Сағадат Рахманқұловтың есімін айтып, қиқуласа, енді бірі Асланбек Шымбергеновке болысты. Бір өңірдің қос бірдей боксшысы жұдырықтасып жатқан соң «Қай жеңгенің менікі» дегендер де табылды. Екеуі де жамбылдық болғанымен жеңіс үшін аянып қалған жоқ. Жанұшыра қимылдады. Жанкешті әрекеттерін көз көрді. Сағадат арыстанша атылып, сәт сайын шабуыл жасаса, Асланбек асықпай, аптықпай, қарсыласының ашылған сәтін күтті. Сол салқынқандылығы оны жеңіске жетеледі. Артық күшін сарп етпей, керек сәтінде ғана қарсыласына қолын сілтеп отырды. Бір қарағанда тең жағдайда өткен кездесуде Асланбек Шымбергеновтің мерейі асты. Үш төрешінің екеуі оны жеңімпаз деп тапты. Күмісті Сағадат Рахманқұлов қанағат тұтса, үшінші орын маңғыстаулық Мадияр Әшкеев пен шымкенттік Бекзат Халметовке бұйырды. Бұдан кейін рингке 75 келінің серкелері көтерілді. Аталмыш салмақта ақтық сынға алқынбай шыққан астаналық Мейірім Нұрсұлтанов оңтүстікқазақстандық Нұрзат Собировтан еш қиналмастан айласын асырды. Мейірім жеңіс үшін мейірім атаулыдан ада болып, өзінің бар шеберлігін паш етті. Қарсыласына қарағанда тәжірибесінің басым екенін аңғартты. Даңқты боксшы Мерей Ақшаловтың інісі Мейірім «Астана арландары» сапында да жасындай жарқырап өнер көрсеткенін білеміз. Физикалық тұрғыдан денесі мығым жігіт рингте де ширақ қимылдай алатындығын дәлелдеді. Үш раунд бойы Нұрзатқа ешқандай мүмкіндік қалдырмады. Әртүрлі комбинацияларын еркін жүзеге асырды. Собиров екінші орынмен шектелді. Ал, үздік үштікке тағы бір танымал боксшы қызылордалық Рустам Сваев пен алматылық Сапарбай Айдаров орнықты. 81 келі алматылық финал болды. Нұрдәулет Жарманов пен Арман Рысбек жаттығу залындағы достықтарын тоғыз минутқа ұмытып, өздерін шаршы рингте максимальды түрде көрсетті. Алғашқы раундта Жарманов белсенді қимылдағанымен бірнеше соққысының біреуін ғана дарыта алды. Қорғаныста сәтті қимылдай білген Рысбек екінші раунд бастала салысымен басымдылықты түбегейлі өз қолына алды. Оң қолымен қапталдан жасаған соққылары қарсыласына нық тиіп жатқанын көз көрді. Арман Рысбек дәл осы соққысын бір емес, бірнеше мәрте қайталады. Нәтижелі. Нұрдәулет те барын салып, шабуылға шыққанымен, қарсыласының айла-тәсілі жеткілікті екені байқалып тұрды. Осылайша алматылық финалда Арман Рысбектің жұлдызы жарқырап, алтыннан алқа тақты. Екінші орын Нұрдәулет Жармановқа тиесілі. Қола медальді шымкенттік Нұрбол Алтаев пен алматылық Әли Ахметов еншіледі. 91 келіге дейінгі алыптар айқасында шымкенттік Асқар Абдуллаев ақмолалық Алмат Серімовке жол беріп қойды. Бұл кездесуде Алматтың басымдығы анық байқалды. Айқын жеңді ол қарсыласын. Аса ауыр салмақтағы алыптар айқасында алматылық Руслан Мырсатаев пен шымкенттік Нұржан Бекзатов күш сынасты. Бойы аласа болғанына қарамастан, төзімділігімен танылған Руслан Мырсатаев Нұржан Бекзатовтың бойының, қолының ұзын болғанына назар аударған жоқ. Ентелеп алдыға ұмтыла беретін жігіттің еңбегі ақталды. Шыны керек, соңғы кездесу керемет өтті деп айта алмаймыз. Рингтегі төрешінің «тоқта» деген командасынан кейін Руслан Мырсатаев екі мәрте соққы бағыттап жіберсе, Нұржан Бекзатов біресе басын төмен ұстап, біресе қарсыластың соққысынан айналып кетіп, кездесудің мәнін қашырды. Төреші қос боксшыдан да екі мәрте ұпайларын жырып алды. Соңғы раундта Бекзатовтың шаршап қалғанын көз көрді. Әбден демігіп, сілесі қатқан ол жерге отыра кетті, басын төмен ұстап, Русланды құшақтап алуды шығарды. Әдемі бокстан гөрі төбелеске ұқсап кеткен жекпе-жекте Мырсатаевтың басымдығы аңғарылды. Руслан чемпион! Бойшаң бойлы Бекзатов күміс медальді қоржынға салса, жерлесіміз Евгений Егембердиев пен қызылордалық Қамшыбек Қоңқабаев үшінші орынды қанағат тұтты. Марапаттау рәсімінде боксшыларға облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев, AIBA вице-президенті Серік Қонақбаев, Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов, ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов және өзгелер жүлделерді табыстады. Өңірімізде өткен ел біріншілігі боксшыларымыз үшін табысты аяқталды. Үш алтын, бір күміс, бес қола медальді иеленген Жамбыл облысының құрамасы командалық есепте топ жарды. Бұл – үлкен жетістік!
Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Спорт кешені пайдалануға берілді
- 21 қараша, 2024
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді